№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҰЛТТЫҚ БРЕНДТІ КӘСІПКЕ ИДІРГЕН ҰСТА

ҰЛТТЫҚ БРЕНДТІ КӘСІПКЕ ИДІРГЕН ҰСТА


Жаңақорғанда Мұрат Жәрімбетовты танымайтын адам кемде-кем. Оның қолынан шыққан төл туындыларына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Ағаштан түйін түйіп, түрлі бұйымдарды өмірге әкеліп жүрген шебердің бүгінгі тыныс-тіршілігін, жоспар-межесін білу үшін шеберханасына арнайылап бардық. Карантин кезінде шаруасы уақытша тұралап қалған демесеңіз, түскен тапсырыстар аз емес екенін көрдік.

Ағаш бұйымы демекші, жалпы қазақ халқының қанына сіңген қасиет секілді, ағаштан жасалған құндылықтар ежелден келе жатқан асыл өнер, салт-дәстүрімізге сай келеді. Заманында Есқали сұпының «бұл не қылған қу ағаш, қайдан келді бұл ағаш?» деген сауалына жыр дүлділі Қашаған былай жауап қатады: «Мұнаралы әр жерде мешіт болған бұл ағаш, шеберлердің қолында, кәсіп болған бұл ағаш» дегендей осы асыл өнерді кәсібіне айналдырған Мұрат шебердің туындылары нарықта үлкен сұраныста.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында заман талабына сай көне мен бүгінгіні қисынды ұштастыра отырып, еліміздің рухани кодқа сүйену қажеттігін ұтымды айтқан. Негізі ұлттық тек дегеніміз – ұлтты біріктіріп ұстап тұратын іргетас. Оған жалпы рухани құндылықтар жатады. Сондай қазақтың рухани құндылығының бірі – қолөнер деуге толық негіз бар.
– Карантин кезін пайдаланып, шеберхана салуды қолға алдым. Мүмкіндік болса ертерек бітіруге тырысамын. Өйткені тапсырыстар көптеп түсуде, ертең карантин аяқталып, іс-шаралар басталғанда немесе мереке кездерінде тапсырыс саны еселенеді. Шыны керек, ата кәсіпті игілігіме идіріп, табыс көзіне айналдырғаным рас. Бұл өнерге қызығушылық көп болғанымен, үйренейін деген жастар әзірге төбе көрсетпеуде, – дейді шебер.
Ағаштан ою-ойып, кесілген бөренеге кейіп пен жан бітіретін қасиет оған атасы Жәрімбеттен дарығанын сөз етті. Бала күнінен ұсталыққа үйір болған Мұрат әскерде жүріп, замандастарына түрлі естелік бұйым жасап, өзінің шеберлігін шыңдайды. Уақыт өте келе елімізге танымал қолөнер шебері Пахриддин ұстаздың қол астында қолөнерлік өнерін одан әрі дамытады. Соңғы жылдары көпшілік Мұрат Жәрімбетовті ағаш шебері ретінде тани бастады. Оның қолынан шыққан тамаша туындылары елдің назарына ілігіп жүр. Қолөнершілер көрмесіндегі шебердің бұйымы жоғары бағаланып, үсті-үстіне сұраныс түсуде. Қызығушылықтан басталған іс кәсіпке айналды.
Өзімен қатар үйдегі отанасы Дина Жәрімбетова да киіз басу өнерін насихаттап, көрме көркін қыздырып жүрген жайы бар. Екеуінің де ұсталық ұстанымы шығармашылықпен үндескендіктен өсіріп отырған ұрпағын атакәсіпке баулуда. Бір қыз, бес ұл тәрбиелеп отырған отбасы барлығының қолөнерге икемі бар екенін мақтанышпен жеткізді. Ұлы – Асылбек әкесінің бір көрсеткен кәсіби қырын тез ұғып, шеберге жәрдемші болып жүр. Ағашты баптау, күйіне келтіру, пішін сызу, кескіндеу және тағысын-тағы жұмыстарды меңгерген. Шеберхананың тазалығы мен бұйымдарды реттеу ұлдарының күнделікті дағдысына айналған. Шебер ұлдарын жанына ертіп, ертелі-кеш ұстаханада еңбектенеді. Ондағы мақсаты – бір үзім нанның таза маңдай термен келетінін, еңбек түбі – береке екенін ұғындыру.
Кәде-сый жасаудың қас шебері Мұрат Жәрімбетов: «Әр бұйымның сызбасын сызғанда көп ойланамын. Кейде, өмірден алған әсерімді бейнелеп, түрлі кәде-сый сұлбасын қағаз бетіне түсіремін», – деп шығармашылығын сөз етті. Бір сызбаның өзіне көп уақыт жұмсайтынын, кейде сәтсіздіктер де болатынын айтты. Өзінің қолынан шыққан «Ана жаулығы», «Қорқыт қобызы», «Домбыра», «Шаңырақ шаттығы», «Талбесік» және т.б. дүниелерін таныстырған шебер оның мағынасына терең тоқталды.
Облыстық көрмелерде ерекше дарындылығымен, ізденімпаздылығымен жоғары бағаланып жүрген ағаш шеберінің ескі үйінің іргесіндегі қолөнер бұйымдарын жасайтын асханалық шағын бөлмесінде ауа тар. Оған ауа баптағыш қажет. Шебердің ағашты өңдейтін, жонатын тағы да біраз құралдарды сатып алуға, қолөнер бөлмесін кеңейтуге қолы қысқалық етіп отыр. Несие алып, алаңсыз кірісейін десе, ескі үйді банкі кепілдікке қоймайды. Бір ұл бес қызының қамы үшін қарбаласып жүргенімен қолөнер бұйымдарын жасауға кешкісін уақыт табады. Оған қажетті қараағаш, томарларды елді-мекендерден іздейді. Нағыз қажетті ағаштарды ұстазы Пахридин Сыдықов Түркістаннан тауып беріп жіберіп отыр. Шынайы қолдаушысы табылса, ұлттық өнерді өміріне серік еткен Мұрат Жәрімбетов, серік етіп қана қоймай, бабалардан келе жатқан қолөнершілікті өсер ұрпаққа үйретіп, аманаттауға да алаңсыз кіріспекші. Барлығына уақыт төреші.
31 шілде 2020 ж. 518 0