№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » СЫРДЫҢ СҰҢҒЫЛА СҰҢҚАРЫ

СЫРДЫҢ СҰҢҒЫЛА СҰҢҚАРЫ


Құттықожа аға жайлы жазу, әрине қиын. Неге? Себебі, сыршыл да сырбаз, салиқалы да салмақты, сабырлы жүріп, сақ басатын ағаның болмыс-бітімін, қабілет-қарымын ашып беру үлкен сын. Расында, Құттықожа аға жайлы жазу үшін, оның телеарналарға берген сұхбаттарын бір қарап шықтым. Ағамен кездескен сәттерімді көз алдыма келтірдім. Жазуға отырмас бұрын бірнеше күн ойда пісіріп, жүйелеп алдым. Сонымен...
Құттықожа Ыдырысұлының телеарналарда берген сұхбаттарынан қайраткердің азаматтық болмысын көріп, байыптылығы мен кеңдігіне, азаматтық өрлігіне кезекті рет көз жеткіздім. Ағамның биік парасат иесі екендігі, жүрегінің жұмсақтығы сезіліп, сағынышым сыр берді.
Құттықожа Ыдырысұлының республикаға белгілі есеп маман екендігін Сыр жұртшылығы біледі. Ағаның «шекпенінен шықтым» деп мақтанатын қаншама шәкірті бар. Мен де сол шәкірттерінің бірімін деп айтуға қақым бар. Себебі Құттықожа Ыдырысұлы қандай істе де қарапайым болып көрінгенімен, талапшылдығы мен ұстанымының қаттылығы сол іске деген сенің де жауапкершілігіңді арттыратын еді. Ағаның күліп отырып, намысыңды қамшылайтын әдеті болды. Ол кісінің алдында жауап бере алмай қалудан ұялып, кез келген жұмысты аяғына дейін жеткізуге тырысатынбыз.
Құттықожа Ыдырысұлының өмірдерегінен бірнеше жылды бөліп алдым. Яғни, 1995-2018 жылдары  арасында облыстық қаржы басқармасының екі рет бастығы, облыс әкімінің орынбасары, одан әрі IV, V шақырылымда сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.  
1999-2004 жылдар аралығында облыс әкімі болған Серікбай Нұрғисаев Құттықожа Ыдырысұлын орынбасары етті. Дегенмен, Серікбай Өрікбайұлы тура 40 күн өткен соң өзге қызметке ауысты. «Мен сізді «қырқыңыздан» шығарып кеттім» деп әзілдеген еді. Сол әзілдің астарында жатқан, үлкен сын, елге деген жанашырлық пен жауапкершілік, ағаға артылған аманат еді.
Құттықожа Ыдырысұлы облыста басшылықта болған әкімдермен бірге отырып, облыстың экономикалық-әлеуметтікжағдайының көтерілуіне еңбек етті. Қысқа және ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлардың іске асуына мұрындық болды.
Ол кісінің бір қасиеті, «мынау үлкен, мынау кіші проблема» деп бөлмейтіндігінде болатын. Ағаның үлкен істеріне, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарлама аясында, үш ірі медициналық мекеменің, облыстық балалар ауруханасының, облыстық перинаталды орталықтың және №3 емхананың құрылысының жүргізілуі, онға жуық мектептің салынғандығын атап өтер едім.
Елбасының балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасын бекіткені белгілі. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде, осы бағдарламаны облыс пайдасына икемдей білді. Ол үшін, біздің өңіріміздің табиғи ерекшелігін өзгелерге ескерте білді. Нәтижесінде, 2016 жылы 3-6 жас аралығындағы балаларымыз 100 пайыз толықтай балабақшамен қамтамасыз  етілді. Ал, бұл үшін қаншама күш-жігермен қатар, мемлекеттік тапсырысты алу жолында дәлелдей білу, сөзін өткізе білу қасиеттері жатыр.
Оның аса бір жұмсақтығының да пайдасы тиетін еді. Аға кез келген істі шешуде жоғарыда отырған жерлестерімізді тартып, ағалық назын өткізіп те отыратын. 
Жерлесіміз, экономика және бюджетті жоспарлау министрі болған Ерболат Досаев телефон шалып, ағалық қамқор үнмен барлық жағдайын сұрастырды. Ол кезде мен медициналық колледжде директор едім. Ерболат Асқарбекұлымен сөйлесе отырып, елдің де жағдайын баян етті. Қаланың қақ ортасында тұрған, өскелең ұрпақты тәрбиелеп отырған оқу ордасын күрделі жөндеуге қаржы қарастыруын елеусіз ғана айтып жіберді. Ағаны алдыға салу деген осы шығар, келер жылы күрделі жөндеу өткізуге 400 млн. теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл қаржыға қаншама жұмыстар жасалды.
Ағамызды арқа тұтып жүріппіз. Айырылып қалдық. Өз отанынның ошағын ғана ойламай, елінің қабырғасы болған азаматтың қайғысын халық болып азалады. Менмін деген ерлердің көз жасына ерік бергенін көрдік. Еңіріп жылап, егіле үзілді.
Ағамыз қазасымен де артына тәрбие қалдырды. Елдің сыйлысы, сүйіктісі болу, екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтін бақ. Ол үшін үлкен жүрекпен қатар, көкірек кеңдігі, парасаттылық пен пайымдылық, азаматтық пен мәрттік қатар жүріп отыруы тиіс.
Бұл қасиеттердің барлығы Құттықожа Ыдырысұлының өне бойында болған еді. Қарындасы, замандасы ретінде ағамен қоштаса тұрып, өмір мектебінің тағы бір тәрбиесін бойыма жидым. Ол кісі бар ғұмырында «абырой» биігінен түспеген екен. Ал, абырой адам баласына берілетін ең үлкен баға. Мүмкін «көркем өлім» дегеніміз осы шығар.
Құттықожа ағаның жатқан жері жайлы болсын, иманы пейіште шалқысын дегім келеді.
                                                                                       Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА,
                                                                            «Нұр Отан» партиясы облыстық
                                                             филиал төрағасының бірінші орынбасары
17 шілде 2019 ж. 559 0