№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАБИҒАТЫ ТҰМСА «КӨКТЕРЕК» ДЕМАЛЫС КЕШЕНІ

ТАБИҒАТЫ ТҰМСА «КӨКТЕРЕК» ДЕМАЛЫС КЕШЕНІ


Қазақта «қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» деген бар. Яғни өз қолыңмен тірлік істесең, қарының тоқ болатынын меңзесе керек. Ол рас. Ауданда кәсіптің көзін тауып, тындырымды тірлік етіп отырған отбасылар жетерлік. Бүгін біздің қозғағалы отырған тақырып – Елбасы Жолдауынан туындаған басым бағыттың бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Оның ішінде, отбасылық бизнестің көкжиегін кеңейту. Бәрінен бұрын, ішкі туризмді дамытуға үлес қосу. Хош. Бәрін басынан бастасақ.



Жайылма десе, есімізге тілі дәм үйіретін қарбыз түсетіні жасырын емес. Енді бұл ауылдың тек брендті қарбызымен емес, этноауылымен танымалдығы артатын болады. Олай деуге себеп бар. Ауылдан 18 шақырым жердегі бауда Сәбит Бимашев есімді еңбекқор жігіт ағасы тұрады. Кәсіпкерлікке енді бет бұрған жайылмалық шаруаның шаруасы ширақ. Отбасы да кәсіпке бейім. Әкесі Аманжол «Жиделі» су қоймасында мұрап болған. Айналаны жасыл желекке айналдырып, бау-бақша еккен. Бүгінде «Аманжолдың бауы» атанып кеткен су қоймасы жанындағы жасыл алқап жайылмалықтарға жақсы таныс. Сәбит те әке жолын жалғап, кешегі күнге дейін су шаруашылығында қызмет етті. Енді міне, қолындағы барын сатып, кәсіпкерлікке бет бұрды. «Жақсыны көрмекке» деп біз де «Аманжол» бауына ат басын тіредік.
– Этноауыл ашу көптен ойда жүрген іс еді. Биыл жаз маусымында жаңақорғандықтарға тамаша демалыс орнын ашуды жоспарладық. Шүкір, ойға алған дүние іске асты. Қолдан су айдынын қазып, жасанды көлшік жасадым. Катамаран сатып алып, демалушылардың игілігіне бердім. Ал баудың ішіне төбесі жабылған 4 сәкі орнаттым. Онда 20-30 адам беймарал тынығады. Қазан-ошағы, ыдыс-аяғы, музыкалық аппаратурасы, бәрі бар. Егер теңгесіне келіссек жас малдың етін сойып, ас-ауқатын да әзірлеп береміз, – дейді Сәбит Бимашев.
Әлгінде айттық, қолында барын сатып кәсібін бастады деп. Шынында нартәуекелге барған Сәбиттің еңбегі ерен. Өйткені өзінің «Нива» автокөлігін, «Газ-53» жүк көлігін, бұзаулы сиырларын пұлдап, жоғарыдағы жағдайды жасаған. Мәселен, жасанды көлшік жасауға 45 плита, 150 камаз тас төсеп, көлшіктің астын демалушыларға ыңғайлы еткен. Оның қатарында, 10 күн бойы эксковаторды жалдап, қазу жұмысын жүргізген. Түптеп келгенде, мұның бәрі теңгеге келіп тіреледі. Сәбит қазір мемлекеттен қолдау қаржы іздеп, біраз мекеменің табалдырығын тоздырды. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы арқылы 2 күндік «Бизнес-кеңесші» курсында оқып алды. Осы сертификат бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы облысы әкімінің 3 млн. теңгелік грантына құжат тапсырды. Өкініштісі, бизнес-жобасы өтпей қалды. Жауапты мамандардың бар жауабы: «Бастағалы отырған кәсібінің жері – «Сәбит» шаруа қожалығына тиесілі. Сондықтан демалыс орнын ашу үшін арнайы дара кәсіпкерлік ашуға міндетті». Уақыт жоғалтқан жайылмалық кәсіпкердің бар үміті дана Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген нақылымен амал етуге ғана қалды.
– Дана қазақ «еңбекпен тапқан нан тәтті» дейді. Бұл нақылдың астарында таудай тәмсіл жатыр. Өзім еңбек етуден қашпаймын. Маған тек мемлекет тарапынан жеңілдетілген қаржылай қолдау болса екен. Сыр өңіріндегі «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында бастаған кәсібімді орта жолдан тастамай ауданға, облысқа танымал демалыс кешені ретінде дамытқым келеді. Келешегі демалушыларға 2 жылқыны баптап жатырмын. Біреуінен саумал өндіріп, екіншісін мініп, табиғат аясында серуендеуге мүмкіндік жасаймын, – дейді Сәбит Аманжолұлы.
Одан бөлек, қатарында балық шаруашылығын дамытуды көздеп отыр. Өткен жылы жасанды көлшікке арнайы мыңдаған шабақ әкеліп, құй­­ған. Бола­шақта әуесқой балықшы­ларға балық ау­­лай­­тын ар­найы орын жасамақ ойы бар. Мұның бәрі әзірге жоба. Сәбитпен тілдесу барысында оның туған өлкеге деген алғаусыз сүйіспеншілігін байқадық. Қолында барын, елге, жерге тисін деп тамаша дүниелер жасауда. Мұндайда ауылдастарының да қолдауы маңызды. Мәселен, Сәбит Аманжолұлы биылдыққа 2 мәрте Жайылма мен «Жиделі» су қоймасы арасындағы 18 шақырымдық жолды өз қаржысына грейдер жалдап, тегістеткен. Бар мақсаты – демалушылардың көлігі кедергісіз, бұзылмай келсе болды. Бірақ, осындай жолды тегістеу жұмысы кезінде ауылдың үлкені қолдау көрсетудің орнына: «Сәбит, сен жарқанаттың ұясын тауып алып, байып кеткен жоқсың ба?» деп мысқылдағанына жол болсын.
Хош. Тақырыпты демалыс орнының атауымен түйіндесек. Сәбит алғашқыда қабырғасымен ақылдаса отырып, «Жаңақорған» демалыс орны деп атауды жөн көрген. Кейіннен ойлана келе, бір емес, екі бірдей баудың ортасында отырып, жасыл желекпен байланыстыруды ойластырады. Баудың басым бөлігі 12-18 метрлік көк теректен құралғандықтан «Көк терек» демалыс кешені деп атауға тоқтайды. Сәбиттің бұл пікірін жары Гүлжаһан да құптай кетеді. Иә, ендігі мәселе – осындай тұмса табиғатқа демалушыларды қызықтыра һәм тарта білу. Ол үшін 5 ұл-қыз тәрбиелеп отырған Бимашевтар отбасы «Көк терекке» келген әрбір қонаққа қонақжайлық танытуға даяр.

Әбдісамат ӘБДІШ
23 шілде 2019 ж. 876 0