№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ТОҚШЫЛЫҚТЫҢ БАҒАСЫН БІЛІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ТОҚШЫЛЫҚТЫҢ БАҒАСЫН БІЛІП ЖҮРМІЗ БЕ?



АШТЫҚ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ЕЛДЕР
Қазақ халқы аштықтың зардабын жақсы біледі. ХХ ғасырда екі рет жылдап аштықтың зардабын көрді. Халықтың жартысынан айырылдық. Шүкір! Қазір тоқшылық заман. Осы тоқшылықтың қадірін білмей ара-тұра секіріп қоюды әдетке айналдырып келеміз. Ал әлемде аштықтың құрсауында қабырғасы қайысқан елдер көп. Соны отандастарымның назарына салсам деп едім.
Арамызда ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы аштықтың куәсі болғандар қатары азайып келеді. Сондай сүйегі асыл жанның бірі Әлібек Темірбек. Ол қиын-қыстау заманды былай есіне алады: «Малдың артында жүрген қазақ барынан айырылды. Сөйтіп аштықты көрдік. Әйтеуір көретін жарығым бар екен».
Расында біз осы бақыттың қадірін қаншалықты сезініп жүрміз. Жалпақ тілмен айтқанда «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда күн кешіп келеміз. Әрине біздің ел әлеуметтік деңгейі тұрақты болғанымен, бақуатты мемлекеттердің қатарында емес. Ал сондай дәрежеге жету үшін жастар, бүгінгі аға буын талпынуы керек.
Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем бойынша 820 млн. адам аштықтың қыспағында қалғанын айтып дабыл қағуда. Бұл мәселе БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қоры, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы ұйымы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірлесе әзірлеген баяндамада айтылған.
Аштыққа ұшырағандардың саны бойынша Африка елдері көш бастап тұр. Қара құрлық халқының әрбір бесінші тұрғыны ішерге ас таба алмай жүр. Бұл ресми дерек қана, негізінде африкалық кейбір тайпалардың өлекселері ит-құсқа жем болғаны әлеуметтік желілерде өріп жүр. Онан кейінгі орындарды халқының 7 проценті тойып тамақ ішпейтін Латын Америкасы мен Кариб өңірі бөліседі. Ал Азияда бұл көрсеткіш 12 пайызды құрайды.
Сарапшылардың пайымдауынша, бұл үдеріс жалғаса беретін болса, БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының екіншісі саналатын 2030 жылға қарай аштықты жою бағдарламасын орындау мүмкін болмай қалады екен.
– Климаттың өзгеруі, табиғаттың тосыннан соғатын құбылыстары, қарулы шиеленістер – аштықтың басты себептері. Алайда баяндамада бұған экономикалық даму қарқынының бәсеңдеуі де әсер еткені көрсетілді, – дейді Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қорының президенті Гилберт Хоунгбо.
Халықаралық ұйымның баяндамасында 2015 жылы дүниеге келген 20,5 млн. баланың салмағы аз боп туғаны атап көрсетілген. Алайда, соңғы алты жылда өсуі кешеуілдеген балалар саны 10 пайызға кеміген. Сонымен қатар көбіне дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болатын артық салмақ дерті мен семіздікке душар болғандар есебі әлемнің барлық өңірлеріне тән қатер болып отыр.
Халықаралық ұйымдар басшыларының баян­дау­ларына қарағанда, азық-түлік қауіпсіз­дігінің сақталмауынан ерлерге қарағанда әйелдердің зардап шегу қаупі басым. Бұндай алшақтық көбіне Латын Америкасында байқалуда. Шығыс Африка халқының 30 пайызы ашқұрсақ жүр. БҰҰ деректеріне сенсек, 2011 жылдан бергі уақытта елдегі экономиканың құлдырауы немесе өндіріс пен сауданың өрісі тарылып, өсімі тоқтағалы бері халықтың тең жартысы аштықтың қамытын киген.
«Егемен Қазақстан» газетіне сурет жариялаған әскери журналист Назгүл Кенжетай 2016 жылы Сирияның Алеппо қаласының бет-бейнесін ашып көрсеткен. Отбасынан айырылған жетім балалардың бір үзім нанға зар болып, ересектері бас сауғалап жүріп, әлі келгендері бір-бірінің азығын тартып жеп, жүрек жалғауда.
Қазір Таяу Шығыс елдерінде аш-жалаңаш, аштықтың зардабын тартып жүргендер өте көп. Әсіресе, Сирия мен Йемен Республикасындағы ахуал халықаралық қоғамдастықты ерекше алаңдатып отыр.  БҰҰ деректері тойып тамақ ішпеу мәселесі қазынасы мол, экономикалық қуатты мемлекеттерді де айналып өтпегенін көрсетеді. Солтүстік Америка мен Еуропа халықтарының 8 процентінің тұрақты тамақтануға шамасы жоқ екен.
Соңғы 3 жылда әлемде аштыққа ұшырағандар саны тағы 10 млн адамға ұлғайған. Яғни, ашқұрсақ адамдар қарасы артып келеді. Бұл жайында Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану саласындағы хал-ахуал» деп аталатын баяндамасында мәлім етілген. Ашқұрсақ өмір сүретіндер қарасы, әсіресе, экономикалық өсімі баяулаған, халықаралық шикізат саудасына тәуелді елдерде көп. Соның ішінде аштықтың зардабын Азияның оңтүстігінде орын тепкен елдер тартып отыр. Дәлірегі, Азияның оңтүстігінде 500 млн. адам ашқұрсақ өмір сүруде. Ал Африка құрлығында бұл көрсеткіш 820 млн адамға жеткен.
Әлеуметтік желілер, теледидардан жиі көріп жүрген өзге елдердегі ашаршылықты көріп, расымен атам айтқан әңгіменің төркінін түсінгендеймін. Қазір әлемге танымал спорт, өнер жұлдыздары мен кәсіпкерлер Африка құрылығына жиі барып, көмек қолын созуды жолға қоюда. Сауапты іске қазақстандықтар да мұрындық болғанын көрудеміз. Тіпті кейбір дамыған елдер мектеп салып беруге әрекет етуде. Өйткені бүгін болашақ осы білімділердің қолында. Осы орайда, «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» демекші, саналы ғұмырын ұстаздық салаға арнаған Жүніс Үпенов қарияның сөзі ойға оралады.
– Қазір білімдінің заманы, қай халықтың ұрпағы білім алуға, жаңа технологияларды игеруге тырысса сол мемлекет дамыған елдердің қатарына қосылады. Өседі, өркендейді. Біздің жастарға білім алу мүмкіндігі көп елдерге қарағанда басымдырақ. Қазір елдің әлеуметтік жағдайы жақсы, біз көрген соғыс жылдардағы аштық заман жоқ қазір. Ондай нәубәтті жылдар қазақтың басына қайта қонбасын деп тілеймін. Бір үзім нан үшін күні-түні жұмыс істеген кездер де болған. Сондықтан бүгінгі ұрпақ осы бейбіт күннің қадірін біліп, байлық-барымызды мақсатты пайдаланайық. Білімге құйған инвестиция келешекке жарқын жол болады, – деді ардагер ұстаз.
P.S.: Алма ғайып заманда не боларын ешкім болжап білмейді. Қазақ жастары масылдық пен жалқаулықтан арылып, бәсекеге қабылеттілігін көрсете білуі тиіс. Болмаса аш құрсақты елдердің кейпін бізде көреміз. Сөздің тоқ етері, ойлану керек, заманға сай қарекет ету керек.
Әли ТЕМІРБЕК
04 тамыз 2019 ж. 713 0