№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАҚЫТГҮЛ – «ҮЗДІК КӨШБАСШЫ»

БАҚЫТГҮЛ – «ҮЗДІК КӨШБАСШЫ»


Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Қармақшы ауданы әкімдігі үздік клуб жетекшілерін анықтайтын байқау ұйымдастырды. Нақтысын айтқанда, Дүр Оңғар ауылында өткен байқауда «Үздік көшбасшы-2019» атағы сарапқа салынды.

2015 жылдан бастау алатын байқаудың мақсаты – елді мекендердегі клуб қызмет­кер­лерінің шығармашылық әлеуетін сынға салып, үздіктерді анықтау. Клуб қызметкерлері арасында екі жыл сайын өткізілетін байқауда «Үздік сценарист», «Үздік әдіскер», «Үздік клуб» және «Үздік Көшбасшыға» лайықтыларды анықтайды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», бағдарламасы аясында өткен байқауда аталған аталымдар бойынша Жаңақорған ауданы биіктен көрінді.
Ең бастысы, Түгіскен ауылдық клуб үйінің директоры Бақыткүл Тасқожаева «Үздік Көшбасшы» атанып, аудан мерейін асырды.
– Байқауға облыстағы үздік клуб үйлері қатысты. Яғни бәсекелестік жоғары деңгейде өрбіді. Ұлттық кұндылықтар мен салт-дәстүрлерді, өнерді насихаттауды, дарынды өнерпаздарды айқындап, оларға қолдау көрсетуді және үздік шығармашылық ұжымдарды сараптайтын байқауға тыңғылықты дайындалып бардық. Сахнада өз-өзінді ұстау мәдениетімен, әртістік шеберлікпен ерекшелендік. Нәтижесінде бас жүлдені алдық. Әрине бізге қолдау білдірген мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосова мен кәсіби шеберлікті шыңдауда ақыл-кеңесін аямайтын М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Зулфия Шалабаеваға алғысым зор, – дейді Бақытгүл Тасқожаева.
Алдымен таныстыру сынында жаңақор­ғандық өнерпаздар қазақтың рухани-мәдени асқақтауына үлес қосқан ауданның тарихи тұлғаларын дәріптеп, сосын өнер, мәдениет саласындағы жетістіктерді дәріптепті.
Отыз жылға жуық тәжірибесі бар Бақыткүл Тұрсынханқызы сүйемелдеуші қызметінен бастап сатылап өсіп, рухани-мәдени саланың қыр-сырын жетік меңгереді. Оның ұзақ жылғы тәжірибесі осы байқауда көрініп, «Үздік әдіскер», «Үздік сценарист» аталымдары бойынша да дара көрінді.
– Сахналық қойылымдарға бірнеше күн ғана дайындалдық. Дегенмен әртістік шеберліктің арқасында жоғары деңгейде орындап шықтық. Енді осы аталымға сай еңбек сіңіру үлкен жауапкершілікті жүктейді, – дейді кейіпкеріміз.
Жаңақорғанның өнер ұжымдарының жоғары деңгейде өнер көрсетуі заңдылық, өйткені соңғы жылдары ауданда облыстық, республикалық байқаулар жоғары деңгейде өткізілуде. Бұл – аудан өнерпаздарының шығармашылық потенциялы артуына септігін тигізетіні ақиқат.
– «Ең үздік ауылдық клуб – 2018» облыстық байқауында Жәнібек Сыздықов басқаратын Талап ауылдық округіндегі клуб үйі үздік атанса, биыл Түгіскендегі клуб үйі биіктен көрінді. Шыны керек, Жаңақорған ауданында мәдениет, өнер саласының бай тарихы қалыптасқан. Кешегі «Қызыл отауды» өрге сүйреген Манап Көкеновтың еңбегін айтсақ та болады. Одан бөлек Мариям Раишева, Бексұлтан Байкенжеев, Әмір Мәжитов және тағы басқалармен мақ­танамыз. Бақыткүл осындай аға-әпкелердің орнын басқан, өнерді шын құрметтейтін жан, – дейді Зүлфия Шалабаева.
Айта кететіні, осныдай байқаудан Талап Тотаев та «Үздік сценарист» номинациясына ие болған еді.

Лаура БИБАСАРОВА

16 шілде 2019 ж. 1 349 0