Кәсіби біліктілігімен ерекшеленген мәдениет саласының қызметкерлері марапат мінберінен көрінді
Коронавирус жаһан жұртының алқымынан алып, барлық саланың тынысын тарылтқан кезде мәдениет, өнер саласының қызметкерлері елді рухани қолдауға мән беріп, әлеуметтік желілер арқылы онлайн іс-шаралар ұсынып, көптің көңілін таба білді. Жыл бойы жүргізілген жүйелі істе кәсіби біліктілігімен ерекшеленген мәдениет саласының қызметкерлері марапат мінберінен көрінді.
Алғаш рет өткізілген «Үздіктер шеруі»-2020 іс-шарасы Сүттіқұдық ауылдық клуб үйінде өрбіді. Айтулы марапатты анықтап, мерейлі марапатты табыстауға аудан әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы арнайы барып, өнерлі қауымның коронавирус кезінде елдің еңсесін тіктеп, жігерлендіруге қосқан еңбегін атап өтті.
– Еліміз сын сағатты бастан өткеруде. Қиын жағдайда елдің рухани қолдаушы болып, бұқараға мәнді де мағыналы іс-шара ұсынудың жолын тауып, бар күшін қызметіне арнаған аяулы жандарды құрметтеу құптарлық іс», – деді ол.
Салтанатты шеруде «Үздік ұжым» номинациясын «Қаратау қазынасы» халықтық фольклорлық ансамблі еншіледі. «Жыл жаңалығы» аталымы бойынша Сүттіқұдық ауылдық клубы ерекшеленсе, «Үздік онлайн шара» номинациясын Түгіскен ауылдық клубының «Жұмаға дейінгі жаңалықтар» атты жаңалықтар блогы алды. «Үздік ақпаратшы» аталымы «Арман» кенттік мәдениет үйіне бұйырды.
Сонымен қатар Кенже Әкімбаева «Үздік Рухани жаңғыру жобасы», Балмұхаммед Әбжаппаров пен Тохтар Әжімұратов «Үздік шығармашылық дуэт», Айжарқын Садыбайұлы «Үздік сұхбат жүргізуші», Талап Тотаев «Үздік жоба авторы», Нұрлан Жәпеков «Үздік тәлімгер-жетекші», Оразғали Бидашев «Үздік сазгер», Фархат Бакиров «Үздік үйірме жетекшісі», Сырым Манап «Үздік клуб қызметкері» атанды.
Байкенже ауылдық клубының хореографы Анель Құрбанова «Үздік хореограф» номинациясымен, Таңшолпан Төрехан «Үздік әдіскер-дизайнер» номинациясымен, Асылхан Палахметов «Үздік оператор» номинациясымен марапатталды. Ал Әбдіғаппар ауылдық клубы «Үздік онлайн-концерт» аталымына лайық деп танылды.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосова мәдениет саласының қызметкерлері қандай уақытта болмасын алдынғы шепте қызмет ететінін, бұған карантин кезінде өнерпаздардың өнері дәлел болатынын айтты.
Расында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамдық сананы әлемдік деңгейге көтерудің кең ауқымды реформалық идеясы жатыр десек, осы қоғамдық сана жаңғыруының қозғаушы күшіне мәдениет саласының қызметкерлері өлшеусіз үлес қосып келеді. Мұны Сүттіқұдық ауылдық округінің әкімі Мақсат Абдуллаев қуаттап:
– Ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1550 жылдығы, ақын Абайдың 175 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы және т.б атаулы даталардың тарихи мәні мен мәдени маңызын аудан өнерпаздары жан-жақты насихаттады. Онымен фейсбук, инстаграмм арқылы жүргізілген онлайн шаралар арқылы хабардар болдық, Осылайша мәдениет саласының қызметкерлері елдің енсесін тіктеуге үлес қосып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосты, – деді.
Марапат биігінен көрінген «Қаратау қазынасы» халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ақнұр Қалдыбаева қуанышымын бөлісіп: «Кез-келген марапат шығармашылық адамды шабыттандырады әрі жауапкершілік жүгін арттырады», – деді.
ТҮЙІН. «Ұлт мәдениеті – рухани жаңғыру кілті» десек, осы кілттің иесі саналатын өнерпаздарды марапаттап, мәртебесін асырып, мерейін тасытқаны құптарлық іс болды. Бұл қолдау рухани-мәдени бағыттағы шаралардың сапалы атқарылуына септігін тигізетіні анық.
Мақпал ПАТЕНОВА