«Айтыс-batlle»: ақындар талабын ұштады
Тәуелсіздікпен бірге жаңғырған айтыс өнерінің тамырына қан жүріп, өрісін кеңейте түсті. Жүрсіннің жүйріктері елдің түкпір-түкпірінен шығып, сөз өнерінің мерейін асыра түсті. Сол қатарда Әбілқайыр Сыздықовты ерекше атауға болады. Алайда Халық ақыны Манап Көкеновтің дәстүрлі мектебін Әбілқайыр Әбілпаттаұлынан кейін жалғайтын ақындардың жоқтығына қынжылып жүр едік. Бұл ойымыз бекер екен. Оған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен қоғам қайраткері Әбдіғаппар Нұртазаевтың 90 жылдығына арналған «Ел үшін туған ер» атты облыстық ақындар айтысында куә болдық.
Сөз барымтасына Қызылорда қаласы мен аудандардан сегіз ақын келіп, ой жарыстырды. Айтыстың шымылдығын 16 жасқа дейінгі ақындар ашты. Ойы ұшқыр, сөзі жүйелі жайылмалық жас ақын Мұхамедәлі Абдуллаев Жалағаш ауданынан келген Мейіржан Қартпаймен сөз таластырды. Төл өнердің додасына енді ғана құлаш сермеп жүрген жас ақындардың аяқ алысы әділқазылар алқасын қуантып тастады. Дода болған жерде бірі мәреге ерте келеді, екіншісінің бабы мен бағы келіспеуі мүмкін. Алғашқы жұпта жалағаштық Мейіржан Қартпайдың мерейі үстем болды.
Айтыстың екінші жұбы 25 жасқа дейінгі ақындардан құрылды. Сөз сайысына үлкен дайындықпен келген Манап ауылының тумасы Айбек Шекербек пен Қызылорда қаласынан келген Жамбыл Бақытәліұлы шықты. Қос ақын Әбдіғаппар Нұртазаевтың елге сіңірген еңбегін кеңінен насихаттап, қоғамдағы түйдек-түйдек мәселелелерді қозғады. Бұл жұптан жерлесіміз Айбек Шекербек жеңімпаз деп танылды.
Ұлт ақыл-ойының кені әл-Фараби мен Абайдың мерейтойы аясында жыл басынан бері облыстық, республикалық деңгейдегі айтыстар өтуде. Келесі жұпты құраған ақындар сөз аламанына қатысып, ширай түскен ақындар болды. Сырдариялық Бақтөре Айтбай мен жерлесіміз Азамат Тәуекел елдік мәселелерді айтып, тыңдарманның айызын қандырды. Әсіресе коронавирустың екпінімен, нарықтың қыспағын ашық айтты. Сөзі ұтымды шыққан Азамат Тәуекелдің бағы жанды.
«Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, соңғы жұпты құраған Тұрар Бекмырзаев пен Шыңғысхан Мырзалыдан кестелі ой, көркем сөз күттік. Сахнаның киесін терең түсінетін ақындар жүйрік аттарша екпінін күшейте түсті. Орда бұзар отыздан, қырыққа қадам басқан ақындар салиқалы сөз қозғады. Әсіресе адамның азғындап, құндылықтар аяқ асты бола бастағанын, өркениет көшінде адаспай жол табуда ұлттық кодқа иек артудың маңызын жырға қосты. «Жүйрікте де жүйрік бар, бабына қарай жүгірер» дегендей Тұран ойпатының ақыны Тұрар Бекмырзаев алға шықты.
Ұлттың алтын діңгегіне айналған айтыстың «Айтыс-batlle» жобасы аясында өрбіп жатқаны елге де қуаныш сыйлады. Өйткені бұл айтыстың ерекшелігі тек жұптасып өнер көрсету арқылы шығармашылық тұрғыда биігін анықтайды. Таланттардың танылуына, елдің ішіндегі өнерлі жастардың қанаттануына жол ашқан жобаның авторы Талап Тотаев:
– Ұлы өнерді ұлықтаған елміз. Ақындарымыз да бабында екен. Шабыты шарықтаған сөз шеберлерінің отты жырлары мен орамды ойлары жиналған жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Алда әлі де игі шаралар ұйымдастырмақ ниеттеміз. Тек халықтың қолдауы маңызды, – деді.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Әбдіғаппар ауылдық клубы ұйымдастырған сайыс біраздан бері карантиндік жағдайда өтіп рухани жүдеп қалған көрерменнің көзайымына айналды.
Дарияның толқынындай арындаған сөз сардарлары жұрт көкейiнде жүрген қоғамды, елді алаңдатқан өзекті тақырыптарды көтерді. Өйткені, бетің бар, жүзің бар демей өткір мәселелерді бұқпантайламай айту – бекзада өнеріміздің төл табиғаты. Ақындарымыз сонымен қатар, Әбдіғаппар Нұртазаевтың тереңіне бойлап, тау тұлғасын әсем жырмен биіктетті.
Халқымыз «Әр жүйріктің өз биігі бар» дейді. Бұл жолы ақындарымыз жүлдеге емес, жолдамаға бақ сынап, халық көңілінің төрінен орын алу үшін жүйелі сөз, мағыналы ой айтуға тырысты. Қысқасы, «Айтыс-batlle» жас ақындардың талабын ұштады.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА