№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Манап Көкеновтің жолын жалғаймын

Манап Көкеновтің жолын жалғаймын

Шыны керек, халық ақыны Манап Көкеновтің ізін жалғап, ақындығымен елге танылған Әбілхайыр Сыздықовтан кейін дәстүрлі мектепті жалғастырушы ақындар көрінбейді. Соған өкінеміз. Жоқ! Біз қателескен екенбіз. Қолдау білдірсек шабысы ерек таланттар шығады екен. Мұндай ойға Қаратау бөктерінде өткен Манап Көкеновті ұлықтаған ақындар айтысында келдік. Иә, Азамат Тәуекел жүйріктерше шауып, көрерменнің ықыласына бөленген еді. Содан бері сұхбат алуды ойластырып жүретінмін. Соның реті келді.
Табиғаты қарапайым, ақжүрек, аңғал келетін ақындармен сұхбаттасу да бір ғанибет. Ойындағы барын бүкпесіз айтып, көңілінің кеңдігін аңғартады. Жазба ақындық пен айтыскерлікті қатар алып жүрген жас өзінің алғашқы өлеңін қалай жазғанын еске алды.
– Қыркеңседегі №213 мектепте бастауыш сыныпты оқып жүрген кезімде ұстазым Салтанат Алдабекова мектепішілік айтыс ұйымдастырды. Жасыратыны жоқ, ол кезде жаттап айтыстық. Осы айтыстан кейін өлең жазуға құштарлық оянды. Бір күні ашық сабақ үстінде аяқ астынан «Ана тілі» және «Менің Қазақстаным» деген тақырыпта өлең құрадым. Шимайымды оқыған ұстазым, риза болып, ақ тілегін айтты. Осы бір ыстық ықыластан кейін бе, білмедім, әйтеуір кәнігі ақындай шабыттанып, өлеңді оңды-солды бора­татын болдым, – дейді ағынан жарылып.
Отбасы Жаңақорған кентіне көшіп, ол №51 М.Қаратаев атындағы мектепте оқиды. Осы кезде де өз ортасында ақындығымен танылып, мүшайраларда бақ сынайды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алады. Оқу ордасының атынан талай додаға түседі. Шығармашылығына жанашыр достары 2014 жылы «Өлеңмен бірге өмірім» атты кітабын шығаруға дем берді. Бұл өлең жинағында ақын баланың лирикалық өлеңдері мен ой толғамдары басылады. Кітап 100 данамен тарады.
Жас ақынның сөз шеберлігі елге белгілі тұлғалар арасында айтыла бастады. Оны елге белгілі продюссер, әнші Сиви Махмудидің әндеріне сөз жазуынан аңғардық. Соңғы жылдарда «хит әндер» қатарына іліккен «Қыз деген жат жұрттық» деген әннің авторы біздің Азамат Тәуекел екенін көпшілік біле бермейді. Ұзату тойының көшін бастап тұрған танымал әннің авторлық құқығы сақталмай жүргенін де айтып өтті.
– Жақын досым Сиви ханымның продюссерлік орталығында қызмет етеді. Бір күні өтініш жасап, қыз ұзату тойына арнап, өлең жазып беруімді өтінді. WhatsApp Messenger арқылы өлеңімді жолдадым. Көп ұзамай өлеңім хитке айналды. Досыма хабарласып, өлеңімнің авторлық құқығын бұзғанын ескерткенім сол еді, телефон тұтқасын қоя салды. Сол жазба әлі де менде сақтаулы. Менің басты мақсатым – қаламақы алу емес, жүректен шыққан төл туындымды біреу иеленіп кетпесе игі, – деді ол.
2016 жылы университетті үздік аяқтап, №110 мектеп-лицейінің орыс тілі пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын бастайды. Ұстаздық жолда жүріп, 2018 жылы облыстық педогогтар арасындағы айтыс-аламанына шығып, екінші орынға ие болады. Кеше ғана Успен ауданымен мәдени ынтымастық аясында өткен айтысқа шығып, қарым-қабілетін байқатты.
– Жиі айтысқа шыға бермегендіктен болар, бір ысылу кем болғанын мойындаймын. Әрі дайындыққа уақыт тапшы болып, көсіле шабуға реті келмеді. Бекарыс Шойбековтің ақындар мектебінен келген түркістандық жас ақындардың екпіне төтеп беру де оңайға соқпады. Бізде де Әбілқайырдай шаппа-шап айтыстың шашбауын көтеретіндер бар, өкініштісі оның ақындығын жалғайтын шығармашылық мектеп кенже қалды. Халық қадірлеген Манап ақынның жолын жалғағым келеді, – деді.

Р.S: Өзге өңірлердегі ақындар арасындағы достық байланыс шабытты ширатуға себеп болып тұр. Жиі бас қо­сып, достық әзіл, қағытпа қалжың құрап, қоғам туралы жырлауға дағдыланған жастар қандай да болмасын додаларда биіктігін байқата алады. Осындай шығармашылық орта жетіспей жүргенін меңзеген ақынның аудан орталығында жас ақындарды бір арнаға тоғыстыратын шығармашылық үйі болса деген арманы бар.

Мақпал ПАТЕНОВА

24 шілде 2021 ж. 864 0