№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бірлікте қайтыс болған кісінің жаназасында құстар ақтық сапарға шығарып салған

Бірлікте қайтыс болған кісінің жаназасында құстар ақтық сапарға шығарып салған

  Қаратаудың қолтығынан көтерілген қалың құс қатары қанат талдырар сапарға бет алып, соңына қимай-қимай қарап, құбылаға қарай қалықтап бара жатар кезі сіздің де көңіліңізге мұң үйіріп, өткінші өмірдің шынайы бір көрінісін көз алдыңызға елестетіп қарадай қамықтырып кетері анық. Өйткені жер бетіндегі жаратылыстардың барлығы, олардың тыныс-тіршілігі бір-біріне ғибрат үшін жаратылған.
  Біле-білсек, аң-құс, жан-жануар әлемінің бұлжымайтын өз тәртібі, өз заңдылығы бар. Көк жүзінде сап түзеген құс жолының басқарушысы топтың ең басында, одан кейінгілер үш бұрышты кескінде қатарды қырағы күзетіп, бағытын бұзбайды. Қыл аяғы құмырсқаның да керуен басының соңынан бір қатарда шұбырып, таң атқаннан көз байланғанша өзінше атқаратын шаш етек шаруасы бар. Ал адамдар...
Биыл туған жердің төсінен әлі қанатты достарымыз қош айтысқан жоқ. Демек, жылы күндер әлі алда. Бірақ, неге екенін, жақсы күнде жау шақырып, өз-өзімізге қиындық тілеп тұратын қиын мінезіміз қалмаған ғой, «биыл қыс қаһарлы, ерте түседі екен» деп қыркүйектің басынан қиқулап келеміз. Неге?
***
Сары күздің тамылжыған осындай күндерінің бірінде «Қызыма арнайылап келе жатырмын» деп есіктен енген ақсақалдың «Әкеңмен бір класта оқығанмын» деген сөзі­нен жүрегім езіліп сала берді. Жай сұраса келе ұққаным, қос түлектің бірі өмірге кел­ген Талапта (ол кезде Ворошилов), екін­шісі Бөртескенде онжылдық мектеп болмағандықтан оқуларын Жаңақорғанда жал­ғаған екен.
Қарияның зердесінің мықтылығы сон­ша­лықты, елу жетінші жылдары аудан орталығындағы ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы орта мектепті қатар бітірген жұп кластағы қырықшақты түлекті түгелге жуық тізбелеп шықты-ау: Есенбеков Алтын мединститутты бітіріп, аудандағы тубдис­пансерді басқарған екен, бар болғаны отыз бес жасында бақилық болыпты, бұл кісіден басқа өмірден ерте озып кеткен құрбылары: – Садықов Сәдуақас, Сүлейменов Жылқыбай, Ашимов Әзімхан, Егенберді Әмитов, Срайыл Скендиров, Әләудін Үсейінов, Әсия Ибрагимова, Зайыров Әзім, Мейірбек Әбдіреймов, Мұзарапов Үйсінбай, тағы басқа ағалар туралы жеке-жеке тоқталды. Қазірде бақуатты ақсақалдық жасқа келген көзі тірі замандастары – Жүсіпов Оңал, Абдуллаев Орынбасар, Мансұров Әкім, Шербатова Әдия, Оңалбаев Өтеш, Сейдеметов Елеусіз, Абдрахманов Жұман, Абдрахманов Мылтықбай, Қазантаев Сейдулла, Нұрымбетов Әнуар тағы басқа ағаларымыз туралы да әңгімеледі.
