» » » Жұмысы – жүрек қалауы

Жұмысы – жүрек қалауы

Аудан бойынша екі театр болса, соның бірі – Бірлік ауылдық клуб үйі жанындағы халық театры. Осы театрда 30 жылдан астам уақыттан бері еңбек ететін Нұрқанша Аманжол­қызын
кейіпкер еттік.
Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ өзінің талантымен көзге түсіп, оқушы кезінен клуб үйінің іс-шараларына көптеп қатысады. Мектепті бітіргеннен кейін сол кездегі халық театрының басшысы, мәдениет саласының май­тал­маны – Шәкір Дүйсенбиев клуб үйіне сүйемелдеуші ретінде жұмысқа қабылдайды. Қызметтен қолын үзбей жүріп Жетісай мәдени ағарту училищесінің халық аспаптар бөлімін тәмамадайды. Міне, осы жылдан бастап қазірге дейін мәдениет ошағында шыңдалып келеді. 
1989 жылы Халық театрларының байқауы болып Шара Жиенқұлова мен Асқар Тоқпанов әділқазылық етеді. Осы байқауда Бірлік халық театры Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» спектакльін қойып, Нұрқанша Жібектің рөлін сомдап, Асқар Тоқпановтың батасын алған. Содан бері осы саланы жан жүрегімен қалап, құлшына еңбек етіп келеді.  Қаншама асулардан өтіп, сүрініп-жығылып, қуанып-мұңайып, 40 шырақты әйелдің 40 жылға жуықтайтын бір саладағы қызметі қуантарлық. Дегенмен, Нұрқанша Аманжолқызының қарапайымдылығы сондай «газетке шығатындай қандай еңбек сіңірдім» деп , маған берілген бастықтың тапсырмасы деген соң әзер көнді.
– Қазіргі таңда ауданымыздағы мәдениет көрсеткіші өте жоғары дәрежеде деп ойлаймын. Өзіміз Уәлибек Ибрагимов, Ырысгүл Ұлықпанова, Кенжебек Ибрагимов сынды ағаларымыздан үлгі алдық. Солардың ізін қуып,  халыққа ұялмай көрсететіндей мән-маңызы бар, елдің көкейіндегі ойды қозғайтын дүниелерді көрсету мақсатымыз.  Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Сұлтанәлі Балғабаевтың «Бостандық алар күн туса» пьесасынан үзінді ұсынып, сонымен тәуелсіздікті қорыт­сақ деп отырмыз, – дейді ол.
Нұрқанша Қыпшақбаева режиссер болған уақыттан бері сахнаға қойған пьесалары жетерлік. Оның ішінде: Қ. Мұхамеджановтың «Өзіңе де сол керек», «Осылай да кездесу болады», С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», «Құдағиды құртайық», «Бостандық алар күн туса», «Менің әжем сиқыршы», Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі», Т.Нұрмағам­бетовтың «Жоғалған көл», Ә.Ақпам­бетұлының «Байпатшада бес бибі», Б.Тоғысбаевтың «Қыз намысы», С.Балғабаевтың «Шыт көйлек»және балалар қойылымдары бар.
– Қазіргі бағыт-бағдарымыз халық­тың сұранысына орай қызықты дүниелерді ұсынғымыз келеді. Бірақ, жоғарыдан ауқымды шара кезінде мынадай қойылым қоясыңдар деген тапсырма береді. Еріксіз түрде өзіміз дайындаған қойылымды емес, берген тапсырманы орындауға тиіспіз. Яғни, халық күткен комедияны, халық күткен драманы емес басқа дүниелерді беруге мәжбүрміз. Бұл барлық режиссерлердің көкейіндегі мәселе деп ойлаймын. Cондай-ақ, ауылдық жерде театрды алып жүру оңай емес актер табу, декорация қою. Актерлерді елдің арасынан жинаймыз бірі мұғалім, бірі оқушы, бірі фельдшер. Оларға ынталандыру үшін берілетін сыйлықтарды кредит алып, өзім жапқан күндерде болған, – деп көкейінде тұрған мәселелерді қозғады.
Режиссердің шығармашылық та­ланты жетерлік. Өлең шығарып, Адырбек Сопбеков, Файзулла Сахиев оның өлеңдеріне алғысөз жазған. Облыстық «Сыр бойы» газетіне біршама өлеңдері шықты. 1997 жылы Роза Бағланова атындағы облыстық концерт жүргізуші конферансьелер байқауында бас жүлде, аудандық мүшайраларда жүлделі орындар иеленді. «Өнерге еткен еңбегі  үшін» деген төсбелгімен, «Әмір Мәжитовтің 80 жылдығына арналған» төсбелгімен марапатталды. Қазір тек таныстырулармен, мерейтойларға арнаулармен ғана шектеліп жүрмін дейді кейіпкеріміз. Сонымен қатар, аудан, ауыл көлемінде ірі мәдени шараларға сценарий жазумен, прологтар қоюмен айналысады.
Рауза ӘЗІЛХАН
21 қараша 2021 ж. 375 0