Мәшһүр баба – мәңгілік рухтың мәйегі
Жаңақорған халық театрында алғаш рет «МәшҺүр Жүсіп» мистикалық драмасы сахналанды. Қойылым авторы Дінмұхамед Әбжаппаров. Бұған дейін де «Әмірдің көкжиегі», «Айқожа ишан», «Хиссамеддин баба» туралы пьесасын көрермен назврына ұсынып, лайықты бағасын алған талант иесі бұл жолы неге Мәшһүр Жүсіпті таңдады? Жалпы, Мәшһүр Жүсіп туралы, оның соңына қалдырған құнды мұралары жөнінде не білеміз? Алдымен осы тақырыпты толғасақ.
Түркі әдебиетінде діни тақырыптағы әдебиеттің негізін салушы Қожа Ахмет Яссауи десек, ХІХ ғасырда сол бағытты жаңа арнада дамытқан ақын МәшҺүр Жүсіп Көпейұлы екендігі белгілі. Ол 1858 жылы туылып, 1931 жылы дүниеден озды.
Жүсіп есіміне Мәшһүр атауының қосарлану хикметіне келсек, жас ұлан Мұса Шорманның мешіт-медресесінде оқып, тәлім алып жүргенінде оның асқан зеректігін, ерекше дарынын байқап, жас түлекке Шорман баба осындай есімді еншілетіпті.
Жасынан діни тәрбиеге жетік, жаратылыс атаулының түпкі негізіне ақиқат көзімен қарай білетін ілім иесі жүрек сөзінің ұлы ақын Абаймен рухтас, мұраттас болып келу себебі, екеуінің де ынтызар көңілмен мейір қандырған қайнар суаты бір, хақтың бірлігін біліп қана қоймай, адамзаттың жаратылу мән-маңызын көкіректің тереңінен өткізіп, өткінші өмірде өнегелі өмір сүруді насихаттап өткен тәлім-талабы бір арнада тоғысып жатыр.
Мәшһүр Жүсіп «Тірлікте көп жасағандықтан көрген тамашамыз» деп аталатын 1907 жылы жазылған кітабында көп оқыған, көпті білетін ғалым мен көр кеуде, пасық көңіл наданның жер мен көктей айырмашылығын «соқыр мен көруші тең емес» деген мазмұнмен бейнелейді.
Мәшһүр шығармаларының, оның ішінде бұрын-соңды баспа бетін көргендері де бар, барлығын жинақтап, 20 томдығының қалың қазақтың игілігіне жол тартуы ұрпақ үшін баға жетпес құндылық болып отыр. Бір қуаныштысы, нақ осы қымбат мұраның мұртын бұзбай сыйға тартқан ақынның туған жері Баянауылдың баурайынан келген бір бүтін зиялы топқа, биылдан бастап Сыр елімен мәдени қарым-қатынасқа бел буып, бекем тірлікке кіріскен керекулік әріптестерімізге мың алғыс. Бірақ осының құнын біліп, құпиясына үңілуге асыққанның қолына жаһанды жан тазалығына баулып, жақсылыққа жетелеуші анық бір бағыттың ұштығын ұстатып, келешекке кемел көш түзер бағасыз дүниені өз оқырмандарымен тезірек қауыштыру бәрінен маңызды.
Мәшһүр Жүсіптің төңкеріске дейінгі жазылған шығармаларында үстем тап өкілдері мен жарлы-жақыбайдың арасындағы теңсіздікті сынап-мінеуден жалықпағаны аңғарылады.. «Байлардың қолындағы жиған мүлкі, кем-кетік, жоқ-жұқаның сыбағасы» деген тұжырымы бүгін де тұғырынан тайған жоқ.
Ескі араб (хадим) тілінде жвзылған шығармаларының көбін аударып, баспаға беруде өз немерелері Ертай және Нартай Қуандықұлы,қарындасы Мәдинадан туған жиені Жолмұраттың еңбегі зор. Мәшһүр Жүсіп шығармалары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы. Мәшһүр Жүсіп шығармалары қатарында «Мінілмеген көлік», «Мұхаммед пен Әбужаһил», «Алтын табақ», «Ғалының ниеті», «Пайғамбардың өсиеті» атты еңбектерінің шоқтығы биік.
