№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шуақты күндегі мереке

Шуақты күндегі мереке



Әз-Наурыз, Ұлыстың ұлы күнін бүгінде балалар да асыға күтеді. Бұл күні ұлттық өнерді ұлықтап, салт-дәстүр мен ұлттық спортты дәріптеуге дағдыланған. Әсіресе, балабақша тәрбиеленушілерінің өнеріне сүйсініп, талабы мен талантына тәнті боласың. Бұл жолы «Альбина» балабақшасының наурыз тойына арнайылап барып, кішкентай болса да рухани көңіл-күй сыйлаған балғындар өнерінің куәсі болдық.
Бөбекжайға кіре берістен қазақы­лықтың көрінісін көрсетіп, шаңырақ тігіп, ою-өрнектермен өрнектелген тө­сеніштер төсеп, алаңды әрлеп, әдемілеп бейнелеген. Үш топтың да балалары қазақтың оюлы киімінде жүр, бірі би билеуге дайындығын пысықтаса, үлкен топтың тәрбиеленушілері әндерін жаттап, ақындар сөздерін қайталап қызу дайындық үстінде. Бізге таңсық болмағанымен, ата-ана үшін перзентінің әр қадамы үлкен қуанышты сәт.
– Ата-ана үшін баланың әрбір басқан қадамын, болашаққа адымдаған баспалдағын көруден асқан бақыт бар ма? Перзенттеріміздің бала пейілінен, таудай талабынан төгілген өнерін шың­дай түсетін, білім нәрімен сусындатқан балабақша тәрбиешілерінің еңбегі зор. Ұстаздық салада жүрген жандарға мың алғыс. Бүгінгі шара жоғары дейгейде өтуде, ұл-қыздарымыздың өнерін көріп, сүйсініп, қуанып отырмыз. Менің немерем биыл балабақшамен қоштасып, мектепке адымдайды. Осында алған тәліміне көңіліміз толады, – дейді Анар апай.
Сонымен көп күттірмей мерекелік шара басталды, кеш шымылдығы музыка жетекшісі Мөлдір Орынбасарованың «Адай шәйі» әнімен ашылды. Әрі қарай ұжымдағы апайлардың «Қамажай» биімен жалғасты. Ең кішкентай «Құ­лыншақ» тобындағы бүлдіршіндердің биі мен әні жұртты сүйсіндірді. «Балақай» тобының да балалары әннен шашу шашты. «Дарын» тобының «Қыздар» биі де керемет орындалды. Бізге ерекше ұнағаны «Айгөлек» мектеп алды даярлық тобының тәрбиеленушілері, үлкен топтағы балалар бимен де, әнмен де, тіпті айтысып, ұлттық өнерді дәріптеумен қызықтырды. Осындай шараның өтуіне атсалысып жүрген ұжымның еңбегі көрініп тұр, дегенмен балабақша әдіскері, әрі тәрбиеші Камшат Бодықованың еңбегі ерек. Қызметіне қырағы тәрбиешінің ұйытқы болуымен өткен шара да кең көлемде өтті.

– Ұлыс күнін тойлау дәстүрге айналған мейрам, жыл сайын көктемнің шуақты мерекесін асыға күтеміз. Ондағы мақсат өскелең ұрпақты қазақы болмыста, ұлттық құндылықтарымызды білуге, бойына сіңіруге жұмыс жасаймыз. Тек бізде ғана емес, жалпы білім беретін ұйымдарда бұл күн ерекше аталып өтеді, – деді балабақша әдіскері.
Иә, бұл мейрамды аудандағы барлық мектеп жасына дейінгі ұйымдар жоғары дәрежеде атап өтті. Шыны керек, біздің аудан Сыр еліндегі балабақшамен 100 пайыз қамтылған өлке. Сондықтан бәсеке ортасы қалыптасып, тәлім беретін орталықтардың өскіндерге берері мол.
Мерекелік кеш ән мен биден соң бала ақындардың айтысымен жалғасты. Соңына қарай қазақтың дәстүрлері дәріптелді. «Тұсау кесер» салтын жасап, ырымдап бүлдіршіннің тұсауын кесті. Қазақ өзі ырымшыл халықпыз ғой, бала өмірге келген сәттен бастап барлық жоралғыны жасап, дәстүрді дәріптеп отырады. Міне, бұл салт балабақшадан да көрініс тауып келеді.
Тағы бөлек айта кететіні, балабақша меңгерушісі Ардақ Еділбаева мен құ­рылтайшысы Динара Даутбекованың тек бұл шарада емес, жалпы балабақша ісінде сіңірген еңбегі бір төбе. Сондай-ақ, тәрбиешілері қатарында Әйгерім Уайділлаева, Анар Мырзатаева, Әсел Төлегенова мен Айнұр Абдрасилова бар. Әр тәрбиешінің жетегінде жүрген жеткіншектердің өнерінен өрісі кең өрендер шығатынына сендік.
Міне, «Альбина» балабақшасында өткен шарадан осындай тағылым түйіп, сыңғырлаған балалар күлкісіне бір марқайып қайттық.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
10 сәуір 2022 ж. 364 0