№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Алпамыс батырды» асқақтатқан күн

«Алпамыс батырды» асқақтатқан күн

  Өркениеттің көшіне ұмтылған елдер тарихын танып, одан өнеге түйіп, тарихи тұлғаларының қайраткерлік ісінен үлгі алады. Яғни, болашағы жарқын ел өткенін өшірмесі анық. Осы бағытта «Игілік ата» қоғамдық бірлестігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Аналарға бас иеміз» атты мәдени-көпшілік шарасын ұйымдастырды. Шара барысында Көккесене басына зиярат етіліп, Гүлбаршын ана ескерткішінің алаңын абаттандыру-көгалдандыруға жалғасып, «Алпамыс батыр. Гүлбаршын ана» спектаклінің тұсауы кесілді.
Аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде жалғасын тапқан салта­натты жиын жас ақындар арасындағы мүшайрасына ұласып, ауыл-ауылдан кел­ген оқушылар Гүлбаршын ана мен қазақ қыздарының даналығы мен сұлу­лығын суреттейтін арнауын оқып, жыр жолдарынан шашу шашты. Үздік деп танылған туынды авторларына «Игілік ата» қоғамдық бірлестігінің атынан ақшалай және бағалы сыйлықтар табыс­талды.
Кеш одан әрі Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, «Алаш» сый­лығының иегері Қасымхан Бегманов, жергілікті ақын, сазгер Аманбай Өтебаев және әнші, сазгер Сауран Елеуовпен кездесумен жалғасты. Кешті тізгіндеген Манап Көкенов шығармашылық өнер мектебінің директоры Уәли Ибрагимов халықпен кездесіп отырған үш бірдей тұлғаның өмірі мен шығармашылығына, еңбек жолы мен жеткен жетістіктеріне тоқталып, көпшілікті олардың шығар­машылық шеберханасымен жақынырақ таныстырды. Кездесу барысында Қасым­хан Бегманов пен Аманбай Өтебаев сиясы кеппеген жаңа туындысын оқыса, Сауран Елеуов әннен шашу шашты.
– Бүгінгі күн, біздің туған жер хал­қымен кездесуіміз орны ерекше, көңіл түкпірінде мәңгі сақталатын, үлкен тарихи маңызды шара. Қазақ қашанда ақыны мен өнер адамдарын сыйлап, құрметтеген дана халық қой. Мына залдағы жиналған көпшілік осыны дә­лелдеп отырғандай. Жалпы, осы ша­раны ұйымдастырушылар мен мәде­ниет қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Жұмыстарыңыз жанданып, еңбектеріңіз еселене берсін, – деді сазгер Сауран Елеуов.
Сондай-ақ, Қасымхан Бегманов пен Аманбай Өтебаев та жиылған көпшілікке ілтипатын білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді. Ал, аудан тұрғындары шығар­машылық иелерін құттықтап, сый-құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты.
Одан әрі өнер ордасына жиылған өнер сүйер қауым «Алпамыс батыр. Гүлбаршын ана» сахналық қойылымын тамашалап, тарих тағылымына терең бойлап, қазақ батырлар жырының өткенімізден сыр шертіп, өшкенімізді жан­дыратын, қазақи болмыстың, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың қасиетін та­нып, бүгінге дейін жалғасқанын көр­сетті. Ұлы дала еліндегі елдік пен ерлік, даналық пен даралықты ұлықтаған қойы­лымнан ата-бабаның ұлы жолы көз алдымызға келді.
Жалпы, «Алпамыс батыр» жырын халыққа қойылым ретінде көрсету идея­сын Уәли Ибрагимов ұсынған. Ал, авторы драмматург-режиссер Дінмұхаммед Әб­жап­паров, қоюшы режиссеры Ролан Бақтыбаев, қоюшы суретші-декораторы Қайрат Әлібеков, музыкалық көркемдік жетекшісі Жасдәурен Сабырханов бол­са, сахнада кейіпкерлерді нақышына келтіріп орындап, көрермен жүрегінен орын алған әртістер қатарында «Бірлік», «Жаңа­қорған Халық» театрының, Арман мәдениет үйі мен М.Көкенов атындағы мәдениет үйінің актерлары бар. Айта кететіні, Балмұхамед Әбжаппаров, Кен­же Әкімбаева, Абай Камалов, Айдарбек Молдабек және №169 орта мектеп оқу­шысы Қасиет Ералы рөлдерін көркем сомдағаны соншалықты сол заман­дағы әлеуметтік және ұлтаралық қай­шы­лықтарды шынайы бейнелеп, адам­дық, адалдық қасиет-қабілеттерін көр­сете білді.

Түйін. Иә, халық әдебиеті мен батырлар жыры телегей теңіз іспеттес мол рухани мұра десек, сол теңіздің бір бөлшегі – эпикалық жырлар екені даусыз. Ал, оның ішіндегі, аса маңыздысы, та­рихтан сыр шертіп, өткенді наси­хаттайтын – «Алпамыс батыр» жыры. Осы жырды көрерменге спектакль етіп ұсын­ған автор жауһар туындының көр­кемдігі мен әдеби нақышына қы­лау­дай залал тигізбей, шыққан тарихын бұзбай, әсер-сезімін асқақтатып, көрер­мен түсінігіне лайықтап, қара сөзбен әсерлі баяндаған. «Алпамыс батыр» жы­рының сахнаға лайықталып, қара сөз­бен көркем безендірілген осы нұсқасы көрермен көңілінен шығып, қиялын қа­нат­тандыратын рухани азық боларына сенім мол...

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
06 қараша 2018 ж. 1 212 0