Кеңес өкіметі орнаған соң ел маңдайына жарық күн туды деп жырға қоспаған ақын кемде-кем. Ал бұл жөнінде Мәшһүр Жүсіп не дейді?
«Алай-дүлей ұйтқыған боран соғып,
Ақыл, сезім, үйірдей кеткен ығып.
Кеткен нәрсе орнына бір келмеді,
Күн қанша жадырағанмен шуақ төгіп» немесе «Келу жоқ, қанша күтсе өткен қайтып,
Жараны жаңғыртпайық текке ұлғайтып» деген өлең жолдарынан еріксіз қолдан берген кепиет – киемізді жоқтаған өкінішті өксіктіңдемі сезіледі.
Нақ осы көңіл-күйді Міржақып Дулатовтың:
Қандай едік,
Қара, кейін қайрылып,
Қандай едік,
Тұрсың одан айрылып» деген өлеңі айшықтап тұр емес пе?
ҚР Ұлттық Ғылым академиясындағы Орталық ғылыми кітапханада сақтаулы Мәшһүр Жүсіп қолжазбалары қатарында Жүсіпбек Аймауытұлына жазған бірінші және екінші хаты сақтаулы. Мәшһүр Жүсіптің хат жазуына түрткі болғанЖүсіпбек Аймауытовтың екі хаты да сол папкада ақын хаттарымен бірге сақтаулы.
«20 май 1927 жыл. М. Аға, хатыңызды алдым, «ақыл» деген ақылыңызды қабыл тұттым. «Баба дәруішке сену», «Ынталы жүрек, шын көңілге» тірелетін әркімнің иманы ғой. Қай әулиенің жарылқарын да білмеймін. Жүрек, иман деген нәрсе қолқаға жүрмейтін шығар? «Жарылқаушыны да, қорғаушыны да өзі іздеп, өзі нанып табатын шығар» деп ойлап, ол сырымды жасырып отырмын. «Құлшылықты жасырып қылған абзал» деген сөз құлағымда болушы еді.
Енді «қалған өмірімді қалай өткізу туралы». Данышпан Толстой сексеннен асқанша, өле-өлгенше қаламымен сырласып өткен. Ірі хакімдер, философтар көп жасап, көп мұра қалдырған. Өмірді ойланумен, толғанумен, жақсылық, жамандықты барлаумен, әділдік, шындық, адамгершілік сынды ізгі мұраттарды көксеумен өткізген...
Сіз – қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарысыз. Сіздің құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз алыстағы өткен өмірде. Жаңа заманның бұйынтақ сөзі, жыбырлақ мінезі сізді жарытпайды, күні өткен жат адам қылады. Жаңа заман өйте берсін. Сіз онда жалғыздығыңызды, жапандығыңызды, сәнді, салтанатты, ескі күніңізді жырлап өтіңіз. Ақынның ақындығы улаған ойын, тулаған сырын оқушыны толқытқандай қылып, тізген меруерттей кестелі, толғаулы сезіммен айта білуінде ғой!
...Одан соңғы сіздегі көп қазына – қазақтың шежіресі: ең болмаса Орта жүзді, арғынды тараулатқаныңыз керек. Осы күні әркімдер қазақ тарихын, шежіресін жазып жүр. Ұлы жүз, инженер Мұхамеджан Тынышпайұлы орысша кітап қылып шығарып жүр. Сіз шежіреңізді жіберсеңіз, оны да көріп, түзетіп, ең болмасын, журналға басып тұрар едік.. Әрине, өз атыңызбен басылады.
Одан соңғы сіздегі қымбат нәрсе: ақындардың айтысы, сөздері, билердің, шешендердің үлгілі сөздері. Бұларды да не кітап қылып, не журналға басуға тырысар едік.
