№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Балаусаның жұлдызды күні алда!

Балаусаның жұлдызды күні алда!

Жаңақорған өнерлі жандарға бай өлке. Бүгінде аудан атын түрлі байқауларда танытып, жетістікке жеткен жастар аз емес. Сондай өнерпаздың бірі, жас әнші – Балауса Сахан.
– Жақындарымның кеңесімен Астана гуманитарлық колледжінің «музыкалық білім беру» бөліміне оқуға түстім. Сонда музыка өнерінің қыр-сырын меңгердім, – деп бастады әңгімесін жас орындаушы.
Кейіпкеріміз оқуын бітіргеннен кейін аудандық М.Көкенов атындағы мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Белсенді жас ұжымға тез сіңісіп, өзінің қабілет-қарымын көрсетуге барын салады. Басшылар оны қолдап «Балауса» ән-үйірмесін үйлестіруді ұсынады. Онға жуық жасөспірімді ән өнеріне баулиды. Оның алғашқы шәкірттері «Хиттоп-шоу» бағдарламасында өнер көрсетеді.
Қазір әншілер фонограмманы көмекші құрал ретінде пайдаланып, көзге түсуді мақсат етеді. Ал Балауса бұл санатқа жататындардың қатарынан емес. Жанды дауысымен көптің жүрегінен жол тапқан орындаушының дауыс ырғағы ерекше. Сахна мәдениетін жақсы меңгерген.
Жастайынан түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, талантымен көзге түсті. Ол «Зимние странички» халықарылық байқауында «Кабы не было зимы» әнін орындап, бас жүлдені иеленді. Алматы қаласында Абай әндерінен өткен байқауда топ жарады. Одан бөлек, «Саз серісі», «Мен қазақпын», «Сағыныш», «Ақмаңдайлым», «Ақбаян» атты аудандық, облыстық байқаулардың лауреаты атанды.
Кейіпкеріміз жас болса да тәжірибесімен, біліктілігімен бөлісіп жүр. «Халық талғамына сай қызмет көрсетудің жаңа әдістемесі» атты клуб қызметкерлерінің семинар-кеңесінде «Эстрадалық вокал» бағытында шеберлік сабағын өткізгені соған дәлел бола алады.
Өнерде биік жетістіктерге жетуде ата-анасы мен ұстаздарының еңбегі зор екенін айтады. Әсіресе «Тайжарыс» республикалық радиобайқауына дайындаған Мақпал Сейтованың көмегін ерекше бағалайды.
Оның басты артықшылығы, фортепиано, баян, домбыраның құлағында ойнайтын бесаспап маман екендігі. Оған хорға дирижерлік ететін қасиетін тағы қосыңыз.
Балауса Мәдіханқызы өнер жолындағы ізденісін одан әрі жалғастыру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қашықтықтан оқуда. Әріптесі Тоқтар Әжімұратовпен бірге «Екі жұлдыз» байқауының екі сынынан сүрінбей өтіпті. Қазір үшінші турында бағын сынауда.
– Өнер – таусыламас байлық, қазына. Оны жастар әрлеп, жаңаша мазмұн қосып, дамыта түссе, өміршең бола түседі. Осы тұрғыда Балауса аудан өнеріне өзіндік рең берді дей аламын, – дейді өнердегі ұстазының бірі, аудандық мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаева.
Өнер – өмір шындығын көркем образдар жүйесі арқылы бейнелейтін, қоғамдық сана мен адам іс-әрекетінің өзіне тән ерекшеліктерімен дараланатын форма. Өнер халықтың өмірін жай сәулелендіріп қана қоймай, ойын жетілдіреді, шығармашылығын дамытады. Өйткені өнер – адамды ойлануға үндейді, көркем мінезін байытады. Міне кейіпкеріміз де осы пікірді ұстанады.
– Мазмұны терең әндер орындау арқылы тыңдарманыма рухани нәр бергім келеді. Өйткені өнер өмірді түсінудің кілті. Осы бағытта ізденіп келемін, – дейді ол.
Халық алдында өнеріңмен танылу үшін, өзіңе талап қоя білуің керек. Мұны Балауса жақсы түсінеді.
Олай болса, жас орындаушының жұлдызды күні алда екеніне сенеміз.


Лаура АЙДАРХАН
07 сәуір 2020 ж. 1 128 0