№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұстазым – көрерменім!

Ұстазым – көрерменім!


Тәуелсіздік таңымен бірге туғандар осы күні 30 жасқа келіп, елдік жолда қызмет етуде. Әрине, әрқайсысы әр салада. Ал біздің кейіпкеріміз өнердің көкжиегін кеңейтіп жүрген жан. Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің белді қызметкері, «Жаңаша» әзіл-сықақ отауының жетекшісі Тохтар Әжімұратов елдің рухани дамуына өз үлесін қосып жүрген өнерлі жас.


Басты кейіпкеріміз №169 мектепті үздік бітіріп, Қаскелең мәдениет колледжіне домбырашы мамандығына оқуға түседі. 2012 жылы білімін жетілдіру мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына білімін шыңдайды. Өнер ордасын театр және киноактер мамандығы бойынша тәмамдайды.
Осылайша алғашқы еңбек жолын Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында бастайды. Өнер мектебінің негізгі мақсаты – төл өнер мен мәдениетті дамыту. Бұл жолда өнер адамдарының еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы шешуші рөл атқарады. Біздің Тохтар осы қырынан танылып, өзі сомдаған тұлғаның болмыс-бітімін ашуға ерекше мән береді. Иә, актерлік қасиетін, қабілет-шеберлігін жетілдіре жүріп, ойын баласынан данагөйдің рөліне дейін сомдап, Сыр жұртына танылады. Сахнаның киесі мен қасиеті сол – сахнаға бір рет шығып, көрерменнің ыстық ықыласын алғаннан кейін, одан артық баға мен асқан байлық тың жоқ екенін түсінесіз. Тохтар да осындай рухани серпілісті сезінеді. Бірақ туған жердің топырағы бәрінен ыстық екенін және естен шығармайды. Бар арманы Жаңақорған топырағанда өнерін жалғастыруға бел буып, нәтижесінде аудандық мәдениет үйіне жұмысқа келеді.
– Шүкір, өнер жолында ұстаздарға кеңде болмадым. Өнерге қадам басуыма Талап Тотаев ағамның ықпалы көп. Ал, университет қабырғасында Оразхан Кенебаев, Мұрат Ахмановты үлгі тұтып, тәлім-тағылымын бойыма сіңірдім. Драма театр қабырғасында Хұсейін Әмір-темір ағамның берген бағыт-бағдары өнерімді шыңдауға көп септігі тиді. Ең басты ұстазым – өзімнің көрермендерім. Мұны да жадымнан шығарған емеспін, – дейді өнерпаз.
«Құрдастарыммен бірге жетіліп келеміз» деген ізденімпаз азамат Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ауыл-ауылды аралап, концерт беруді қолға алыпты. «Талдысу» лагері мен «Жаңақорған Шипажайы» ЖШС-де және мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленетін «Арнайы балабақшасына» барған «Жаңаша» әзіл-сықақ отауы көрермендеріне керемет
көңіл-күй сыйлапты.
Адам мамандығын шынайы сүйгенде ғана биік белестерді бағындыра алады. Біздің кейіпкеріміз де өзі қалаған мамандығын тапқан. Содан болар халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бұл жайында аудандық мәдениет үйінің басшысы
Зулфия Шалабаева:
– Тохтардың өзіндік ойы қалыптасқан. Белсенді, ізденімпаз. Осы қасиетімен әріптестері арасында ерекшеленеді. Әріптесіміз өз ісінің нағыз майталманы. Тохтар сынды белсенді азаматтардың бірігуімен «Жаңаша» жаңа өмірін бастады. Көрерменмен қайта қауышқан театр ұжымы жылына екі рет халық алдында есеп беруде.Мұның бәрі өз жұмысын шынайы құрметтейтін өнерпаздың қолынан ғана келеді, – деді білікті басшы.
Байқағанымыздай, Тохтар өнер жолында ғана білікті маман емес, өмір жолында да сенімді жолдас, қамқор әке. Ол отбасында әкесі Тынысбек пен анасы Фариданың мақтан етер перзенті. Жары Мерейдің қорғаны, қос қарлығашы Ханшайым мен Қазынаның арқа сүйер мақтанышы.
Ол ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласып жүр. Оған қай іс-шараның болмасын басынан табылуы дәлел. Оның тағы бір қыры – асабалығы. Оған кез-келген музыкалық аспапта ойнай алатын дарындылығын тағы қосыңыз.
Міне, басқа қонған бағын бағалайтын осындай жерлестеріміз барда мәдениетіміз бен өнеріміз өшпейді, өлмейді.
Тәуелсіздіктің төл құрдысының бүгінгі жетістігі осындай!
Олай болса, Тәуелсіздік құрдастарының алар асуы бұдан да биік болады деген сөз!

Лаура БИБАСАРОВА
24 шілде 2021 ж. 851 0