№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Қаратау елі бәрі-бәрі Әлшекейдің тамылжыған күйлеріне еліткен

Қаратау елі бәрі-бәрі Әлшекейдің тамылжыған күйлеріне еліткен

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қазақ деген қасиетті халқымыздың ұлттық өнері мен тарихи жәдігерлеріне бүгінгі ұрпақтардың айрықша назарын аударды. Сол арқылы бұрын-соңды ұмытыла бастаған тарихтағы, өнердегі, дәстүр-салттағы мұраларды зерттеп, зерделеп өмірге қайта әкеліп, жаңғыртуды міндеттеді. Әрине, бұл бүгінгі, келешек, одан кейінгі жүз жылдықтарда елдің қажетіне жарайтын құндылықтардың біріне айналары хақ. Осы орайда қазақ өнерінде өзіндік орны бар, әлі де талай зерттеу еңбектің негізі болар жерлесіміз, атақты күйші, Әлшекей жайлы аз-кем сөз етпекпін. Әлшекейді айтпас бұрын, ол жайлы көп іздеп, күйлерін таспаға түсірген, көзі қарақты, Халық ақыны Манаптың, оның серіктес, замандасы ақын, жыршы Есіркептің және ағайындас, өнерге біртабан жақын Тынысбектің сол бір жылдарда айтқандары бойынша, есте жүрген төмендегі жағдайларды газет оқырмандарына жеткізуді өзіме міндет санадым. Ендігі, әңгіме Әлшекей жайлы болмақ.


