Тәуелсіздікті тұғыр еткен театр тарландары
Ұлттың күш қуаты – ұлт рухында. Ал, елдің рухы мен тарихын көтеретін ұлы өнер – театр. Яғни театр өркендесе, көрерменің де кемелденері анық. Аудан тұрғындарының танымы мен талғамына сай жұмыс істейтін тетар ұжымдары бар.
Рухы мықты елдің өнері де өрісті десек, аудан тұрғындарын рухтандыратын аудандық театрдың берері мол.
Тақырыбымызды тарқатып ашу үшін алдымен біздің театр тарландарымыз кім дегенге тоқталайық. Олар тұлғалық болмысы қалыптасқан Дінмұхамед Әбжаппаров, Ролан Бақтыбаев, Нұрқанша Аманжолқызы, Абай Камалов, Нұрлан Бабажанов, Сайран Ділманов, Балмұхаммед Әбжаппаров, Кенже Әкімбаева, Жасдәурен Сабырқанов, Гүлжан Ағыбаева, Нұрлан Шотарбаев, Рахат Сейтқұлова, Жадыра Жолшиева, Жеңіс Тасболатов, Жансезім Тұрғанбай және т.б атау орынды. Олар «Жаңақорған» және «Бірлік» халық театрында қойылым қойып, көпшіліктің қөзайымына айналып жүрген өнер адамдары.
Театр тарихына тоқтала кетсек, Жаңақорған халық театрының негізін 1961 жылы Мария Раишева қалады. 1967 жылы халықтық атау алды. Ал, 1975 жылы Бірлік халық театры драма үйірмесі ретінде жұмысын бастады. 1977 жылы 28 сәуірде Бексұлтан Жакеевтің «Әке тағдыры» атты пьесасымен халықтық атақ алды. Ол кезде театр режиссеры Мария Раишева болды. Бүгінде қос театрға Ролан Бақтыбаев пен Нұрқанша Аманжолқызы режисерлік етеді.
Атап айтсақ, Ролан Бақтыбаев режиссерлік ететін Жаңақорған халық театры сахналаған Дінмұхамед Әбжаппаровтың «Хисамеддин» пьесасы қалың көрерменге жол тартып, көпшіліктің көңілінен шықты. Пьесада ХІ ғасырдың ортасында Дешті Қыпшақты билеуші Қадыр Бөке Алып қыран қаған мен Хорезм шахы Алаеддин Текештің арасындағы теке-тірес, елдің, жердің амандығы үшін жанын шүберекке түйген діндарлар, Қожа Ахмет Яссауи мен Хисамеддин бабалардың екі ел арасындағы жаугершілікті тоқтатпақ болған ерлігі баяндалады. Қойылымның астарында ұлан байтақ қазақ жеріне көз салар жаудың қашанда болғанын, сол жерді бабалар қасық қаны қалғанша күресіп қорғағанын жеткізіп, көпшілікке патриоттық сезім мен ұлттық рухтың дәнін себу жатыр. Міне, осындай тарихи құндылыққа тұнып тұрған пьесаны жазуда автордың бойында отансүйгіштік қасиетінің басымдығы байқалады.
– Біздің елдің Ұлы жібек жолының күре тамыры болғандығы, Дешті Қыпшақтың астанасы Сығанақтың маңында өмір сүргеніміз маған қатты әсер еткен болса керек, «Хисамеддин» пьесасын жазуды қолға алдым. Туындыны жазарда бір жылға жуық ізденіп, орта ғасырдағы көне тарихты түгел ақтардым. Жалпы, қандай тарихи қойылым болмасын көп ізденістен туындайды. Кітапхана жағалап қолжетімді тарихи кітаптардың бәрін ақтарып, ел аузындағы аңыз-деректерге де құлақ түремін, – дейді пьеса авторы Дінмұхамед Әбжаппаров.
Иә, бабалар жайлы тарих пен аңыздың сахналана бергені абзал. Себебі кең байтақ қазақ даласының қақ ортасынан орын алған біздің ауданның өткенінен сыр шертетін тарихты өзіміздің дәріптегеніміз ұлы іс. Өйткені тарихи қойылымдар көрерменнің көкірегіне ой салып, мол тағылымның тамырын кеңейтеді.
Жүрегі елім, жерім деп соғып, өткеннің тағылымынан нәр алуды көздеген, бабалар аңсаған бүгінгі тәуелсіздіктің қандай жанкештілікпен келгенін қалың қауымға мәдениет төрінде жеткізіп жүрген сахна саңлағы Дінмұхамед Әбжаппаровтың шығармашылығына тоқталайық. Дарын иесінің бойындағы театрға деген ғашықтық оны өнерге жетеледі. Туған жерге деген махаббат, туған жер топырағында жатқан ұлы адамдардың ерлігі мен ұлы істері бей-жәй қалдырмай, елдегі тарихи тұлғаларды театр сахнасында дәріптеуді армандаған талант иесі арманын мақсатқа айналдырып, пьесалар жаза бастады. Мәселен драматург-режиссер Әмір Мәжитов жайлы пьеса жазып, оны Нартай Бекежанов драма театрының әртісі Бақытбек Темірбековке ұсынып, облыстық драма театр әртістерімен сахналап шықты. Одан әрі Қалила Омаровтың туындысы «Айқожа ишан» пьесасын қолға алып, «Мирас» атты антреприза театрын жасақтап, Бақытбек Темірбековты режисер етіп, Алматы қаласында Жазушылар одағының үлкен залында көрерменге ұсынды. Сонымен қатар Алматы төріндегі осы киелі сахнада «Хисамеддин» тарихи драмасы да қойылды.
Айта кетейік, сахна саңлағының Нұрлан Қами және Доқтырхан Тұрлыбектың еңбегін қосып, «Антисуайт» трагикомедиясы, «Ұлы ғазауат» атты тарихи шығармасы, «Алпамыс батыр», «Қылауыз баба» сынды тарихи драмалары, «Перзент парызы» атты ғұмырнамасы да осы халық театрынан сахналанып жүр.
Иә, ауданның топырағынан нәр алған халық театрларының бағындырған белестері аз емес.
– Жақында Атырау қаласында өткен Н.Үлкенбаев атындағы Республикалық халық театрлары фестиваліне «Хисамеддин» қойылымымен қатысып, топ жарып, үздік театрлар қатарынан көріндік. Өткен жылы облыстық халық театрлары арасындағы байқаудан бас жүлдені қанжығамызға байласақ, Павладар облысы Успен ауданымен, біздің аудан әкімі қол қойған меморандум аясында, Кереку еліне сый болсын деп, «Мәшһүр Жүсіп» мистикалық драмасын апардық. Біз де Тәуелсіз елдің өсуіне өнерімізбен өзімізше үлес қосып жүрміз деген ойдамын, – дейді Жаңақорған халық театрының режиссері Ролан Бақтыбаев.
«Ел дегенде елең етпес ер болмас», демекші, аудандағы тәуелсіздікті тұғыр еткен театр тарландарының осындай еңбектерінен Тәуелсіз Қазақстанның өсіп өркендеуіне бағытталған тынымсыз еңбектерін көруге болады.
Айсұлу АЛДАНАЗАР
Пікір 1