№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАЙМАҒЫ БҰЗЫЛМАҒАН КЕЙДЕНДЕ БАЛҚАЙМАҚ ӨНДІРІЛЕДІ

ҚАЙМАҒЫ БҰЗЫЛМАҒАН КЕЙДЕНДЕ БАЛҚАЙМАҚ ӨНДІРІЛЕДІ


Кейден ауылында 63 жастағы кәсіпкер бар. Сүт өнімдерінің 12 түрін шығаруды қолға алған Ұлпаш Мәлікқызының кәсібі көпке үлгі.
Иә, қазақта «қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» деген бар. Бұл өз қолыңмен тірлік істесең, тамағың тоқ болатынын меңзесе керек. Ол рас. Аудан орталығында кәсіптің көзін тауып, тындырымды тірлік етіп отырған отбасылар жетерлік.
Бүгін біздің қозғағалы отырған тақырып – Елбасы Жолдауынан туындаған басым бағыттың бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Оның ішінде, отбасылық бизнестің көкжиегін кеңейту.
Хош. Кәсіпкерліктің жас талға­майтынын кейдендік зейнеткер тағы бір мәрте дәлелдеді. Алпыстың үшеуіне келген Ұлпаш Төлеуова табиғи өнімдер өндіріп, нәтижелі кәсіптің үлгісін көрсетуде. Атшаптырым ауласы болмаса да, шағын ғана үй іргесінен кешенді сүт өндіру кластерін дамытып отыр.
«Нұрмұхаммедәлі» дара кәсіпкерлігін ашқан кәсіпкердің бар мақсаты – қорадағы азын-аулақ сауын сиырын сауып, сүт және сүт өнімдерін өңдеу мен өндіруді қолға алу болатын. Бұл жобасын жүзеге асырғанына екі жылдан асты. Осы уақыт аралығында 2 мәрте аудандық кәсіпкерлік палатасының үйлестіруімен «Өңірлік инвестиция орталығы» арқылы қолдау қаражатқа қол жеткізді. Есепке жүйрік нәзік жандының мамандығы да есепші-экономист. Содан болса керек, дара кәсіпкерліктің барлық есеп-қибасын өзі толтырады.
– Дана қазақ «еңбекпен тапқан нан тәтті» дейді. Бұл нақылдың астарында таудай тәмсіл жатыр. Себебі, кешегі бабаларымыз «жастайымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген мақалды тілінен тастамаған. Тоқырау жылдары түн ұйықтамай, күн ұйықтамай бала-шаға қамы үшін еңбек еттік. Кейіннен нарықтық заманға бейімделіп, зейнеткерлікке шық­қаннан кейін кәсіпкерлікке ден қойдық. Сүт өнімдерін өңдеу және өндіру бойынша бизнес жоба қорғап, мемлекет қолдауына ие болдық. Бастаған бизнесіме қолдау көрсеткен Марлен Нұртазаев басқаратын кәсіпкерлік палатасына алғыс айтамын. Олар маған «Қызылорда өңірлік инвес­тициялық орталығы» ауылдық жердегі кәсіпкерлерге қолжетімді несие беретіндігі жөнінде кеңесін айтты. Шүкір, бүгінде ірімшік және қаймақ шығаратын шағын цехым бар, – дейді Ұлпаш Мәлікқызы.
Отбасылық бизнестің шырайын кел­тір­ген шаңырақта барлығы да жұ­ды­рық­тай жұмылып, анамызға дем береді. Қолғабыс деген осы болар. Қарашаңырақтағы ұлы ірі қарасына жем-шөбін берсе, келіні сүтін сауып, көмегін көрсетеді. Ал отағасы көлік жүргізушісі. Ұлпаш апамыздың сеператордан дайын­даған табиғи ұлттық өнімдерін дүкен нүктелеріне жеткізеді. Қазіргі таңда Кейденнен бөлек, Жаңауыл, Жаңақорған кенті мен Қызылорда қаласында тұрақты тұтынушылары бар. Себебі, нарыққа сай сұранысты қанағаттандыруда. Шағын цехта сеператормен сүттен айран, қаймақ, балқаймақ, дәмді ірімшік, ащы ірімшік, құрт өнімдерін шығарады.Бұдан бөлек, ауылмен ғана шектеліп қалмай, қоғам өміріндегі әрбір маңызды шараларға қатысып, іскерлік қабілетін ізінен ерген іні-қарындастарына үйретуде. Былтыр Астана төріндегі «Экспо-2017» халықаралық көрмесіне келген шетелдік қонақтарға ұлттық сусындарымызды наси­хаттап, Жаңақорғанда жасалған табиғи өнімнен дәм татқызды. Татқызып қана қоймай, бұйырғанын сатты да. Осылайша аудан абыройын асқақтатып, кәсібі қалыптаса бастады. Жасым келді деп, шегінбей «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында «Бизнес-кеңесші» жобасы­мен қысқартылған курсқа қатысты. Жоба аясында кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, бизнесінің дамуына үлкен серпін берді. Іскерлік қабілеті ескеріліп, облыстық «Іскер әйелдер – бизнесте» атты шараға қатысты. Қатысып қана қоймай, Сыр өңірінің әлеуметтік-эко­но­микалық өсіп-өркендеуіне және кәсіп­керлік саласының дамуына қосқан айрықша үлесі үшін аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың «Алғыс хатын» алды. Оған қоса, Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауарлары-2017» өңірлік көрме-байқауына қатысып, марапатқа ие болды. Бұлда болса 2 жылда ерінбей еткен еңбектің жемісі деп білеміз. Расында еңбектену қашанда берекет пен ырыздықтың бастауы. Ал, адал кәсіп жасау – адам болмысының туған жер, өсіп-өнген өлкесіне деген азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Қашанда елім деген азаматтың ертеңі жарқын, болашағы айқын. Бұл бағытта Ұлпаш Мәлікқызының еңбегі өскелең жастарға өнеге. Әрине, кейдендік кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Аудандық, облыстық мемлекеттік гранттарға қатысып, жеңімпаз атанып жатса кәсібін кеңейтуді жоспарға қойған. Әзірге қолда бар препараттармен халыққа қызмет жасап, тағы бір жәрмеңкеге қатысуға дайындық үстінде. Сәтін салса, сенбі күні Жамбыл облысында Қызылорда күндерінің өтуіне орай ұйымдастырылатын жәрмеңкеге отандық өнімін жасауда.
Түйіндей айтқанда, Елбасы Жолдау­ында: «Шағын бизнес – ұрпақтан – ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс» деген болатын. Осы ұстанымды берік ұстанған Ұлпаш анамыз отбасылық кәсіпті дамыта отырып, келешекте отандық өнім көлемін кеңейтпек ниетте.


Әбдісамат ӘБДІШ.
06 қазан 2018 ж. 1 571 0