Би падишасы
Халық фольклорының көне түрінің бірі – қазақтың би өнері. Оның түп-тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алады. Оған қазақтың өткен тарихынан сыр шертетін тастағы суреттер мен ғалымдардың этнографиялық жазбалары дәлел. Осы тұста, биыл туғанына 110 жыл толған Шара Жиенқұлова негізін салған би өнерінің тарихына да арнайы тоқталған жөн.
Қазақ биінің іргетасын қалап, рухани қазынаның қалыптасуына үлес қосып, ел мәдениетінің дамуына аянбай тер төккен саңлақтардың елеулі есімдері қашан да тарих қойнауында жаңғырып тұратыны анық. Тарихқа көз жүгіртсек, ұлттық өнердің өркендеуіне үлес қосқан өткен ғасырдың отызыншы жылдары елдің білікті де өнерлі азаматтары бас біріктіріп, өмір сахнасында тәрбиеленіп, сахна саңлақтарының қатарына қосылды. Одан әрі өздерінің түйгенін келер ұрпаққа насихаттап, өскелең жастарды тәрбиеледі. Мәселен, Күлаш Байсейітованы қазақ халқының бұлбұлы десек, Шара Баймолдақызы би өнерінің жарық жұлдызы.
Он алты жасында «Биші қыз» атағын иеленген Шара Жиенқұлова1912 жылы 18 тамызында Алматы қаласы, Жетісу өңіріне әйгілі молда Баймолданың отбасында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Гүлшара. Қазақ Педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдаған өнер иесі өнер жолын Қазақ драма театрында жолдасы Құрманбек Жандарбековпен бірге бастаған. Алты жасынан Алатаудың бөктерінде би билеп, көптің ықыласын бөленген биші қыз осы өнеріне өмірін арнап, сол жолда талмай еңбектенді. Өнерге деген сүйіспеншілігі мен қажымас қайратының арқасында 1936 жылы Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, 1938 жылы қазақ КСР халық әртісі, 1968 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, екі мәрте Еңбек Қызыл ТУ, «Құрмет белгісі» орденімен және бірқатар төсбелгілермен марапатталған.
Қазақ биінің әр қимылында, иірімінде өмір бар екенін, оның түп-тамырында үлкен тарих, әдет-ғұрып жатқанын көрсете білген өнерпаз «Қазақ биі», «Сымбат», «Өмірім менің өнерім», «Би құпиясы» кітабын жазған. Ол ұлттық би өнерін ғылыми тұрғыда терең зерттеп, халық билеріне жаңа дем берді. Белгілі бір биді сахналар алдында оның астарына терең үңіліп, ауылдарды аралап, ою ойу, ұршық иіру, текемет басу, жүнді сабау сынды дүниелермен танысып, ұлттық салт-дәстүрмен егжейтегжейлі танысты. Өзінің мамандығы тарихшы болғандықтан болар әр дәстүрдің тарихына терең бойлап, би өнерінде үлкен із қалдырды. Пьесаларда рөл сомдап, кино саласында да өзіндік орнын тауып, операда бой көрсеткен қазақ қызы қазақтың тұңғыш балеті «Қалқаман-Мамыр» қойылымында басты кейіпкер Мамырдың рөлін сомдаған. Өзінің талапшылдығы мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде түрлі беделді қызметтер атқарған би падишасы 1962- 1966 жылдары Қазақ ән-би ансамблінің басшысы, 1966-1975 жылдары Алматы хореография училищесінің директоры қызметінде болды.
