№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ» ЖЕТКЕН ЖЫЛУ

«ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ» ЖЕТКЕН ЖЫЛУ


Салтанатты шараға мүмкіндігі шектеулі жандар және ауыл тұрғындары жиналды. Қайсарлығы мен батылдығы қамкөңіл жанның талабын оятып, мерейлі мерекенің шымылдығын түруге себеп болды. Ауылдастарына әсерлі кеш сыйлау үшін, өзінің жүректен шыққан өлең жолдарын жолдаған Ерсін Айназ, Сандуған Бекайдар, Мырзалы Эльдар, Әшім Мадина секілді жас таланттардың өнері көпшіліктің көңілін тербетті.
Арнаулы әлеуметтік көмекті қажет ететін 11 бүлдіршінге ауыл өнерпаздары да тамаша тарту жасады. Ауыл жастарының басын біріктірген шарада «Айкөркем» би тобы қазақ, өзбек биін, Жанель Абдірахманқызы «Ана, әке» әнін, Гүлдана Сауранбек «Тек алға», Данель Әбдірахман «Жаяу», «Қазақ қызға үйленем» әнін орындап, жүрекке нұр сыйлады. Әуенді кештің аясында сан түрлі тағдыр тауқыметін тартып, жан жарасына дауа тілеп, көңілге медет сұраған жандарға жүректің мұңын тарқатып, мұзын ерітер әсерлі әндер мен мәнді де мағыналы тілектер тізбектеліп, жылы лебіздің дариясы ағытылды. Жүрегі мейірім, махаббат, шаттыққа толы жандар сөзбен ғана емес, ісімен де жомарттық танытып жатты. Ағайынның аялы алақанын сезінген ауыл тұрғыны Оспанова Қатира:
– Немере десе, ата-әженің шығарға жаны қалмайды емес пе? Мен де немеремнің басына түскен ауыртпалыққа көндігіп, Жаратушы Аллаға мінәжат етіп отырған жанмын. Осындай тамаша кешке бізді қатыстырып, көңілімізді көтеріп отырған ауыл әкімі Ибрагимов Сұлтанға, әлеуметтік қызметкер Гүлбану Ахметова мен Амангүл Әжібаеваға, барша кәсіпкерлер мен шаруақожалық төрағаларына алғысым шексіз. Бүгінгі жасап отырған қайырымды істеріңіз Алладан қайтсын! – деді.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың құрметіне арналған кешке алыстан ат терлете жеткен қонақтар да аз болмады. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімінің қызметкерлері де қатысып, тамаша тілектерін жеткізді. Әлеуметтік қызметкер Гүлбану Ахметова: «Жаңарық ауылында 79 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 11 әлеуметтік қызметті қажет етеді. Мереке сайын оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін ұдайы шара ұйымдастырып келеміз. Олардың шығармашылық дамуын жолға қойып, ән мен би үйренуіне жол аштық» – деді.
Кеш соңында ауыл әкімі Сұлтан Ибрагимов пен ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәжит Тәшимов тамаша тілектерін жолдап, сый-сияпаттар жасады. «Жүректен жүрекке» жеткен әсерлі кештің куәсі болып, бақытты балақайлардың бала көңілін көтергеніне куә болып қайттық.
Бәрінен бұрын, ерекше кештің Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасы мақаласында көтерілген міндеттермен астасып жатқаны қуантты. Яғни, жомарт жүректі азаматтардың қайырымдылығы жүректен жүрекке жылу жеткізді.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
06 қаңтар 2018 ж. 1 782 0