Мен бес-алты айдан бері Сұлтанмахмұт сөздерін жинап, жақында бітіріп, көшіріп, реттеп баспаға тапсырып қайттым... Мен өзімнің сырымды, ойымды көрсеткендей «Шернияз» деген театр кітабымды сізге арнап, почтаға салдым. Былтыр бәйгеге қосқан кітабым бар еді, бірден соңғы бәйгені алдық. Оқып көріп, пікіріңізді жазсаңыз.
Міне, сізге әзірше жазатын әңгімем осы. Амандығыңызға тілеулес мағұлым ініңіз – Ж».
Толық ілім иесі, бойдағы бар білімін тәтті сөздің құдіретімен ғасырларға сәлем еткен абыз кеуденің түпкі өсиеті – Аллаға сыйыну, күнәдан тазару ілім-білімнің арқасында келетін нығмет.
«Бұл дүние – айсыз бұлт,
қараңғы түн,
Жалған сөз – ер жігіттің
бойына мін.
Жалғанға жетемін деп қуа берсең.
Таң атып, жарық сәуле
шықпайды күн».
Ақын бұл жерде бостандықты күнге, езгіге қалуды түнге теңеп тұр.
Бостандығынан айрылып, азап шегуші елді:
«Сықылды менің сөзім қызыл түлкі,
Қылықты түлкіден де ажар-көркі,
Үстіңнен құс, артыңнан ит жүгіртіп,
Тамаша көрген жанды қылар күлкі».
Замана шындығын терең тани білген шерлі кеуде осылай тебіренеді.
Мәшһүрдің қаламынан туған қандай жазбасы болмасын сорғалаған өмір шындығының көрінісі.
1925 жылы «Малсыз дала» деген өлеңін жазды. Онда өзі Баянауылдан Қызылтауға сапарлап, алпыс шақырым жер жол жүріп өткенде жолда бірде-бір малды кездестірмегені туралы баяндайды.
Заманалар көш түзеп, мың жыл өтсін мейлі, адам баласы кеше тірелген сұраққа бүгін тағы тап келеді. Өйткені пенделік табиғатынан ажырай алмайтын адамзат үшін сынақ біреу. Бұл турасында ойшыл «Адам екі түрлі» дейді: «Бір адам бар: өрік-мейіз ағашы секілді – жемісінен дүние жүзі бахра алады. Бір адамдар бар, терек талы секілді, отын болғаннан басқаға жарамайды»
Қазақтың бүкіл даналығының астарында пенде баласыныңбарша қайғы-қуанышына қарыздар Хақ тағаланың бұйрығынан туындайтын тағылым талабы тұнып тұрғаны ғажап. Жоғарыда, Алаш арыстарының өтініш қып отырғанындай, оқымысты осы аталы сөздердің басын құрап, әрбірінің шығу тарихына, мән-мазмұнына терең түсінік беруді жөн санады. Әрбір мақалдың шығу тегін, тарихын хатқа түсірді.
Даналықтың түпкі мазмұны Құдайдың қалауынсыз қурай да сынбайтынымен тиянақталады. Олай болса шариғат талабымен жүргеннің жүзі жарық, адымы аршынды болғаны да.
