ҚОШ БОЛ, МЕКТЕБІМ!
Мектеп түлектерінің қоштасу кешінде жастардың алаулаған арманы мен ұстаздардың сыры мен сыны көп үлкен өмірге қанаттандырған шәкірттеріне қимастық көңілін байқадық. Осынау жауапты сәтте ұстаздар мен жас түлектердің және ата-аналардың қуанышына ортақтасу мақсатында мектептерге арнайы бардық.
Шараға облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова арнайы қатысты.
– XXI ғасырдың басты құндылығы – білім. Яғни, адам капиталы шешуші рөлге ие. Осындай жауапкершілік жүгін бүкіл болмысымен сезінетін №3 мектеп-интернатының ұстаздары абыроймен көтеріп келеді. Педагогикалық ұжымға алғыс білдіріп, талапкерлерге сәттілік тілеймін! – деді облыстың бас ұстазы.
Әрі қарай концерттік бағдарламамен жалғасты. Білім ордасының ардагер ұстаздары Шолпан Мәжитова, Сәпия Жігітова, Қалует Кішкенбаева сахна төріне шығып, қияға қанат қаққан жастарға батасын берді.
Заманауи дағдыларды мектепке енгізіп, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасайтын директор екені белгілі. Сондай бастамаларды атқарып жүрген білім ордасының менеджері Ләззат Нәлібаева оқушыларға сәттілік тіліп, үздік оқушыларға қабілетіне қарай түрлі номинациялар табыстады.
Шара барысында Ләззат Нәлібаева, Гүлнара Әлібекова, Шамшахар Түлкібаева және Айгүл Ақбаеваға аудан әкімі Ғалым Әміреевтың «Алғыс хаты» табысталды.
Мерейлі мерекенің куәсі болған Нұр Отан партиясының Жаңақорған аудандық филалы төрағасының кеңесшісі Мақпал Ермаханова мен аудандық білім бөлімінің бас маманы Ардақ Рыспанбетова құттықтауын жеткізіп, жас түлектерге ақ жол тіледі.
Оқыту процесінде оқушылардың сапалы білім, білік, дағдысын қалыптастыратын Н.Илялетдинов атындағы №169 мектебіндегі қоштасу кешін көрдік.
Шараға Сыр өңірінің бас ұстазы Майра Тұрғанбайқызы қатысып, өзінің білім алған мектебі жайлы тебірене сөз етті.
– Осыдан 31 жыл бұрын осы мектептен қанат қақтық. Мұнда бізге саналы білім, тәлімді тәрбие берген Құралай Қасымбекқызы, Ольга Григорьевна, Ханзада Нұрмаханова сынды ұстаздарды ұмытқан емеспін.
Білім беру үрдісін нәтижелі ұйымдастырып, шәкірттерінің жетістігімен мақтанатын білім ордасының талакерлері алдағы ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсететініне сенемін, – деді басқарма басшысы.
Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Ғалым Әміреев:
– Мұндай салтанатты кеште мұғалімге құрмет көрсетіліп, ұлықтап, алғыс ақтарылады. Бәрінен бұрын, талапкерді үлкен өмірге аттандырып, оларға үлкен сенім артылады. Осы жауапкершілікті жастар лайықты көтере білсе еліміз өркендей бермек. Сондықтан жастарға сәттілік тілеймін! Асқақ арман-мұраттарыңызға жетуде табанды болыңыздар! – деді.
Білім ордасынан 35 түлек түлеп ұшса, оның үшеуі алтын, екеуі үздік атестат иесі.
– Бүгін ерекше күн. Осындай ұмытылмас, қимас кеште Майра Тұрғанбайқызы мен Ғалым Махмұтбайұлының арнайы қатысып, тілектестік білдіргені бізді шабыттандырды, – дейді мектеп түлегі Нұршат Өрғараева.
Ханзада ДОШАН.