Сонымен күйші атамыз – Әлшекей Бектібайұлы 1847 жылы Жаңақорған ауданы, Төменарық аймағындағы өз әкесінің есімімен аталатын «Бектібай сазы» деген елді мекенде дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Әлшекей балалық шағы кезінде нағашы атасы Рүстемнің тәрбиесінде болып, одан сыбызғы тартуды үйренеді. Кейін сыбызғыдан домбыраға ауысады. Күй өнеріне құмар болып өседі. Біртіндеп өзі де күй шығара бастайды. Той-думен мен ойын-сауықтың ажары, дастарханның базары болған Әлшекей өз кезеңінде Мұстафа, Өтемәлі секілді күйші, жыршы әнші серіктері мен бірге серілік те құрып, табақтас болған деседі. Күйші-сазгер Әлшекей туралы белгілі сазгер, жазушы, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов өзінің «Аққулар қонған айдын көл» кітабында: «Ол Әлшекей Созақ, Шу, Арқа жағында ауық-ауық, ұзақ барып, серілік құрып, атақты Ықылас күйшініі көріп, күйін тыңдаған. Одан Түркістан, Әулие-ата, Ташкент базарының гүлі боп, күй толғаған, ұлы жиынның сәнін кіргізген Қызылқұм, Сыр алабы, Қаратау елі бәрі-бәрі Әлшекейдің тамылжыған күйлеріне еліткен, – деп тебірене жазады. Әлшекей кемеліне келіп, атағы шыға бастаған кезде өнер жарысына түсе бастайды. Оның « Бөпе қызбен тартыс», «Айша қызбен тартыс» деген күйлері кезінде ел арасында аңыз боп тарайды. Бөпе күйші Әлшекейдің күйшілік өнеріне, өзіндік мәнеріне дән ризашылығын білдірген. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Әлшекейдің Айша қызбен күй тартып, Айша қызды тоқтатқан екен. Әлшекей күй мәнеріне қарай домбыраны ойнатып тартатын болған дейді. Ол домбыраны шертіп отырып, бір қолы пернеде жүрсе, екінші қолымен күй мінезіне сәйкес неше түрлі қимыл жасап та отырады екен. Бірде Жаңақорғанннан келген бір жеңгесі Әлшекейге бұрын естімеген жаңа күй тартып беруін өтініп қоймапты. Сол кезде Әлшекей сәл-пәл ойланынқырап, домбыра құлағын әрі-бері бұрай отырып, бір күйді шерте жөнделеді. Күй қайырмасына келгенде ол сол қолымен домбыра тарта отырып, оң қолын күйдің ырғағымен жанында отырған әлгі жеңгесіне жүгірте бастайды. Біраздан соң бұл сәтті тағы да қайталанады. Әлшекейдің мұндай өнеріне риза болған дастархан басындағылар күлкіге кенеліпті. Сол жолғы тартқан бұл күйі «Жаяу кербез» аталып кетеді. Әлшекейді көрген кейінгі қарт қариялар оның үш күн, үш түн тартқанда, күй таусылмайтынды және бір күй бір күйіне ұқсамайтын деп дәріптеп отырады екен. Осындай дарын иесі үлкен жылан деп аталатын 1917 жылы Оңтүстік өңіріне, сонан Тәжікстанға қоныс тепкен. Ол жерлерде де өнерден қол үзбей көп көзіне іліккен. Күйші-сазгер Әлшекей Бектібайұлы 1932 жылы 85 жасында Тәжікстанның Душанбе қаласы Шарабай ауданындағы «Жуан» қыстағында дүние салады. Сыр елінің Тәттімбетті атаған Әлшекей 100-ге тарта күй шығарса, кезінде оның 60 күйі елге жайылған, бірақ оның жиырма шақты күйі ғана бізге жетіп үлгерген.
Көп күйінің бізге дейін жетпей қалуының басты себебі, Әлшекейдің елден шет жерге ерте кетіп қалуы себеп болса керекті. Әлшекейдің үлкен баласы Дәнебек күй тартуды кәсіп қылғанымен, ол әкесінің көп күйін білетін болған. Соның орындауында Әлшекейдің біраз күйі магнитті таспаға жазылғанымен, ол кейін табылмай кетеді. Бұл жайды Дәнебектің баласы Жидебай да жиі айтып отыратын еді, – дейді.
Сонымен Әлшекейдің бізге жеткен күйлері: «Тепең көк», «Аққу кеткен», «Тай шұбар», «Жаяу кербез», «Ақсақ тоқты», «Айрауықтың ащысы», «Тоқтаған», «Толқын», «Ене», «Шерлі», «Терісқақпай», «Бозторғай», «Нар соққан», «Жіп жүгірту», «Қаратау», «Айша қызбен тартыс». Әлшекейдің күйлерін кезінде Әбдіқадыр Әбдіхалықов, Тынысбек Дүйсебеков, Абидын Мұсабаев, Әбілтай Сүлейменов, Үсен Әбшенов, Аман Жаманқұлов, Айсын Райымбеков, Бәден Айсыновтар тартып, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған еді. Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов Әлшекейдің 15 шақты күйін магнитті таспаға түсіріп, 1972 жылы Республика Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына тапсырады. Күйшінің 10 күйі Бүкілодақтық пластинка фирмасынан күйтабаққа жазылады. Әбдіқадыр Әбдіхалықов пен Тынысбек Дүйсебековтың орындауында Әлшекейдің біраз күйлерін журналист-оператор Тұмарбай Жәненов бейне таспаға түсірген еді. Өкінішке орай, одан да із қалмаған. Құнтсыздықтан болар кезінде мән бермей, бүгіндері өкінішті жағдайда отырмыз. Әлшекейдің шығармашылығын Манап Көкенов, Құдабай Ертаев, Досан Шпақов, Бейбіт Айсынов, Хазіретәлі Тұрсынов баспасөз беттерінде бірқатар насихаттап, дауылпаз күйшінің рухын биікке көтергені бар. Әлшекей өмір жолы мен күйлері жайлы мағлұмат Қазақ Совет Энциклопедиясына еңген. Аудан орталығында Әлшекей атындағы өнер мектебі талантты жастарды тәрбиелеп жатса, Талап ауылында Әлшекей атындағы халықтық ұлттық аспаптар оркестрі күйші-сазгердің күйлерін жұртшылыққа кеңінен насихаттап келеді.
Сөз соңында айтарымыз, Әлшекейдей күйшінің күйшілігі, орындау шеберлігі, оның талантты, 100-ге тарта күйінің шығу тарихымен өмірі жайлы әлі де талай зерттеуге, зерделеуге, қажет болса ғылыми еңбекке өзек болатынына шүбә жоқ.
Қос ішектен төгілген күй құдіреті осы болса керек.


Файзулла САХИЕВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі,
ауданның «Құрметті азаматы»

21 тамыз 2019 ж. 998 0