Сырдан келген «Мәшһүр Жүсіп»
Тамыз айының аяғында Павлодар облысының Успен ауданына жаңақорғандық өнерпаздар шығармашылық байланысты тереңдете түсу үшін арнайы келді. Арнайы делегация өз өнерін ұсыну үшін атқа қоныпты. Иә, бұл жолғы концерттік іс-шара барысында, салмағы саф алтындай, тереңдігі телегей теңіздей, бөгенайы тым бөлек болғаны – «Мәшһүр Жүсіп» атты мистикалық драма болды.
Театр қайраткерлері одағының мүшесі, режиссер, драматург, актер, «Күлкістан» әзіл-сықақ театрының әртісі, Жаңақорған ауданы Арман мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Дінмұхамед Әбжаппаровтің режиссерлік етуімен қойылған 1 актілі «Мәшһүр Жүсіп» қойылымы өңіріміздегі көзі ашық жандардың жан сарайына шуақ шашып, көңіл көкжиегін кеңейте түскендей болды. Өмірі аңыз бен дақбыртқа, қиял мен ертекке толы үкілі тақиясын киген қарт Жүсіп руханият шығырын айналдыра жүріп өлеңдете күбірлейді. Сол сәтте тылсым дүниенің тұрғыны Пері-Заты көрінеді. Ендігі сәтте Пері-Заты Адамжүсіптің боз бала шағындағы, жастықтың желеуімен өткізген ұрыншақ кездерін есіне салады.Ғұмырын ұлттың тамырына байлаған, уақыт өткен сайын рухымен, еңбекқорлығымен күретамырымызды бүлкілдетіп жүрген Мәшһүр Жүсіп, Пері-Затының еске салуымен, өткен күндері мен басып өткен жолының оң-солын саралап, ғұмырының теріскей һәм күней бетін түгендей келе, махаббат пен ғадауатқа толы өмірінен алған сабағынан фәлсапалық ой түйіп, ар жолындағы, ақиқат жолындағы ізгілікке ұмтылған адам екенін байқатады.
Ал бірде пері заты: «Сендер мағрипатқа жеткенше бізді көрмейсіңдер. Өйткені, көкірек көздерің оянғанша, маңдайдағы көздеріңде шел тұрады...» дейді. Қазақ ұлты «өзгенің жел шығырын» жағалап кетпесе екен деп қамыққан Дана Жүсіп сонда: «...мына руханият шығырын менен кейін айналдырар мұсылман баласы бола ма, мына қазақта?» деп ширығады. Дүрбелең дүниенің қызыл-жасылына көзі арбалып, рухани әлемін шаң баса бастаған қалың елінің ертеңіне алаңдайды.
Шығарма міне осылай Пері мен Пенденің диалогы арқылы өрши келе, сайын даланың жоқшысы Баба Жүсіп киелі аруақтардың рухымен кездеседі. Замананың абызы, айтқан сөзі нарға жүк болардай Бұхар әулиенің аруағы күңірене келіп, қазақ тағдыры қыл үстінде тұрғанын айтады, ал әз басын қазақтың тәуелсіздігі үшін, алты Алаштың басын қосу үшін арнаған қазақтың соңғы ханы Кенесарының аруағы да кеудесін қысқан кегін, орындалмай кеткен арманын күңірене толғап, көрген сатқындығының көптігі үшін назалы екенін айтады. Соңыра, тамырына балта шабылған қазақтың рухын ояту жолынан кеудесін оққа тосқан Жүсіпбек Аймауыттың, «Тәшкенде қыршын кеткен ұлың Әменің» рухымен тілдескен қарт Жүсіп, әйгілі Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесіндегі ұмытылмас сәттерін, Жұмат Шанин, Қажымұқан, Әміре, Майра сынды қазақтың игі жақсыларымен өткен күнін еске алады.
Ал соңында Пері Заты Мәшһүрдің жыр-дастан, шежіре жинағын болашаққа аманат қылып шашады. Шашылған асыл мұраны жаңаша киінген, «өзгенің жел шығырын» емес, ардақты бабаның өзі қалдырған рухани шығырын жағалаған жаңаша ұрпақ бірден теріп алып, көңіліміздегі күдіктің бәрін сейілтіп, Дана Жүсіптің жиған-тергені бүгінгіге азық болып келе жатқанын бейнелегені жүрегімізге нұр септі. Машһүр Жүсіп еңбектерінің іздеушісі бар екені, шығыры қайта айнала бастағаны сыздаған жанға медеу бола алды...
Көзі тірісінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Арқадан Сырға барып, ел-жұртпен жүздесіп, ел аузындағы жыр-дастандар мен аңыздарды жинағаны мәлім. Оны ақынның 20 томдық шығармалар жинағын оқу арқылы білуге болады. Енді Сырдан Мәшһүр келіп, Арқа жұртын рухтандырып, бабаның рухани мұрасымен сусындатты.
Успен мен Жаңақорған ауданы әкімінің қолдауымен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары рухани-мәдени ынтымақтастық жөніндегі меморандумы нәтижелі болды деп есептей аламыз.
Нұрбек КЕҢЕСБАЙ,
Успен ауданы,
арнайы «Жаңақорған тынысы» үшін