№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ғұлама ғалым – дарынды басшы (Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 120 жыл)

Ғұлама ғалым – дарынды басшы (Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 120 жыл)



Қаныш Имантайұлы Арқаның сұлу өлкесі Баянауыл тауындағы Айырық сайының биік жағасында 1899 жылдың 12 сәуірінде жарық дүние есігін ашқан екен.
Қазақ халқының тарихында аты алтын әріппен жазылып қалған ғұлама, ғалым, бүкіл Шығыс халықтарының ішінен сайланған тұңғыш Одақтық академик болды.
КСРО Ғылым Академиясының академигі Сәтбаевтың есімін мәңгі есте сақтау мақсатында, халықаралық планета орталығының шешімімен Марс пен Юпитер аралығында Күнді айнала қозғалатын планетаға ғалымның аты берілгенде бүкіл отандастарымыз мұны зор қуанышпен қабылдады. Бұл туралы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дарынды ақын Хамит Ерғалиев «Ғарыштағы Қаныш» балладасын жазып халқымызды дән риза еткені ел жадында сақтаулы.
Балалық шағы тар заманмен тұспа-тұс келген болашақ ғалым оқу үшін, көп елді-жерді көріп, соңында 1914-1918 жылдарда Семей семинариясында ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен бір пәтерде тұрып бітіріп шығады.
Одан әрі, Қаныш Иманбайұлы Томск институтына түсіп, профессор М.Усовпен бетпе-бет кездесіп әңгімелескенде, Қаныштың дарынды талабына риза болған профессор, Сәтбаевтың ғылымға деген жігеріне жол ашқан екен.
Инженер-геолог мамандығын алған Қаныш Имантайұлы Қарсақбай зауытына келіп геологиялық зерттеу жұмысына кіріседі.
Уақытпен санаспай дамылсыз зерттеу жұмыстарына ден қойған бейнетті жылдар ішінде Сәтбаев ашқан байлық қазыналары ертегімен бірдей болды деп еске алады академик Әлкей Марғұлан өз естелігінде. Ғалым осы кезге дейінгі өндірісті көркейтуге негіз қалаған түсті металдың жиырма бір түрін ашып, қолданысқа енгізді. Оның ішінде алтын, күміс, жез, мыс, мырыш, қорғасын сияқты аса құнды элементтер болған.
Қ.И.Сәтбаев Қазақстанда ғылымның негізін қалаған ғұлама ғалым, Қазақ Республикасы Ғылым академиясының бірінші Президенті ретінде, ғылымның бірнеше саласын жаңадан құрып, оның өркендеп нығаюына қажырлы еңбек жасады. Оның 1942 жылы өмірге келген «Жезқазған аймағының кен көздері» атты еңбегіне КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген. Сол жылы геология-минерология ғылымының докторы ғылыми дәрежесі қоса берілді.
Ал 1943 жылы Қ.И.Сәтбаев Совет Одағы ғылымын дамытқаны үшін КСРО Ғылым академиясының корреспендент мүшелігіне сайланған. Көреген ғалым, ақыл-ой парасатының тереңдігі арқасында бұрын-соңды ғылым тарихында болмаған, бір жүйеге келтірілген металлогиялық карта жасап, теориялық негізін қалап, кен көздерінің ашылуына жол салған. Бұл теориялық карта бүкіл әлем ғалымдарын таң қалдырған.
Бұндай терең металлогениялық ғылымды дамытудағы ұшан-теңіз, теңдесі жоқ, зор еңбегі бағаланып 1958 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атағы берілген.
Замандас ғалым достары К.И.Сәтбаевты нағыз ғылымның адамы ғана емес, ол аса кішіпейіл, қамқор ұстаз болғанын тебірене еске алып, біз мойындаған біртуар абзал азамат деп жазады естеліктерінде.
Кемеңгер ғалым ғылым саласында қаншама шәкірт тәрбиелеп, олар ғылымның заңғар биігінен орын алды.
Қаныш Имантайұлы 1946-1952, 1955-1964 жылдарда Қазақстан ғылым академиясының Президенті.
1946-1954, 1958-1964 жылдары КСРО жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1956-1964 жылдары КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік сыйлықтар комитет мүшесі. Дүниежүзінің металлогениялық картасы советтік комиссия мүшесі болды. Төрт рет Ленин Орденімен марапатталып, КПСС-тің ХХ-ХХІ-ХХІІ съездеріне делегат болып қатысқан. Қазақ ССР Ғылым академиясының Геология ғылыми институты Қ.Сәтбаевтың есімімен аталды.
Қаныш Имантайұлы өз халқын, оның ұлттық дәстүрін жоғары ұстаған адал азамат болғаны анық. Оған бір дәлел, 1956 жылы Ұлыбританияда өткен ғалымдар Кеңесіне қатысушыларға Қанекең арнайы қазы-қарта, жал-жаядан ет дайындатып, ғалымдардан қолдарын жууды өтініп, қазақ халқының ұлттық тағамын тек қана бес саусақпен жеу керектігін түсіндіріп өтінген. Еттің дәмділігі тілдерін үйіріп, тамсанған меймандар сүйсінісін жасырмады. Міне ұлы адамның ұлттық мәдениетінің биіктігі әлем ғалымдарын осылай мойындатқаны тарихта қалған бір оқиға.
Ұлы ғалым 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеу қаласында жүргенде дүниеден озып, Алматыға әкеліп жерленген екен.
Ұлы ғалым туралы еске алғанда қазақтың белгілі ақыны Әбділлә Тәжібаев Қаныш Сәтбаевтың ақындық қыры да өте терең болғанын, бірақ онымен түбегейлі айналысуға геология саласындағы ғалымдығы жол бермегенін ылғи да айтып отырады екен. Осы тұжырымға дәлел ретінде Қанекеңнің мына бір шумағын оқырмандарға ұсынғым келді.
Қадірлеңдер әр сағатын уақыттың,
Әр сағатын бір өмір деп қараңдар.
Қадірлеңдер бір-біріңді аяңдар,
Бір-біріңді бауырым деп санаңдар.
Ауырмасын ауыр сөзден жүректер,
Көңілдерің көркі сола қалмасын.
Қуанышқа мұздай тамшы тамбасын
Күлкілерге күйік таңба салмасын.
Ғалымның бұл ақырғы өсиеті бүгінгі ұрпаққа да үлкен тағылым, сабақ.
                                                                                                     Мұзарап Махмұтұлы.
12 маусым 2019 ж. 1 629 0