Тек аңыз-әпсана, мақал-мәтел, нақыл сөздер ғана емес, зәуіде туа қалған қазақтың қанатты тіркестеріне де жеке-жеке түсінік беріп, талдап жазып қалдырған Мәшһүр бабамыздың еңбегі ерен-ғайып. Мысал ретінде бір ғана тәмсіліне тоқталайық. Оқымысты елдің аузындағы «Шығасы шықпай, кіресі кірмейді» деген қанатты сөздің шығу төркінін былайша тарқатады:
«Бұл – Хазіреті Сүлеймен Ғалайкиссаламның он үш жасында аузынан шыққан сөз екен. Дәуіт ғалайссаламның халифалық құрған күнінде алдына бір әйел жаман наза болып жылап келеді. «Өзіміз жетім-жесірміз. Жалғыз ақ пұт бидайымыз бар еді, тартқызып, бала-шағама нәпақа боларлық ырзығымызды арқалап алып келе жатқанымда дарияның жанына жете бере жынды жел келіп, көтеріп әкетті. Судың ішіне күмп берген қабымды айырып алып болмадым, ағып кетті» деп аңырайды. Сонда халифа «Сол жел ұшырған қанар қап бидайыңның орнына он пұт бидай бергізсем, ризамысың?» дейді. Әділ патшаның үкіміне әйел қуанып кетеді. Кері бұрылып сыртқа шығып бара жатқанында есік алдында тосып алған Сүлеймен кері қайтарып, риза емеспін деп айт дейді. Әйел нақ солай жасайды, онан әрі бала Сүлейменнің үйретулері бойынша былай деп талап қояды: «Алла тәбәрік отұғлы сізді пайғамбар қылғанда «менің құдайлығымды пенделеріме таныт» дейді. Құдайдың құдайлығын, құдіретін, шеберлігін таныта алмасаң пайғамбарлығың не болды? Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар. Жел де құдайдың қызметшісі, сіз де құдайдың қызметшісісіз. «Менің қоластымдағы бір жесір қатынға желді өзің жұмсап па едің, жоқ желдің өз бетімен қылған ісі ме, сырын білгім келеді» деп істің мән-жайын анықтап бермегеніңізге риза емеспін» дейді. Айран-асыр болған Дәуіт пайғамбар ғибадатханаға келіп, Жаратушыға мінәжат етіп, сәждеге бас қойып еді, бір періште пайда бола кетті. «Иә, бани-алла, ол қатынның арызы турасында міне, мен келдім. Мен желге өкіл періштемін. Ол әйелдің мүлкін мен желге өз бетіммен алдырғаным жоқ. Дарияның жүзінде іші толған дүние талап қулармен тола бір кеме келе жатыр еді. Кеменің бір бүйірі тасқа соғылып, тесіліп су кіре бастаған екен. Енді болмаса суға толып, қарқ боларын білген іші тола саудагер жылап-еңіреп, Аллаға жалбарынып еді. Егер осыдан аман қалса кеме ішіндегі мал-мүліктің жартысы жетім мен жесірдікі деп уәде берді. Сондықтан тілектерін қабыл көрген Алла әйелдің қолындағыны ұшырып, теңіз түбіне батқан кеменің жыртығына жамау етті. Сол кеме пәлен күнде, пәлен сағатта құрғаққа шығады. Кеменің түбінің жарығын қараттырыңыз, қатынның ұны қабымен тығын болып, су кіргізбей бөгет болып тұр. Ол керуеннің бірді-бірі оны көрген жоқ, тек: «Құдай сақтады» деумен келеді. Қалай сақтағандығынан хабары да жоқ. Сіз құдай тәбәрік отұғлының бұл шеберлігін халыққа жария етіңіз. Кеменің жарығына тығылған қабын танып қатын алсын. Міне, Құдайдың құдайлығы осы, ешкімге залал салмайды. Пендесіне не тағдыр қылса, ақыры сол пендеге жаны ашып, болысқандығы болады», – дейді.
Мұнан соң Хазірет Дәуіт Ғалайссалам әйелді куә қып, дарияның жағасына қарауыл қойдырады. Кідірмей керуен де құрғаққа шығып, қысылған-сасқандығына пейіл болысып, жандары аман қалғанына қуанысып, кеме ішіндегілер айтқан нәзірлерін бір жесір қатын, екі жетімге түгел берісіпті». Бұл нақыл содан қалыпты.
Қоғам ауысып, заман өзгергенімен адам өмірінің мазмұны бір. Осындай сынақтармен әрбіріміз күні бүгін де бетпе-бет келіп жүрміз ғой, осыны ойлап, тәуекелімізден түспейік.
Мәшһүр Жүсіп заманында шындықты айтуымен белсенділерге ұнай қоймаған, көбіне теперіш көріп, өмірі қиындықта өткен жан екенімен ерекшеленеді. Ол өзімен рухтас жандарға дәйім тілектес болып, желеп-жебеп жүруге тырысты. «Ат жақсысы – кермеде, ер жақсысы – түрмеде» дегеніндей, сол кездері қапаста қамалған Мәдидің әні күні бүгін құлағымызда тұр.
«Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы
тарқамады.
Сайыңнан сайғақ құрлы
сая таппай,
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы» деп налыған Қаз дауысты Қазыбек бидің бесінші ұрпағы Мәдиге ұлт азаттық көтерілісін бастаған Кейкі батырдың қолдаушысы деген айып тағылған. Оны түрмеге іздеп барған Мәшһүрмен жолықтырмағандағы мақсат Сарыарқаның қос тарланы амал біріктіріп, халықты көтеріліске бастайды деп қауіптенген. Бұл жөнінде Мәшһүр баба Мәдиге:
«Бұл күнде сен де ғаріп,
мен де ғаріп,
Ағайын алыс жатыр сөзді ұғарлық.
Күшім жоқ, ақылдасар
күйім де жоқ.
Кететін қапас жерден жұлып алып» деп опынады.
Соңына өлмес, өшпес мұра қалдырған асыл бабамыздың еңбегін бір мақалада қамтып шығу мүмкін емес. Біздікі, жарық сәуленің лепесін болсын ел көңіліне ұялату, ар жағын ойлы аазамат өзі іздеп жүріп тауып алуға талпынады деген бір үміт қой.
Театр – өшкенді жандырып, өлгенді тірілтеді
Дінмұхамед Әбжаппаровтың Мәшһүр Жүсіп туралы драмалық шығармасы алғаш Кереку жеріндегі театр сахнасында қойылып, жергілікті халық зор ықыласпен қабылдағаны жөнінде газетімізде қызу талқыланды. Себебі белгілі. Туған топырағында жатқан киелі баба туралы өздерінен бұрын Сыр елінің перзенті ту көтеріп, тұғырын тіктеуі исі мұсылманға ортақ тұлғаға зор құрметтің белгісі. Осы қойылым дүйсенбі күні өзіміздің Манап Көкенов атындағы Мәдениет сарайында сахналанды. Ойлағанбыз, залға көрермен симай кететін шығар деп. Әр-әр жерде бір кісі, ә, айтпақшы, карантин талаптары, қашықтықты сақтағанымыз ба, әшейінде той дегенде карантинді ұмытып кетеміз. Бір тәуірі, әңірейген залды бір өзі толтырардай болып әкіміміздің қасқайып отырғаны болды, әйтпегенде әртіс қауымының көңілі әбір-жәбір болып қалатындай-ақ екен.
Пьесаның басты лейтмотиві – Мәшһүр бабаның бейнесі балалық шақтан ғұламалық деңгейге дейін аралықта көрерменнің көз алдында уақыт шығырын кері де, бері де айналдырумен айшықталып, тұтас болмаса да едәуір тағдыр-талайынан тарау-тарау сыр ақтара алды. Автор мұның кілтін қасиет қонған пендесінен бір сәт ажырамай, айналсоқтап, аман сақтап жүретін ақ қанатты періштесінің бейнесі арқылы сәтті сомдауға тырысыпты. Сол періште бейне – Перизат әне сахнада қалқып, иесіне ғана емес, бүкіл санасында саңылауы бар тіршілік иелеріне өмірдің жалғаны мен ақиқаты туралы жар салып, бір күн жарық дүниеде жақсылыққа үндейтіндей. Мәшһүрдің ойымен, көзімен Бұхар баба толғатты, жүрегімізге үңіліп, дәуір тереңінен жырлатты. Кеңесары хан наласы, құлақ сал қазақ баласы, бас пен кеуде тұрпатты, бір бүтін болып тіріліп, ұрпаққа үндеу сыр қатты. Кешегі өткен Жүсіпбек, рухы көктен түсіп кеп, бабамен бірге егілді, жүректен сырлар төгілді.
Қысқасы, шынайы қойылым қаймана қазақты баба рухымен қайта қауыштырды. Арманда қалғандар пьесаның келесі премьерасынан кеш қалмаңыздар дегіміз келеді.
Баян ҮСЕЙІНОВА