Иә, жүзден жүйрік атанған, хас өнердің шыңына шыққан бүгінгі кейіпкеріміз мағыналы ғұмырын жақсылыққа арнап, көп үйренуді мақсат тұтқан. Ол «Қазақта би болған ба?» деген сауалға ұзақ ізденгенін жазбалардан оқып жүрміз. Өзіне қойылған осы сұраққа былай деп жауап берген екен: «Маған көп адамдар «қазақ халқында би болған ба?», – деп сұрақ қояды. Қазақ халқының үлкен қазынасы күйдің ырғағы, бидің қимылы және әр күйдің өзінің мағынасы бар. Сол мағынаны бидің ырғағына келтіріп қимыл жасасақ, би боп шығады. Халықтық қолөнер - кесте, кілем түрлері, оюлар, осының бәрі бидің қимылдары. Мені халқым бірінші биші деп атайды, сол атақпен қоса маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан мен халықтан жинап жүріп неше түрлі ұлттық ойындардың негізінде бидің ырғағын ойлап тауып, солардың бәрін би етіп шығардым. 1936 жылы Қазақстанның Мәскеуде өткен онкүндігінде халық билеріміз заңды өзінің орнын тапты. Содан бері би өнері қаулап өсіп келеді».
Жалпы, Шара Жиенқұлованың кәсіби бишілікке келуі 1928 жылыдан бастау алады. Оған Қазақ драма театрының Қызылордадан Алматыға көшіп келуі себеп болған. Осыдан бастап түрлі ұлт өкілінің басын қосатын сауық кештерінде Шара апамыз би билеп, өнері көпшіліктің көзайымына айналады. Өзінің өнер айдынына келген алғашқы жылдары жайында Шара Жиенқұлова Қазақ радиосында айтқан әңгімесінде былай деп еске алады: «ҚазПИ-де оқып жүрген кезім. Театр Қызылордадан көшіп келді. Содан кейін театрға байқау басталды. Күләш (Күлаш Байсейітова) марқұм бар, екеуміз келдік. Драма театрының әртісі болдық. Ол екеуміз «Сүңгуір қайық» дейтін пьесада көмір таситын титтей баланың рөлінде ойнадық. Ала майканы киіп алып, көмір тасып, бетімізді қараға бояп аламыз да, сахнаға бір жүгіріп шығамыз. Сол рольді екеуміз таласып ойнайтынбыз. Кім бірінші келсе, сол ала майкіні киетін. Бетіне күйе жағатын. Сол ойнап шығатын. Ол кезде сағат та жоқ. «Халық жиналды ма, жиналды, ал бастаймыз» деп бастайтынбыз. Мен Күләштан бұрын ерте келіп отырам. Бетіме күйе жағып, ала майкіні киіп алып, бар ынтамыз сахнаға бір жүгіріп шығу».
Тамылжыған биімен көрермен көңілінен шыққан қазақтың биші қызының осыдан кейін драма театр сахнасындағы тынымсыз тіршілігі басталып, Бейімбет Майлинның «Майдан», Мұхтар Әуезовтың «Түнгі сарын», Николай Погодинның «Нан» спектаклінде көрнекті рөлдерді ойнады.Өнерпаздың ең үлкен еңбегі ол алғаш рет 1965 жылы «Қазақ биін» дербес пән ретінде оқу бағдарламасына енгізген.
Біз тақырыпқа арқауқылып отырған бүгінгі кейіпкеріміз жайлы жазушы Ғабит Мүсірепов былай деп баға берген: «Жан тебіренте¸терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын сезіледі. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас қолтаңбасы мейлінше жарқырап көрінді. Бұл дарын иесінің туған халқына қызмет етуінің тамаша үлгісі».
Түйін. Иә, ерте заманнан қалыптасқан би өнері қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан мәдени мұрасы. Қазақтың ұлттық билерінде өзінің эстетикалық болмысына сай қазақ жұртының жалпы дүниетанымын, арман-мұраттарын бейнелейтін қимылдар жүйесі қалыптасқан. Қазақ халқы ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазынасымен ұштастыра отырып, ғасырлар бойы дамытқан. Бүгінде би өнері халықтың тыныс-тіршілігін, дүниетанымын айшықтайтын өнер түрі ретінде өркендеп, дамуда.
Айсұлу АЛДАНАЗАР