№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ағаның алақаны

Атам қазақтың «алақан» дегені дене мүшесі болса да оның жылуы жүректі жібітеді. Жанашырлық сезімін сездіреді. Сондықтан оны тәмсіл сөзге теңейді. Дүниедегі ең ғажап мейірім – аналардың алақанында. Ал, ағаның алақаны ше? Меніңше, ізгі жүректен, игі тілектен, қамқорлық қуаттан нәрленген алақанның да арқауы аз емес. Ондай ағалық алақанның ыстық табы, шарапаты, жақсылығы сірә ұмытылмайды. Жаңақорған жерінде жайсаң жан жеткілікті, солардың ішінде саңлақ, салиқалы, парасатты бірегейі болса, ол – Фахриддин Тұрғанбаев десем жаңылмаймын.


Кеше ғана арамызда жүргенде өміршең істерді өркендетіп жатса да өзін көрсетуге, мақтануға жаны қас еді, одан көрі жомарттыққа, жоқ-жұқаға жәрдем жасауға бейім болатын. Әсіресе, қарапайымдылығы, еңбектен қашпайтын бейнеткештігі бекзат болмысын әрлендіріп тұратын. Ол кісі ақыл-парасаттың иесі, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын қайраткер тұғырындағы қалаулы тұғын. Әлдебір шаруамен бара қалсаң «адами қалыптан ауытқыма, көпшіл бол, ел мүддесін өзіңнен биік қой» деп ақыл-кеңес қосып, жақсылыққа жетелеп, үлкендік жолын көрсететін. Міне, осындай орны озық ағамыздың фәни дүниеден бақилыққа кеткелі бір жыл болды.
Фахриддин Тұрғанбаев – кеңестік кезеңде терең білім қуып, жоғары оқу орнында оқып, заманға сай мамандық алып, еңбекке араласқан соң өзінің саналы өмірін ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына арнап, лауазымды қызмет атқарды, елге етене қызмет етті. Нарықтық экономика заманы келгенде кәсіпкерлікті жандандырудың алғашқы қарлығашы болды. Сол арқылы көпке үлгі болып, жұмыспен қамтуға, кәсіп бастауға жол көрсетті.Көптеген істің иірімін тауып, келелі істің басын қайырып, жетістік желкеніне мініп, әрдайым тұлғалық тұғырынан тайған жоқ. Сол үшін ел оны «Пақыр аға» атап кетті. Әліге дейін аузынан тастамай, ел еске алады.
Қазір ойлана отырып, кешегі күндерге көз тастаймын. Ағамыздың кеудесі алтын сандық еді, қоғам, адам жайлы терең пәлсафалық ой тарқатып, шытырман шырғалаңнан шығарып, өмірге құштарлықты арттырып, жабырқау жүрекке жігер сыйлаушы еді. Сондай сәттер жадымнан сірә шыға ма? Ағамның жоқ кезіндегі орны білінген сайын сағыныш жиі мазалайтын болды. «Өмірден үйренген адамдар ғана ұлтының ұлы перзенті бола алады» деген екен Қытай реформаторы Дэн Сяопин. Осы сөз ойға оралғанда ағамның нар тұлғасы көз алдыма көлбеңдеп келе береді. Келіп тұрып, бекзат болмысынан болашаққа деген сенім мен жауапкершілікті сезініп, өмірмен күресте батыл болуға шақырғандай елесті аңғарамын. Ол өзінің өнегелі жолын бізге үлгі еткендей көрініс әкеледі. Шынында Фахриддин аға жоққа жасымай, барға асып-тасымай, ізгілікті із қалдырған, зиялы қауымның өкілі ретінде көптің көкейінде сақтала береді.
Ағаның ағайын-дос арасындағы береке-бірлікті, тату тірлікті сақтау да кісілігі мен кішілігі қатар еді. Кемел ойлап, кең пішетін келісті келбеті, жақсылық жасаудың жанашыры, қайырымды істердің қамқоршысы ретінде ақыл-парасаттың иесі, ел мүддесіне жаралған жан болатын. Әттең, ғұмыры қысқа болды, сол өкініш ғана көңілдің көкжиегін өртейді.
Хадисте «Сендердің артқа қалдыруға ең құнды дүниелерің мал-мүлік, қазына-байлық емес, ұрпаққа үйреткен өнегелі тәрбиелерің» деген емес пе, ол – алып бәйтерек секілді отбасына саясын жайып, ұрпағына ұлағатын сіңірген әзиз әке еді ғой. Бүгінде шаңырағын биік, тірлігін түгел, берекесін баянды ұстаған жеңгеміз Ибадатқа,
ініміз Жаңабекке, қыздарына әке рухы қандай қастерлі болса, олар сол қасиетті берік ұстанып келеді.Сіздерге ұзақ өмір бұйырсын деймін.
«Жақсының өзі өлсе де ісі өлмейді» деген сөз бар. Ұлт даналығында «Ұрпақпен адам мың жасайды» деп те жатады. Бұл шындық дүние, адамдық тұрғыдан аласармас асу. Сол деңгей сардар аға салған соқпақты жаңғыртып тұрады, ізін өшірмеуге тиісті. Жаныңыз жәннатта болсын, сіздің жарқын бейнеңіз ағайынның көңіл төрінде, жүрек түкпірінде мәңгі сақталады.
Ал, мен ағаның алақанын аңсап жүрмін.

Аллаберген АХМЕТОВ
12 маусым 2021 ж. 865 0