№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕСІМІ ЕЛГЕ АРДАҚТЫ ҒАЛЫМ

ЕСІМІ ЕЛГЕ АРДАҚТЫ ҒАЛЫМ

  Шығыстың ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен еңбегінде» дейді. Саналы ғұмырын елінің болашағына арнаған ғалымдар аз емес. Солардың бірі – ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Сейфолла Әбдіреймов. Сексеннің сеңгіріне шыққан абыз ақсақалдың мерейтойына арналған ғылыми-танымдық шара М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өтті.


  Келелі конференцияға Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда қаласы мен Түркістан облысынан отандық ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері келді.
   «Ауыл шаруашылығы ғылымы: озық тәжірибелер, жаңашылдығы мен болашағы» атты тақырыпты арқау еткен танымдық конференцияға аудан әкімі Ғалым Әміреев модераторлық етті. Әуелі шараның шымылдығын айтыс өнерінде өз өрнегін салған Сырдың белгілі айтыскер ақыны, 2 дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов академиктің 80 жылдық мерейтойына жырдан шашу шашты.
Мұнан кейін алқалы басқосудың тізгінін қолға алған аудан басшысы Ғалым Махмұтбайұлы академиктің отандық ғылымға сіңірген еңбегін баяндады.
  – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тарихи тұлғалардың жеткен жетістіктері мен елге еткен еңбегін халық арасында насихаттап, қоғамдық сананы қалыптастыруға ықпал ету керектігін атап өткен болатын. Міне, соның бір айқын көрінісі – ауылшаруашылығы ғылымының докторы, профессор Сейфолла Әбдіреймовтың ұзақ жылдарғы еңбегі – бүгінгі жас ұрпаққа өнеге. Адам үшін ең бастысы, бейнеттің зейнетін көріп, ақсақалдық беделімен елге басу, төрт көзі түгел топқа төрелік айту. Осындай абырой биігінен көрініп отырған Сейфолла ағамыздың жүріп өткен ғибратты жолы – жастарға үлгі, – деді Ғалым Әміреев.
Иә, Сейфулла Әбдірайымұлы 1939 жылы Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келді. Зейінді, зерек ағамыз жастайынан білімге, ғылымға құштарлығын көрсетіп, биік мұратқа талпынады. Сейфолла ағамыз алғашқы еңбек жолын қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданындағы «Энгельс» атындағы совхозда бас агроном ретінде бастағаннан-ақ өз-өзін көрсете бастайды. Артынша Одесса ауыл шаруашылығы институтының аспирантурасына түскеннен кейін ғылым жолына түбегейлі бетбұрыс жасайды.
Онда белгілі ғалым Федор Тихомировтың жетекшілігімен ғылыми жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану жөнінде диссертацияны қорғайды. Мазмұнды ғылыми еңбекті академик Иван Ларин жоғары бағалап, өзінің «Шалғындық жайылым шаруашылығы» атты кітабына енгізеді.
Жас ғалым Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты қызметтер атқара бастайды. Бүгінде шөлтану ілімінің білгірі ретінде Республика көлеміне ғана емес, алыс-жақын шет елдерге белгілі ғалым жас ғалымдар шоғырын қалыптастыруға жауапкершілікпен қарап, шәкірт тәрбиелеп, өз мектебін қалыптастырған ғалым. Осындай еңбегімен ұлттық ғылымда шоқтығы биік тұлға. Бұл аудан әкімінің профессор жайлы айтқан парасатты пайымы.
   Одан әрі Алматы қаласынан келген журналист, жазушы Сәтімбек Рысбаев «Шөлейттену ғылымының және шөлейт жерлерде мал азығының өсімдік шаруашылығын дамытудағы Сейфолла Әбдіреймовтың еңбегі» атты тақырыпты тарқата айтты.
  – Шөлтанушы Сейфолла қазіргі күнге дейін қаншама ғылыми кітап пен жазба жазды. Әрбір асу – өзінше бір дастан боларлық. Оның атымен «Шөл жайылымдарын фитомелиорациялау», «Қазақстанның құрғақшылық аймағында тозған жерлерді қалпына келтіру әдістемесі» сынды көптеген ғылыми еңбегі бүгінде ел қажетіне жарауда. Өзінің талапшыл ынта-жігері арқылы шәкірттерінің жұмысына бағыт-бағдар бере отырып, мол азықтық өсімдіктердің – табиғи флораның 300 түрінен астам, оның ішінде 32 бағалы түрін селекциялық жұмысқа іріктеп алды. Одан экотиптік сұрыптау арқылы құрғақшылыққа төзімді, сапалы сорттар шығарылды. Осылайша, изеннің, теріскеннің, жусанның жаңа сорттарын өмірге әкелуге ұйытқы болды. Бір сөзбен айтқанда, ғалымның өз саласында атқарған еңбегі ұшан-теңіз, – деп бағасын берді Сәтімбек Рысбаев.
  Сондай-ақ академиктің ашқан жаңалықтары мен ғылыми айналымға енгізген еңбектерін баяндамаларына арқау еткен бір топ отандық ғалымдар мен ғылыми-өндірістік зерттеу орталықтарының басшылары Сейфолла Әбдірейімұлының шөлтану ғылымына сіңірген еңбегін бағамдап берді. Оның қатарында профессор Әнуар Әділшеев, академик Бірлесбек Әлияров, ғалымдар Аймырза Тасов, Әсет Тоқтамысов, Ермағанбет Ибрагимов бар.
  Елге еткен еңбегі ескерілген ғалымның мерейтойында марапат та аз болмады. Бірінші кезекте, аудан басшысы Ғалым Әміреев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хаты мен ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрыновтың «Құрмет грамотасын» Сейфолла ағамызға табыстады. Ал, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың «Құрмет грамотасын» профессор «Ыбырай Жақаев» атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Бақытжан Бейсенбеков мерейтой иесіне табыстап, шапанын жауып, жұбайы София апамызға қамзолын кигізді.
Келелі конференцияны түйіндеген аудан әкімі Ғалым Әміреев ел игілігі жолында еңбек еткен ғалымдардың ғибратты жолы қашанда жас буынға үлгі екенін жеткізді.


Әбдісамат ӘБДІШ.


27 наурыз 2019 ж. 1 292 0