Өнер қонған балғындар
Ұлттық өнерді ұлықтап, салтдәстүрімізді бүлдіршін бойына егу балабақшадан бастау алуы тиіс. Міне, осы бағытта өткен тағылымды шарада аудан орталығындағы «Рабина» балабақша тәрбиеленушілерінің өнеріне сүйсініп, талабы мен талантына тәнті болып қайттық.
Бұл балабақша қазан айынан бастап балғындарға есігін айқара ашқан екен. Бөбекжайдың есігінен енгеннен ұлттың ұлық мерекесіне орай орналастырылған оюлы шаңырақтың төріне озып, айнала өрнектермен көмкерілген қабырғаларға сүйсіне көз тіктік. Екі топтың да балалары қазақтың оюлы киімін киіп, қазақша би билеп, үлкен топтың тәрбиеленушілері әндерін шырқап көңілдерді шат етті. Бізге таңсық болмағанымен, ата-ана үшін перзентінің әр қадамы үлкен жеңіс, үлкен жетістік қой.
– Ата-ана үшін баланың әрбір басқан қадамын көруден асқан бақыт бар ма? Перзенттеріміздің таудай талабынан төгілген өнерін шыңдай түсуде балабақша тәрбиешілерінің еңбегі зор. Ұстаздық салада жүрген жандарға мың алғыс. Бүгінгі шара жоғары дейгейде өтуде, ұл-қыздарымыздың өнерін көріп, сүйсініп, қуанып отырмыз. Менің немерем осы балабақшада. Осында алған тәліміне көңіліміз толады, – дейді Сара апа.
Шарада өнер көрсеткен ең кішкентай топтағы бүлдіршіндердің биі мен әні де жұртты сүйсіндірді. Бізге ерекше ұнағаны «Ботақан» тобының өнері мен тәрбиешісі Арайлым Үртекованың балалармен жұмыс стилі еді. Бұл үлкен топтағы балалар биімен де, әнімен де, ұлттық өнерді дәріптеген жыр тақпақтарымен де көңіл сүйсіндірді. Осындай шараның өтуіне мұрындық болған тәрбиешілер ұжымының еңбегі ерен. Балабақша әдіскері Нүргүл Бадирова осы бағытта тәрбиешілерге нақты бағыт-бағдар бергенін айтуға тиіспіз.
– Ұлыс күнін тойлау дәстүрге айналған мейрам, жыл сайын көктемнің шуақты мерекесін асыға күтеміз. Ондағы мақсат өскелең ұрпақ қазақы болмысты, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірсе дейміз – дейді балабақша құрылтайшысы Ләйла Жүнісова.
Мерекелік кештің соңына қарай қазақтың ұлттық дәстүрлері дәріптелді. Балабақша құрылтайшысы «Тұсау кесер» салтын жасап, бүлдіршіннің тұсауын кесті. Қазақ өзі ырымшыл халықпыз ғой, бала өмірге келген сәттен бастап барлық жоралғыны жасап, дәстүрді дәріптеп отырамыз.
Шара барысында бүлдіршіндер «Қыз қуу» ойынын қыздырса, ата-аналар қол күресінен сайысқа түсті. Шара қорытындысы бойынша озып шыққан балғындарға сый-сыяпат үлестірілді.
Міне, «Рабина» балабақшасында өткен шарадан осындай тағылым түйіп қайттық.
Әсел ИБРАГИМОВА