Әрбір бала – бір жұлдыз
«Еркетай орталық» балабақша балғындарының «Әрбір бала – бір жұлдыз, жарқырауға жәрдем ет» атты мерекелік ертеңгілігі «Арман» кенттік мәдениет үйінде өрбіді.
Кеш шымылдығын ашқан балабақша меңгерушісі Гүлмира Тұрарқызы мерекемен құттықтап, балаларға сәттілік тіледі.
Көңілді кеш «Бәйтерек» тобы өнерпаздарының прологымен бастау алды. Одан әрі «Гүлдер», «Күншуақ» тобының балғындары өз өнерлерін ортаға салды. Балалар екі тілде ән шырқап, өзге елдің биін мың бұрала билеп көрермендерді тәнті етті. «Бала тілі – бал» демекші, бөбектер аналарына арнаған жүрекжарды лебізін тақпақтарымен жеткізіп, бейнероликтер арқылы тосын сый жасады.
Айару Әділжан мен анасы аналардың құрметіне «Ана» туралы әнін тарту етті.
Балабақшадағы білім негізінің басты мақсаты балғындар бойына үштілділікті қалыптастыру. Балалардың ағылшын және орыс тілдеріндегі көріністері мен хормен орындалған әндері осының дәлелі болды.
Кеш барысында балғындар әжелері мен аналарына өздері жасаған қолөнер бұйымдарын сыйлады.
Майра ӘБДУӘЛІ