№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әдемі әзіл ашар көңіл ажарын

Әдемі әзіл ашар көңіл ажарын


Өткен аптада Арал қаласынан сүйіншімен оралған Жаңақорған аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінің ұжымы ақжолтай жаңалығымен бөлісті. «Тамашаның тарланы» атанған қоғам қайраткері, Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевтың 75 жылдығына орай өткен республикалық байқаудан жеңіспен оралған өнерпаздар бүгінгі күннің өзекті мәселесін қағытпа әзілмен қозғап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.


Ұлттың өнері мен мәдениетіне талай-талай қабырғалы қайраткер қосқан біздің өңір қашанда таланттан кенде болмаған. Өнердің қай саласында да Сыр саңлақтары жарқырай көрініп, көрерменнің шынайы құрметіне бө­ленді. Соның бірі ақ жол толқынды Арал жағасында туылған дарын иесі Құдайберген Сұлтанбаев. «Тамаша» ойын-сауық отауының белді мүшесіне айналған оның театр сахнасында сомдаған әрбір рөлдері мен сатира жанрында жарқырап көрінген қой­ылымдары әлі күнге дейін ел есінде.
Міне, осы мақсатта туған жері туған ұлын ұлықтау үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен Құдайберген Сұлтанбаевтың ізбасарларын жинады. Өзгеше дарын иесінің есімін жаңғыртуды көздеген бұл байқауға 12 ұжым қатысты. Соның ішінде жаңақорғандық өнер ұжымы да сахна төрінен көрініп, аудан мерейін асқақтатты. Атап өтер болсақ, Маңғыстау облысынан «Бостан», Батыс Қазақстан облысынан «Жалпақтал», Жамбыл облысынан «Меркі», Ақтөбе облысынан «Екі Езу», Қызылорда қаласы атынан «Мереке думан», ал Жаңақорған ауданынан «Жаңаша» және «Күлеміз бе, қайтеміз?» ұжымы қатысса, Арал ауданынан «Алдаспан», Қазалы ауданынан «Қазалы қалжыңы» мен Жалағаш ауданынан «Әзілизация», Шиеліден «Қытық» ұжымы өз өнерлерін қалың көрерменге паш етті. Сонымен «Шын күлкі ардан биік, шын бір өнер» атты республикалық әзіл-сықақ өнер ұжымдары байқауында Балмұқам­мед Абжаппаров басқаратын «Күлеміз бе, қайтеміз?» әзіл-ысқақ отауы мен Тоқтар Әжімұратов жетекшілік ететін «Жаңаша» халықтық әзіл-ысқақ отауы бақ сынап, аудан мәдениетін танытты. Жас өнерпаз Тоқтар басқаратын әзіл-сықақ отауы Айдарбек Молдабектің «Кастинг», ал өз қалжыңымен орта­сын қыран-топан қалжыңға бөлейтін Балмұқаммед басқаратын өнерпаздар «Әйелдер-ай» қойылымын сахналады. Осы жерде екі көріністе де режиссерлық еткен Балмұқаммед Абжаппаров екенін айта кетейік.

Шара аясында өнер ұжымдары танымал және жергілікті сықақшылардың бұрын-соңды орындалмаған шығармаларынан немесе өз қалауында қазіргі таңдағы өзекті проблемалар туралы скечтерді қойып, интермедияларды сахналады. Мерекелік кештің қадірлі қонағы Құдайберген ағамыздың балалық шақтан бірге өскен досы, елдің сыйлы ағасы Бауыржан Жылқыайдаров қатысушыларға сәттілік тілеп, өзінің жылы лебізін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.
Сонымен байқау қорытындысы бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, өнерімен тамсандырған Батыс Қазақстан облысынан келген «Жалпақтал» ұжымы «Үздік» деп танылды. Ал І орынды Ақтөбе облысы иеленсе, ІІ орынды Арал ауданы қанжығасына байлады. Үздік үштікті Жаңақорған ауданы мен Қызылорда қаласы қорытындылап, Тохтар Әжі­мұратов басқаратын «Жаңаша» алғыс хатпен марапатталды. Басқа да қатысушы өнер ұжымдарына арнайы «Алғыс хат» табысталып, бағалы сыйлықтар ұсынылды.

– Қазақ қашанда өнердің бәсін биік, беделін басқалардан жоғары қойып, астармен ой жеткізген халық. Осы ретте шын өнерді түсініп, бағалай білетін аудандық мәдениет үйі ұжымының орны қашанда бөлек. Астарлы әзіл, қағытпа қалжыңдарымен дүйім жұрттың жүзіне күлкі үйіртіп, мәртебелі өнердің туын биік ұстап жүрген ұжым мүшелері алдыңғы үштіктен көрінді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, – деді аудандық мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаева.

Аузы дуалы, тумысынан әзілкеш, әзіл-қалжыңды қанжығасына байлап өскен қалжың сүйер қалың көпшілік осы күні әзіл-сықақ отауларының өткір де өтімді, салмақты да салиқалы, шалымды да шат-шадыман туындыларына риза болып тарқасты.

Лаура БИБАСАРОВА
04 мамыр 2022 ж. 635 0