"Жылдың үздік ұйымы"
«Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық қоры биыл облыста «Жылдың үздік ұйымы» атанды. Жанашыр, қамқор жандардан құрылған бұл ұйым аялы алақаны мен жүрек жылуын ешкімнен аяп қалған емес. Қайта олар сауабы мол іске атсалысқанына дән риза. 100-ден аса ерікті мүшесі бар ұйымның төрағасы Еркінбек Айнақожаев.
Биылғы жыл «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры үшін жемісті болды. Ең әуелі жаңақорғандық жалғызбасты ана, ІІ-топ мүгедегі Анаркүл Беласарова анамызға арнап жаңа баспананың кілтін табыстады. Оған қоса, «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығынан «Qamqor» әлеуметтік дүкенін ашты. «Анаға хат», «Әкеге хат» шығармашылық байқауы мен көптеген мәдени-рухани шараларға ұйытқы болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Атамекен» кіші бағдарламасының «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде ауданның және облыстың «Жылдың үздік ұйымы» номинациясына ие болды. Ұйым мүшесі Еркебұлан Төреқұлов «Ерен ерікті» атанып марапат биігінен көрінді. Айта кететіні, жақында ғана облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен дәстүрлі Қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың III-өңірлік форумында «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры «Жыл еріктісі» номинациясына лайықты деп танылды. Жігерлі жігіттер қауымының осындай еңбектері бағаланған еріктілерді шынында ауданның «Жылдың үздік ұйымы» аталымына лайықты деп таптық.