Жас ақындар қолдауды сезіне ме?
Ақындық өнер – сөз өнерінің аса қадірлі әрі қасиетті саласы. Тұтас ұлттың қазынасына айналған ұлық мұрамыздың бояуы бүгінгі жас буынның бойынан байқала ма? Жас ақындарға қолдау қай деңгейде?
Аймағымыздағы ақындық өнерін сөз еткенде ең алдымен, Манап Көкеновтің есімі ойға оралады. Оның ізін жалғаған Әбілқайыр Сыздықовтың дара жолы кейінгі буынға үлгі іспетті. Бақсақ, ауданымызда соңғы уақыттарда дарынды жас ақындар толқыны қалыптасып келеді. Мұны облыстық, республикалық додаларға қатысып бақ сынап жүрген жастардың қатарынан аңғардық. Жазба ақындыққа біразы ысылып, қара өлеңнен қатар түзуге жарап қалыпты. Мүшайраға жиі қатысып, өзінің талабын байқатып жүрген Ұланбек Бексаба, Зейнеп Амангелді, Думан Бекмырза, Жібек Сұлтан, Әсел Мәулен, Айбек Шекербек, Наржан Бижанов, Ерасыл Ақбай, Жанайым Әбдіғани, Сүйрік Асан, Алтынкүл Төлеген, Шұғыла Зәйділла, Нұрсинат Абдуллақызы, Нұршат Олжабай, Гүлімжан Әнуар, Ақниет Қалдар есімді жас буынның алғашқы қадамдарынан-ақ келешек ақын қолтаңбасы аңғарылып тұр.
Айтыс ақындарына еліктеп, суырып салмалық өнерге талпынған жастар да кезігеді. Мәселең, жайылмалық Мұхамедәлі Абдуллаев пен Ринат Тасмағанбеттің талаптары сүйсіндіреді. «Алтын домбыраның» үш мәрте иегері Мұхтар Ниязов осы өрендермен кездесуде жас қанаттардың аяқалысынан үміт барын жасырмады.
Иә, бір жылда ауданның өзінде 30 мүшайра, онға жуық айтыс өткізіледі. Жас ақындарды шыңдап, шығармашылық дамуына жағдай қалыптастыруда жұмыс атқарып келе жатқанМ. Көкенов атындағы шығармашылық өнер мектебінің жетекшісі Уалихан Ибрагимов:
– Аудандық мәдениет үйінің қолдауымен әр түрлі тақырыпта жас ақындар мүшайрасы мен айтыс тұрақты ұйымдастырылып келеді. Киелі сөз өнерін бойына қондырып, ізденісін арттырып жүргендер баршылық. Кей ақындарымыз бір мүшайрада орын алмадым деп, келесі додаға келмей, қарайып қалатыны бар. Ақын болу – бәсекелесу емес, өзгенің қателігінен сабақ алып, тәжірибе алмасу. Сондықтан өрге ұмтылған өрендер өлеңнен қол үзбеген дұрыс, – дейді.
Ақындық – табиғи талант болғанымен, үнемі ізденісті қажет етеді. Поэзиялық кітаптарды көп оқып, өлеңді өрістетудің, ойды жеткізудің түрлі тетігін меңгеру қажет-ақ. Кітаптан алшақтай бастаған заманда жас буынға ізденістің жолы үзіліп бара жатқандай. Дара тұлғаларға арналған мүшайраларға дайындық аздығынан тұлға туралы танымы төмен болуы да ойланатын жағдайға айналды. Мәселең, табан астынан сұрақ қойсаң, тұлғаның туған жері, шығармалары, кітаптарының атауын білмей аңтарылып қалатындарды жиі кездестіреміз.
Тағы бір мәселе, жас талапкерлерге бағыт-бағдар аз. Әдебиет пәнінің мұғалімдері бұған неге мән бермейді? Өзі төрағалық еткен додаларда ұсақ-түйекке дейін мән беріп, ескерту жасауды ұмытпайтын өнер жанашыры Қаныбек Әбдуов:
– Мүшайраға келген талапкерлерден жазғандарын жинап алып, өлең құрылысына зер саламын. Бұрқыраған бұлақтай тап-таза, жып-жинақы өлеңдер бір оқығаннан-ақ көңілде қатталады. Тым жақсы өлеңді көңіл толқуынан жақсы жеткізе алмаса соңыра қайта оқуға мүмкіндік беремін. Бұл да тұлғалық қалыптасуға, шабытын оятуға серпін береді деп санаймын, – дейді.
Талай додада қатарластарынан көш ілгері талабы барын байқатып жүрген №168 орта мектебінің оқушысы Жанайым Әбдіғани:
– Әр мүшайра мен үшін бір өткел. Аз уақытта додаға дайындалып, жүлдегер болу да қиын. Сондықтан, жылдар бойы дайындық жүргіземін. Өзімнің білмейтін тақырыптарымды оқып, кемшін тұстарыма зер саламын. Қазақ әдебиеті мен шетел әдебиетін көп оқимын, әрі талдаймын. Жетекшім Қалипа Сейтмұратовадан қосымша дәріс алып, поэтикалық талдауды үйренудемін, – дейді ізденімпаз жас.
Ал, айтыскерлік табан астында ой құрап, сөз саптауды талап етеді. Ауданның абыройын облыста қорғап, өзінен жасы үлкен ақындармен сөз жарыстырып жүрген Мұхамедәлі Абдуллаев қолы бос уақытта республикалық ақындардың айтысын тамашалап, оны саралап, өзіне қажетті тұстарын алып, жаңаша айтыс өрнегін меңгеруге талпынып жүр. Түрлі мақамдарды зерделеп, електен өткізеді. Бұл туралы өзі:
– Айтыста ең бірінші сенімділік керек. Өзіңнің бойындағы барыңа сенімсіздік болса, сәтсіздік аяқты тұсайды. Шабыт шақыру үшін үнемі сахнаға шығар сәтте әжемнің батасын алып, рухтанамын. Қиқулап шыққан қолдаудан соң ой-санам ашылып жүре береді, – дейді.
Бір сөзбен айтқанда, ақындарды мемлекет тарапынан қолдау үздіксіз жүруде. Уақыттың өзі шын таланттарын алға оздырып, айқындауда. Табиғат берген талантты аялап, оны дамыта білгеннің бағы жанбақ.
Мақпал МАРҚАБАЙ