№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ТАЛАНТТЫ ЛАУРА

Қазір не көп, әнші көп? Көбісіне фонограмма көмекші құрал болып жүр. Ал, Лаура Андриасянды бұл санатқа жатқыза алмайсыз. Себебі, жанды дауысымен жүректерден жол тапқан орындаушының бірі. Дауысы да ерекше. Сахна мәдениетін де бойына сіңірген өнерпаз. Бізді қызықтырғаны, ұлты армян болса да, бойынан қазақы қалыпты көруге болады.
Олай деуіміз, қазақ әндерін нақышына келтіріп орындайды. Осындай табиғи талантымен танылған «Экспресс» ән-би ансамблінің белді мүшесімен Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында тілдескен едік.
Бұл күні қазақ даласын мекендейтін өзге ұлт өкілдері бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың айшығын келтіреді. Расында, өзгені өзегінен теппеген қазақ халқына өзге ұлт өкілдері алғысын жеткізіп, ұрпағына ұлттар достығын ұлағат етеді. Жаңақорғанда 18 түрлі ұлт болса, барлығы қазақтың кеңдігіне шүкір етеді. Содан болар қазақтың салт-дәстүрі мен тілін жетік меңгерген. Біздің кейіпкеріміз де қазақ тілін еркін қолданатынның бірі. Ұлты армян болғанымен, жаны қазақ ол мектеп табалдырығынан өнер адамы болуды мұрат тұтады.
– Өнерге бала кезден ғашық болдым. Ең алғаш би билеп, мектепішілік мерекелік кештерде өнер көрсетіп жүрдім. Ал, әншілік жолға түсуіме себепкер болған жан Нұрберген Тастаев болатын. Ол кісі мені алғаш жұмысқа шақырып, өнер жолында өзіндік орнымды қалдыруыма септігін тигізді. Ал, ән әлемінде жанашыр аға, ұстаз ретінде Талап Тотаевты айта аламын. Себебі, сахнада үнемі бағыт-бағдар беріп, ақылын айтып отырады, – деді әнші.
Лаураның «хит-топ шоу» деп аталатын жастардың кешіне қатысып, үлкен сахнаға шығуға жол ашады. Өзі №169 Н.Илялетдинов атындағы білім ошағын тәмамдайды.
Өнер жолына толық қадам жасаған ол облыстық «Таңшолпан», «Жас қанат» байқауына қатысып, бірінші орынды иемденеді. Кейіннен республикалық «Вояж» конкурсына қатысып, жүлделі орынмен оралады. Алайда, тұрмысқа шыққаннан кейін біраз уақыт өнерден алыстап кетеді. Яғни, бала тәрбиесінде болады. Дегенмен, бойындағы талант қайтадан тыныстап, араға сегіз жыл салып сахнаға қайта оралады.
Отбасында үйдің кенжесі Лаураның ағасы мен әпкесі де сахна төріне бірнеше рет шығып, өнерден кенде емес екенін көрсетеді. Олардың сол жігері кейіпкерімізге дем беріп, қолына микрафон ұстауына себепкер болады. Бүгінде бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
– Жалпы, өнер жолы ауыр жол. Сондықтан, мен балаларымның бұл жолды таңдауына қарсымын. Қандай салаға бетбұрса да қолдауға дайынмын, бірақ өнерден алыс ұстауға тырысамын, – дейді ол.
Түйіндей айтқанда, эстрада жанрында өзіндік жолымен дараланып жүрген Лаураны қалай мақтасақ та артықтық етпейді. Ең бастысы, осы қалпынан таймай, табиғи талантымен талайларды тамсандырып жүре берсін демекпіз.
Әли ТЕМІРБЕК.
30 сәуір 2018 ж. 1 066 0