"Үркер" үміт үдетті
"Үркер" журналистика байқауы жарияланды 10 мамыр күні баспасөз, радио және интернет-журналистика салаларына арналған Ұлттық "Үркер" байқауы жарияланды. Байқау мақсаты – талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестеріне құрмет көрсету және 2017 жылдың қорытындысы бойынша олардың шығармашылығына қоғамның назарын аудару.
Бұл байқау 2017 жылы 14 аталым бойынша алғашқы жеңімпаздарын анықтаған еді. Ал биыл жүлдегерлер негізгі 12 номинация бойынша марапатталады:
– Үздік фотосурет;
– Үздік репортаж;
– Үздік сараптамалық материал;
– Үздік журналистік зерттеу;
– Үздік сұхбат;
– Қазақстан туралы үздік танымдық материал;
– Үздік халықаралық талдамалы материал;
– Үздік өңірлік радиостанция;
– Үздік өңірлік мерзімді басылым;
– Үздік Қазақстандық радиостанция;
– Үздік интернет-басылым;
– Үздік республикалық мерзімді басылым.
Қазақстан Республикасы ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Н.О.Мауберлинованың айтуынша, биылғы байқауда қосымша тағы бір тәжірибелік номинация қосылған. Қосымша қандай номинация болатынын оқырмандар el.kz сайтында дауыс беру арқылы таңдайды. Барлық 12 аталым бойынша жұмыстар мен редакция өтініштері el.kz сайтында 10 маусымға дейін қабылданады. Басты шарт – материалдар 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарияланған болуы тиіс. Жұмыстарды мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіби журналистер мен медиаменеджерлер тексеріп, Журналистер күні 28 маусымда жеңімпаздар "Qazcontent" акционерлік қоғамының 1 000 000 теңге сыйақысымен марапатталады. Еске сала кетейік, "Үркер" сыйлығының алғашқы байқауында Massaget.kz ұжымы "Қазнеттегі Медиасерпіліс" аталымында үздік шыққан еді.