Осы сәт әлгіндегі үзік ойдың әсері ме, көз алдыма құс жолы елестеді. Әркімнің өз жолы бар. Алтын көкені алдыға салған рухтар әлемі әлі де жұбын жазбай зау биікте самғап бара жатқандай:
Осынау ардақты тұлғалардың аяқталмаған арманын арқалап келіп отырған мынау ақсақалдың бүгінгі мақсаты – бәрі өзі бола қалғандай өткеннің өлермен бейнетіне бейжай қарап, қаперіне де ілгісі келмейтін бейопа перзенттердің ар-ұятын қамшылап, құндылықтарды құрметтей білуге баулу екен. Жайлы төсекте жайбарақат жатқызбай, жанын жегідей жейтін мәселе осы.
– Қандай жұмыста болсын, ең бірінші жауапкершілік болуға тиіс, Елбасы кешегі халыққа Жолдауында өзгеге емес, өз бейнетіне сүйеніп өмір сүргеннің жасқаншақтамай бір күнінен бір күні жарқын болатынын айтты емес пе?. Қанағатшылдықтың өзі кісі көңіліне қанат бітіреді, – дейді Әбутәліп ақсақал ағынан жарыла.
Әкесі Құдайберген Жаңақорғандағы МТС-тың алғашқы механизаторларының бірі болыпты. Анасы Сұлу колхозда жұмыс атқа­рыпты. Жас түлек онжылдықтан соң МТС жанындағы курсты тәмамдап жүргізушілік куә­лік алады. Еңбек жолын аудандық ауруханада жүргізуші болып бастады, одан әрі механик, 25 жыл гараж меңгерушісі болып жұмыс атқарыпты.
Жалпы кісі бойына оқудан гөрі тоқудан көп нәрсе өшпестей ұялап, өрге шығарары рас. Әкесінің жанынан бір елі қалмай көз қанықтырған тірлік төл кәсібінде кәдеге жарады.
Аурухана ауласында қаңтарылып тұратын бастапқыда 2-3, кейін қырыққа жуық транс­порттың тап-тұйнақтай сапарға әзір тұруына әскери тәртіп орнатқан Әбутәліптің талабының бұлжыған кезі болмапты. Жауапкершілікке толы медицина қызметінде он бес бас дәрігермен жұмыстас болып, бірде-бір ескерту алмаған Әбекеңді басшылық жетпіс бір жасқа дейін зейнеттік демалысқа жібермей, жұмыс атқарыпты.
Қарияның кеудесінде жарқыраған «Еңбек даңқы» ордені, «Социалистік жарыстың жеңім­пазы» төсбелгісі, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдары осының дәлелі.
Өмірлік серігі Гүлсім апа екеуі 7 ұл-қызды өсіріп, жетілдіріпті.
Адалдық, туралықтан таймау, еңбек­сүйгіштік сол кез адамдарының баршасына тән қасиет. Жасы сексеннен асса да, еңсесін тік ұстап, қарағайға қарсы біткен бұтақ сынды қасқайып отырған қарияның қажыр-қайратының өзі тек шынайы тазалықты ту еткен тағдырының тартуы шығар деп түйдік.

Нәжен ата және құстар

Бір ойды бір ой түртеді. Осы күні үйге оралғаным сол, ұялы телефоныма әріптесім Әбдісамат «Нәжен ата және құстар» деген тақырыпта хабарлама жіберіпті.
Кешелері Бірлік ауылында тұратын Әбжап­паров Нажмуддин деген ағамыз өмірден қайтқан еді. Сол кісіні жерлеу рәсімінде аспанда көп тырнаның ұшып келіп, зират басын айналып жүріп алғанын түсіріп алыпты. «Қараңдаршы, құстардың өзі де бұл кісіні қимай, қоштасқанының белгісі ме? Жоқ, олар зікір айтуға жіберілген Періштелер болар?» деген ізгі ойлы ауылдастардың даусы естіледі.
Нәжен ата кім? Нәжмуддин Әбжаппаров Бірлік ауылының тұрғыны. Бабалары әжі атанған, денесі Меккеде жерленген екен. Ал әкесі Мансұр молда аса тақуалығымен ел жүрегінде қалған, 95 жыл ғұмыр сүрді.
