№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » "Мен қазақтың ұлымын"

"Мен қазақтың ұлымын"

Пешенеге жазылған тағдыр адамзат баласына әу бастан-ақ әрқилы сый тартары белгілі. Дегенмен, қамшының сабындай өмірді мәнді өткізу әркімге мұрат. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де маңдайына жазылған тағдыр қиындығына мойымай, өмірге деген құштарлығын әуезді әнмен әрлеп келе жатқан жан. Тағдыр тәлкегіне сынбай, мүмкіндігі шектеулі бола тұра өнердің өрлеуіне үлесін қосып жүрген Рамазанның қайсарлығына шығармашылық ән кешінде көз жеткіздік.


 Жаратылысы ерекше жандарға бөгетсіз болашақ қалыптастыру күн тәртібінен түспейтін мәселе. Міне осы тұрғыда Кейден ауылдық мәдениет үйінің директоры Балмұқаммед Әбжапаров пен ауыл әкімі Сырлыбек Кенжебаев ұйытқы болуымен өткен Рамазанның ән кеші ауыл тұрғындарына тамаша көңілкүй сыйлады. Оған өнерлі жастың «Мен қазақтың ұлымын» атты шығармашылық ән кешінде куә болдық. Рамазан Нұржанұлының Тәуелсіздік күніне тарту еткен шығармашылық кешіне ауылдың үлкен-кішісі түгел жиналды. Сонымен қатар бұл кеште құрметті қонақтар қатарында Рамазанның өнердегі ағалары Айжарқын Найманбай, Жасдәурен Сабырханов, Мұхтар Нұржігітов және Айдарбек Молдабековтер де болды. Кеш иесіне қолдау білдіруге келген жігіттер әнші жігіттің өршіл қасиетіне сүйсініп, сахнада қаймықпай өздерімен тең дәрежеде әннен шашу шашқанына таңқалысты. Ал жасөспірімді рухани қолдап, талабын шыңдап, сахна мәдениетін меңгеруге қолқанат болған Балмұхаммед Әбжапаровтың жанашырлығы тіптен бөлек. Жыл сайын өтетін игілікті шараға айналған Рамазанның ән кешін ауылдықтар асыға күтеді. Өйткені репертуарын жаңартып, соңғы жаңаша бағыттағы әндерді де нақышына келтіре орындайтын өреннің өміріне тілекшілердің қатары көп.

– Ерекше жанмен сахнада жұмыс істеу үшін үлкен қажыр мен еңбек керек. Сол жауапкершілікті сезінетін, еңбектенуден жалықпайтын рухы мықты, сезімі сергек нағыз таланттың өнерін сахнадан тамашалауды ұсынып отырған Балмұқаммед ініме алғыс білдіремін. Ал Рамазанның өмірге құлшынысы, өнерге ұмтылысы қатарластарына үлгі. Өйткені тағдыр тауқыметіне сынбай, өмір үшін күресіп, жолында кездескен барлық қиындықты жеңіп шығып, көрерменіне тамаша кеш тарту ету екінің бірінің қолынан келмейді, – деген ауыл басшылығы Рамазанның ата-әжесіне, әке-шешесіне алғысын жаудырып, сый-құрметін көрсетті.

Расында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп, әлеуметтік тұрмысқа баулуда, ата-ана мейірімімен қатар, қоғам тарапынан қамқорлық та қажет. Осы айтылған қасиеттерді сезініп өскен Рамазанның өнер жолына сәттілік тілей келгендер қатарында ағайын-туыстары, ұстаздары мен сыныптастары табылып, өнер жолына сәттілік тіледі. Ал қазақ өнерінің дамуына үлес қосқысы келетінін әуезді әндерімен жеткізіп, көрерменін бір серпілткен Рамазан кештің шырайын сахнадағы түрлі образдарымен кіргізді. Тағдырдан қанша теперіш көрсе де бойындағы таланты арқылы қатарластарының алды екенін дәлелдеді.

Шығармашылық кештен кейін Рамазанның әжесі Күлайша мен нағашы әжесі Роза сахна төріне көтеріліп:
– Рамазанның тырнақалды шығармашылық кешін өткізуге атсалысқан барша азаматтарға алғыс білдіреміз. Немереміздің жабырқау жанына дем берген бүгінгі кештің жөні бөлек. Әсіресе баламыздың түрлі деңгейдегі байқауларға қатысуына жол ашқан өнердегі жанашыр ағасы Балмұхаммед Әбжаппаровқа мың алғыс, – деп алғаусыз алғыстарын жеткізді.

Кеш иесі Рамазан: «Бұл жолы өз басым өмірде барлығы мүмкін екеніне тағы да бір мәрте көз жеткізгендей күй кештім. Осы мүмкіндікті сыйлаған барша игі жандарға айтар алғысымыз шексіз. Бұл ізденісімнің басы ғана. Алда әлі талай жарқын жобаммен көрермендерімді таңғалдыратын боламын» деді қуанышын жасыра алмаған жігіт.

P.S: Мүмкіндігі шектеулі, дарынды баланың талантын айқындап, алдағы уақытта оны дамытуды мақсат еткен кеш ұйымдастырушылары мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табарына сендірді.

Лаура БИБАСАРОВА
26 желтоқсан 2022 ж. 331 0