Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сыныптасқа хат

Қадірлі досым, Ұлбосын. Жан толқынысыңа толы, бірақ таза өмір шындығына құрылған сырнамаңды оқып, көңіліміздің толқығанын жасырмаймын. Бұл өмірде бәрі өткінші, бәрі жалған деген үмітсіздікке сенің кешегі қимас күндердің естелігіне толы есті хатың кәдімгідей тойтарыс бергендей, балалықтың бал күндері ойға оралып, адам өмірінің мәні -өткен күндерде екен ғой деген шынайы ақиқатты мойындатып отыр.

Өткен күн бізге несімен қымбат: неге өмірдің мәнін бүгіннен емес, кешеден іздейміз? Әр заманның өз үні, өз ұраны болады емес пе? Ал біздің жүрегімізде өткеннің әні де, жыры да тереңірек ұялап қалған тәрізді. Адалдыққа, тазалыққа, шыншылдыққа тәрбиелейтін ұранын да ұмытқан жоқпыз. Жап-жас қыз-жігіттердің өмірге ғашық жүрек бұлқыныстарына толы ғажайып өмір Гимні еді ол.
Мектебіміз сегіз жылдық болатын. сегізінші класты бітіргендер тоғыз бен онды бөлімшеден үш шақырым қашықтықтағы совхоздың орталығы - Төменарыққа қатынап оқитын. Сегізіншіден кейін мектеппен қоштасу кешіндегі бітіруші түлектердің алтын ұясын, ұстаздарын қимай, жаудыраған жанарларындағы мөлдір жас пен жан толқынысын әрең тежеп ағай-апайларына арнау оқығандары қандай жарасымды еді. Мектеппен ғана емес, ерке де еркін, балдай тәтті балалықтарымен қош айтысып, қайта оралмас қымбат уақыттың қадірін қимай, соған шын қинала білер қасиет бәрінің бойына қайдан дарыған десеңші. Әйтеуір бір ретінде соғыс көрген Смайыл ағайымыздың көз жастарын тия алмай бырсылдаған момақан шәкірттеріне тоқтам айтып: "Ай, немене болды сендерге, қолдарыңа мылтық алып, майданға кетіп бара жатқандай" деп жиналған көпшілікті күлдіргені бар. Бүгінде аяулы мектебін, ұстаздарын қимай көзіне жас алған бірлі-жарым шәкіртті көрсем сонау кезеңдердегі шынайы сезім шырылдап кеп көкірегіме қона қалады да қосыла жылағым келеді. Ол кезеңдерде сезім де, сүйіспеншілік те неткен шынайы еді. Тілсіз түсінісіп, жүрекпен ұғысқан ұлы сезімдердің ұштығы көңіліміздің бір түкпірінде әлі де ұмытылмай, мөп-мөлдір күйінде сақталып келе жатқанын сен де, мен де мойындауға тиіспіз.
Бүгінде құндылық атаулы құпия болудан қалды. Балаларымыздың бесіктен белі шықпай жаһанданудың жалмауыздай араңына жұтылып, ненің жақсы, ненің жаман, ненің адал, ненің харам екенін білмей нәп-нәзік гүлдей көңілдері қалың тұманның арасында адасып жүр. Аяйсың Қауызы жаңа бүр жарған бәйшешектей балғын қыздарымызға телеарналардан берілетін бағдарламаның бикелері - байынан таяқ жеген көгенкөздер көргенсіз қылықтарын одан сайын үдетіп, жастардың санасын улап бітуге айналды. "Ұят, ұят, қашанғы ұят деп қазақ қызы қатардан қалады?" деп қаракөздерімізді жалаңаштанудан да қаймықпайтын қарабет "қайсарлыққа" баулып бағуда. Ұятсыздықтан ұпай түгендегенді "жұлдызға" айналдырып, тас төбемізге тайраңдатып қойғаныңа қаның қарайса да қолыңнан түк келмейді. Бір жаманы, қалың бұқара талапсыз, талғамсыз осындайларды есіртіп, еш-үндеместен төбесінде ойнатып отыр.
Кешегі біздің құрдастарымыз - жалынды жүрек жастар алаңға шығып, арманын айтып, сол жолда қызыл жоса қанға боялғанда мұндай еркіндікті талап еткен жоқ болатын. Олар рух еркіндігін мұрат етті. Ата-бабамыздың асыл мұратына айналған азаттықтың туын қолға нық ұстап, туған тілімізді төрге оздыруға, әдет-салтымызды жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге қалың елді үндеп, қанша жыл тар қыспақта тұншыққан талап-тілектерін жеткізуге бекінген еді. Міне, сондықтан да олардың көзінде от, жанында жігер болды. Қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына қаны қарайған жанның намысшыл ар-ұяты тасқа жаныған қайрақтай жалтылдап тұрады екен. Желтоқсаншыл жастардың өне бойынан сол рухтың жалынын көргенбіз. Бүгінгідей кейде не талап ететіндерін өздері де білмейтін бейберекет ереуілдерді ел болып ерсі көретініміз де сондықтан.
Жалғанның жарығына шығу үшін адамға еркіндік аздық етеді екен. Жақсылыққа жеткізетін жалғыз жол - обал, сауап, ұят деп аталатын үш тармақтың қиылысқан тұсынан бастау алады. Осы жолдан адаспағандар абыройға жетеді. Қанша қиыншылық көрсе де соның берекетіне қауышады. Бұған нақты жауапты сен де, мен де өз өмір жолымыздан тауып отырған жоқпыз ба? Қанағатшылдық - асыл қасиет, қанағаты жоқ ханның күнін кешсе де болдым, толдым демейді екен. Сондықтан да күн сайын көкірегімізге қанағатшылдықтың нұрын саулатып тұрған бір күштің барына мың мәртебе шүкіршілік етейік дегім келеді.

Сәлеммен сыныптас досың Баян ҮСЕЙІНОВА
10 шілде 2019 ж. 1 423 0