Мансұр молданың ұлы Нажмуддин жас кезінен зерек, оқу-білімге ынтық болып ер­жетті. Әкесі оны медреседе оқытты. КазПИ-дің тарих факультетін бітірген, газетіміздің тұрақты авторы болатын.
Жалпы, дін – ғылым. Құранда абджад ілімін меңгергендер 1-ден 1000-ға дейін математикалық өлшеммен давтори әууәл – әуелгі жаратылыс туралы тағдыр кітабына болжам жасай білетіні туралы естіп қаламыз. Ал мұның жанында психология, нумерология деген сынды ілімдеріңіздің шаң қауып қалары рас. Өйткені бұл шынайы ғылым.
Кемел білім иесінің жазған дүниелерінің күрделігі сондай оны түсінуге өреміз жетпей, таным талабының тұңғиығына терең бойлай алмай, алып келген жазбаларын не медиа жоспарға, не тарихқа жатқыза алмай бас қатырамыз да жатамыз. «Мақалам неге шықпайды?» деп дау соғатын Нәкең жоқ, екі-үш айдан соң жаңа дүниесін тағы әкеліп тастайды. Мәселен, мына жазбасына назар аударып көрелікші: «Казантьевтің «Гости из космоса» деген кітабының аты «Пришельцы из космоса» болып өзгеруі көп ойға жетектейді. Бәлкім жер планетасы біз есептеп жүргендігінен әлде қайда зор планета шығар. Соның бір шетіндегі цивилизация ортадағы әлі игеріліп жатқан территорияға ұшып та, жаяу да келе беретін шығар. Прилетельцы демей пришельцы деп атауында осындай мән бар шығар. Көне араб географиясында жеті ықылым теориясы бар еді. Бұны ешкім дәл түсіндіріп бере алмайды. Біреулер жеті климат дейді, біреулер жеті материкке апарады. Бірақ арабтар жеті ықылым теориясын шағарған кезде Евразия құрлығы мен Африка ғана белгілі еді. Қалған материктер белгісіз болатын. Жеті ықылым, жеті параллель кеңістік емес пе? Неге құранды оқуда жеті құрра бар деп есептеді? Яғни жеті кеңістіктің жеті түрлі оқу нақышы орфоэпиясы бар шығар. Құранды пайғамбарымызға жеті аяттан тұрады деп түсіндіреді. «Фатиха» сүре­сін Масаня деп атайды. Масаня-мадақ деген сөз, екінші мағынасы қайталау болады. Сонда жеті масаня жеті рет қайталанған құран болып шығады».
Біз білетін Нажмауддин аға иманға бай, құл­шылығын үздіксіз жалғастырған кісі бола­тын.
Осы жерде мына бір тәмсілді келтіре кетейік:
«Әнес Бин Малик (р.а) былай дейді:
– Табуд соғысында Пайғамбарымызбен (а.у.у) бірге едік. Күн шайдай ашық еді. Табуд пен Мәдинаның арасы бір айлық жол еді. Күн бірден бұлттанды. Дәл осы кезде Жәбірейіл (а.с) келді Расулалла Аллаһ елшісі одан сұрады:
– Әй, Жәбірейіл, күн неге бұлттанды?
– Күннің күнгірт тартуы бетін жапқан періштелер қанатының көптігінен, – деді ол. Мәдинада Мауиа бин Кира дүниеден қайтты. Ұлы Аллаһу субһана Тағала оның жаназасына 70 мың періште жіберді. Өйткені ол отырса да, тұрса да, жүріп бара жатса да, күндіз де, түнде де «Ықылас» сүресін оқитын. «Ықылас» сүресінің сауап дәрежесі үлкен».
Не болғанда да бұл кісі тегін болмады. Қабірін айнала ұшқан құс тобы зікір айтуға жіберілген періштелер емес пе екен деп біз де толғандық. Оның хикметін бір құдырет біледі.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
02 қараша 2018 ж. 1 253 0