Атасының балалары биіктен көрінеді
Бес жастағы Сырым мен Нұрсыйла Байкенже ауылында тұрады. Дарынды балғындар елді мекендегі «Ерке-Наз» балабақшасында тәлім алады. Өз өнерлерімен көпті тәнті етіп жүрген қос тәрбиеленушіні назарға алып, олардың зеректігін зерделеп, сөзге тартып көрдік.
Жалпы Байкенже ауылы көпшілікке волейболшыларымен жақсы таныс. Расында еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін волейболдың шынайы жанкүйерлері. Біз ауылда өтетін жарыстарда осыны үнемі байқаймыз. Жерлестерінен жігер алып, үнемі тұғыр биігінен көрінетін олар аудан, аймақ абыройын асқақтатып жүр. Осындай чемпиондар шыққан ауылдан дарынды балалар шықпауы мүмкін емес. Нұрсыйла есімінің өзі ерекше. Атасының кызы болғандықтан нұр төксін, шаңыраққа шуақ болып келсін деп ырымдап қойыпты.
Балабақшадағы өтетін шараларға қатысып, аудандық байқауларда да бақ сынап жүр. «Күз ханшайымы» байқауында жеңімпаз атанған атасының қызы өте зерек дейді тәрбиешілері.
– Нұрсыйла да, Сырым да бөбекжайдың бетке ұстар мақтаныштары. Екеуі де өнерлі, Нұрсыйла ән айтып, би билеуден бөлек, өте алғыр. Айтқан сөзді бірден қағып алады, қағылез деуге болады. Сондықтан оны әрбір мерекеде өтетін шараларға қатыстыруға тырысамыз. Ал Сырым сурет өнерін жақсы меңгеріп келеді, – деді балабақша әдіскері Меруерт Байдүйсенова.
Сырым аудан, облыстық сурет байқауларында жүлдемен қуантып келеді. Мәселен, былтыр онлайн түрде өткен байқауда оның талантына тәнті болған қазылар жоғары бағасын берген. Руслан мен Ағиланың отбасындағы тұңғышы Сырымның тәртібі мен зеректігіне тәрбиешілер дән риза.
– Ата-әжесінің баласы болса да, ұлымыз үйдің үлкені екенін сезініп, салмақты болуға тырысады. Балабақшадағы өнерімен апайларын қуантып жүргені үлкен мәртебе біз үшін. Суретке деген құштарлығы балабақшаға барғалы басталды. Қазір қолы қалт етсе, қалам алып сурет салуға кіріседі. Уақыт көрсетер кім болатынын, егер бойына Құдай берген ерекшелік қалыптасса, онда суретші болуы да ғажап емес. Ең бастысы елдің баласы болса болды, – деді анасы.
Иә, қазақ дана ұлт. Әсіресе тәрбие мәселесінде ата дәстүрді дәріптеп, ұлына ұят пен намысты үйретіп, қызын қылықты да, ақылды етіп өсірген халық емеспіз бе? Осы себепті бөбекжайдағы дарынымен дараланып тұратын қос балғынды жазуға бел байладық.
Сандуғаш Аманқосқызы басқаратын «Ерке-Наз» бөбекжайы 2014 жылдан бері қызмет етеді. 50 орындық балабақшада балғындар екі топқа бөлінген. Типтік жобада бой көтерген мекемеде 22 қызметкер жұмыс жасайды. Жыл сайын балабақша 15-тен астам баланы мектепке қанат қақтырады. Мәселен, 2019-2020 жылы 19 тәрбиеленуші білім ордасына қадам басыпты. Сырым мен Нұрсыйла да балабақшамен қоштасуға дайындалып жүр. Олар балабақшаға келгенде енді ғана былдырлап тілі шыққан бөбек еді. Ортасына тез сіңісіп, топтың белсендісіне айналған олардан ұстаздары үлкен үміт күтеді.
Қазақ «болар бала бесігінде бұлқынар», «болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме? Қазақтың осындай даналық ойларынан дарынды балалардың тұлғалық болмысы мен ерекше қабілеттерін аңғару қиын емес. Өйткені қазіргі заманда интеллектуалды және жеке даму мәселесі күн санап маңызды болуда. Себебі, біз сандық, жедел дәуірде өмір сүрудеміз. Әлем қарқынды түрде дамып жатыр. Бұл тұрғыда қоғам жаңа форматта ой өрбіте алатын, дамыған сыни көзқарасы бар адамдарға қажетілікті тудыруда. Бұл бағытта қатарласынан оқ бойы озық көрініп, елді тәнті еткен бүлдіршіндер көп назарын өзіне қаратып жүр. Біз бүгін сондай таланты бойында қалыптасып келе жатқан балаларды назарға ілдік.
Әли ТЕМІРБЕК