№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Құс жолы



Қаратаудың қолтығынан көтерілген қалың құс қатары қанат талдырар сапарға бет алып, соңына қимай-қимай қарап, құбылаға қарай қалықтап бара жатар кезі сіздің де көңіліңізге мұң үйіріп, өткінші өмірдің шынайы бір көрінісін көз алдыңызға елестетіп қарадай қамықтырып кетері анық. Өйткені жер бетіндегі жаратылыстардың барлығы, олардың тыныс-тіршілігі бір-біріне ғибрат үшін жаратылған.
Біле-білсек, аң-құс, жан-жануар әлемінің бұлжымайтын өз тәртібі, өз заңдылығы бар. Көл жүзінде сап түзеген құс жолының басқарушысы бар топтың ең басында, одан кейінгілер үш бұрышты кескінде қатарды қырағы күзетіп, бағытын бұзбайды. Қып аяғы құмырсқаның да керуен басының соңынан бір қатарда шұбырып, таң атқаннан көз байланғанша өзінше атқаратын шаш етек шаруасы бар. Ал адамдар...
Биыл туған жердің төсінен әлі қанатты достарымыз қош айтысқан жоқ. Демек, жылы күндер әлі алда. Бірақ, неге екенін жақсы күнде жау шақырып, өз-өзімізге қиындық тілеп тұратын қиын мінезіміз қалмаған ғой, «биыл қыс қаһарлы, ерте түседі екен» деп қыркүйектің басынан қиқулап келеміз. Неге? Білмеймін.
Сары күздің тамылжыған осындай күндерінің бірінде «Қызыма арнайылап келе жатырмын» есіктен енген ақсақалдың «Әкеңмен бір класта оқығанмын» деген сөзінен жүрегім езіліп сала берді. Жай сұраса келе ұққаным, қос түлектің бірі өмірге келген Талапта (ол кезде Ворошилов), екіншісі Бөртескенде онжылдық мектеп болмағандықтан оқуларын Жаңақорғанда жалғаған екен.
Қарияның зердесінің мықтылығы соншалықты, елу жетінші жылдары аудан орталығындағы ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы орта мектепті қатар бітірген кластағы қырықшақты түлекті түгелге жуық тізбелеп шықты-ау: Есенбеков Алтын мединститутты бітіріп, аудандағы тубдиспансерді басқарған екен, бар болғаны отыз бес жасында бақилық болыпты, бұл кісіден басқа өмірден ерте озып кеткен құрбылары: – Садықов Сәдуақас, Сүлейменов Жақсыбай, Мұзарапов Үйсінбай, Ашимов Әзімхан ағалар туралы жеке-жеке тоқталды. Қазірде бақуатты ақсақалдың жасқа келген көзі тірі замандастары – Жүсіпов Оңал, Абдуллаев Орынбасар, Мансұров Әкім, Шербатова Әдия, Оңалбаев Өтеш, Сейдеметов Елеусіз, тағы басқа ағаларымыз туралы да әңгімеледі.
Осы сәт әлгіндегі үзік ойдың әсері ме, көз алдыма құс жолы елестеді. Әркімнің өз жолы бар. Алтын көкені алдыға салған рухтар әлемі әлі де жұбын жазбай зау биікте самғап бара жатқандай:
Осынау ардақты тұлғалардың аяқталмаған арманын арқалап келіп отырған мынау ақсақалдың бүгінгі мақсаты – бәрі өзі бола қалғандай өткеннің өлермен бейнетіне бейжай қарап, қаперіне де ілгісі келмейтін бейопа перзенттердің ар-ұятын қамшылап, құндылықтарды құрметтей білуге баулу екен. Жайлы төсекте жайбарақат жатқызбай, жанын жегідей жейтін мәселе осы.
 – Қандай жұмыста болсын, ең бірінші жауапкершілік болуға тиіс, Елбасы кешегі халыққа Жолдауында өзгеге емес, өз бейнетіне сүйеніп өмір сүргеннің жасқаншақтамай бір күнінен бір күні жарқын болатынын айтты емес пе?. Қанағатшылдықтың өзі кісі көңіліне қанат бітіреді, – дейді Әбутәліп ақсақал ағынан жарыла.
Әкесі Құдайберген Жаңақорғандағы МТС-тың алғашқы механизаторларының бірі болыпты. Анасы Сұлу колхозда жұмыс атқарыпты. Жас түлек онжылдықтан соң МТС жанындағы курсты тәмамдап жүргізушілік куәлік алады. Еңбек жолын аудандық ауруханада жүргізуші болып бастады, одан әрі механик, 25 жыл гараж меңгерушісі болып жұмыс атқарыпты.
Жалпы кісі бойына оқудан гөрі тоқудан көп нәрсе өшпестей ұялап, өрге шығарары рас. Әкесінің жанынан бір елі қалмай көз қанықтырған тірлік төл кәсібінде кәдеге жарады.
Аурухана ауласында қаңтарылып тұратын бастапқыда 2-3, кейін қырыққа жуық транспортты тап-тұйнақтай сапарға әзір тұруына әскери тәртіп орнатқан Әбутәліптің талабының бұлжыған кезі болмапты. Жауапкершілікке толы медицина қызметінде он бас дәрігермен жұмыстас болып, бірде-бір ескерту алмаған Әбекеңді басшылық жетпіс бір жасқа дейін зейнеттік демалысқа жібермей, жұмыс атқарыпты.
Қарияның кеудесінде жарқыраған «Еңбек даңқы» ордені, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдары осының дәлелі.
Өмірлік серігі Гүлсім апа екеуі 7 ұл-қызды өсіріп, жетілдіріпті.
Адалдық, туралықтан таймау, еңбексүйгіштік сол кез адамдарының баршасына тән қасиет. Жасы сексеннен асса да, еңсесін тік ұстап, қарағайға қарсы біткен бұтақ сынды қасқайып отырған қарияның қажыр-қайратының өзі тек шынайы тазалықты ту еткен тағдырының тартуы шығар деп түйдік.
29 шілде 2019 ж. 786 0