Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Алаш бірлігі үшін күрескен қайраткер

Алаш бірлігі үшін күрескен қайраткер



Байкенже ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен Алаш қайраткері Серіқұл Алдабергеновтың құрметіне қойылған ескерткіш мемориалы жанында өткізілді. Еске алу күнінің дәл осы жерде өткізілуінің үлкен тарихи танымдық мәні бар. Бұл жер Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Серіқұл Алдабергеновтың атажұрты. Ол кісінің өмірі, елге сіңген еңбегі, саяси қайраткерлігі туралы көбіміз біле бермейтініміз рас. Оның себебі белгілі: Кеңес Одағы тарқағанға дейін Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметі туралы зерттеулерге, насихаттауға тиым салынған болатын.
      1993 жылы 14 сәуірде  «Жаппай саяси қуғын – сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданып, заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды. Сонымен қатар архив құжаттары да қолжетімді болды.
ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ендігі жерде өзін-өзі ұлт ретінде сақтап қалу-қалмауы ең өзекті мәселеге айналған тұста ұлттың мүддесі үшін ұйымдасқан  қазақ зиялыларының еңбегі еш кеткен жоқ. Алаш зиялыларының белсенді әрекеттерімен халық ағарту саласында, баспасөзде ұлттық бағыт қалыптасты, қазақ әліпбиі қолданыла бастады. Ең бастысы Қазақстанның қазіргі шекарасы сол кезде межеленді.
Осы кезеңдегі  тарихи оқиғаларға белсене араласқан,  ұлт азаттығы үшін күресте  алдыңғы саптан табылған жер­ле­сіміз Серіқұл Алдабергенов жайлы, Алаш арысының туып өскен атажұртында еске алып, өмірі мен ел үшін атқарған игілікті істері туралы айтқымыз келеді. 
Серіқұл  Алдабергенов туралы  дереккөздері: 2009 жылы «Арыс» баспасынан Ғарифолла Әнес, С.Смағұло­ваның құ­рас­­­тыруымен шық­­­қан «Алаш. Алашорда» эн­цик­лопедиясы.  Мұнда   С.Алда­бер­геновтің өмірбаянының то­лық нұс­қасы жазылған. Жазушы ағамыз Айдархан Бибасарұлы «Бәйтеректің қос бұтағы» атты кітабында Қалкөз бен Серіқұл болыстардың ел үшін атқарған еңбегі мен өмірі жайлы жазды. Бұл деректерді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсұнның «Алаш қозға­лы­сының қайраткері» ма­қаласы толықтыра түседі. Онда былай дейді: «Тарихи әдебиеттерде Алаш партиясына мүше немесе оған тілектестікте болған 500-ден астам жеке тұлғалардың есімі белгілі. Бұл сан алдағы уақытта одан да ұлғаюы әбден мүмкін. Осы аталған әрбір тұлғаның өмірбаяны қалпына келтірілсе, Отан тарихының мазмұны бұрынғыдан да толыға түсер еді. Әзірге Алаш қайраткерлерінің басым бөлі­гінің тарихи өмірбаяны қалпына келтіріле қойған жоқ. Архив қорларынан қолға іліккен тапшы деректердің өзі Серқұлдың Алаш қоз­ғалысының белсенді өкілі бол­ғандығын айғақтайды. Оның қоғамдық-саяси қыз­метін ғылыми тұрғыда қал­пына келтіруге септігі тиетін тарихи құжаттар Өз­бек­стан Республикасының архив­те­рінде және Қауіп­сіздік ко­ми­­тетінің архивтерінде сақ­таулы».
Тарихи тұлғаны зерттеп, есте қалдыруда Райымбеков Хасен ағамыздың еңбегі бәрімізге үлгі болып жүр
.
Осы аталған деректер бойынша Алдабергенов Серіқұл 1883 жылы қазіргі әкімшілік бөлініс атауы  бойынша Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Байкенже ауылдық округінің аумағында туған. Әкесі Алдаберген қажылық сапарында дүние салған екен. Серіқұл сегіз жасында Жөлектегі орыс-бұратана мектебінде білім алады. 1893 жылы Ташкенттегі ер балаларға арналған сегіз жылдық гимназияға оқуға түскен. Оқу орнын он сегіз жасында «Суды пайдалану және жерді игеру» мамандығы бойынша бітірді. Туған жеріне келіп, елдің ісіне араласып, маман ретінде каналдар қаздырып, егін шаруашылығын ұйымдастырады.
С.Алдабергенов 1904-1912 жылдары Перовск уезі бастығының орынбасары қызметін атқарды. Ол уездегі отарлық биліктің құрамына тартылған жергілікті ұлттың өкілі ретінде Сыр бойындағы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз мүмкіндігінше үлес қосты.
1912 жылы  Приречный болысының басқарушысы болып сайланды. Приречный қазіргі Төменарық ауылдық округі.
    Ташкентте Мұстафа Шоқай арқылы «Кеңес» үйірмесінің жұмысына қатысып, саяси жұмыстарға араласады.
1992 жылы Алматыда «Айқап»  баспасынан шыққан, Н.Мартыненко құрастырған Алаш-Орда құжаттары жинағының 63-бетінде, құрылтай(съезд) хаттамасында 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері өткен Екінші жалпықазақ съезіне  қазақ сахарасының әр аймақтарынан — 58 делегат, әр түрлі қазақ ұйымдарының атынан — 8 делегат және арнайы шақырумен — 15 адам қатысып, барлық жиыны 81 делегат келгені жазылған. Сырдария облысынан қа­тыс­қандар бес адам: Әзімхан Кенесарин, Имамбек Сарымсақов, Имамберді Ержігітов, Серіқұл Алдабергенов және Мәуленқұл Байзақовтардың есімі, тегі көрсетілген. Осы жерде атап өтетін бір мәселе құрамында С.Алдабергенов бар делегаттар жіберілеген Сырдария облысы дегеніміз Қазалы, Перовск уездерінен бастап Әулиеатаға дейін, оңтүстігінде Ташкент, Жизақ, Ходжент уездерін қоса қамтып жатқан бұрынғы әкімшілік бөлініс екендігі. Қазіргі  кездегі әкімшілік – аумақтық бөлініс бойынша бұл жерлер Қызылорда, Түркістан облыстары және Өзбекстанның  Ташкент аумағы.Осыған қарап-ақ Алаш қайраткерінің қоғамдық-саяси қызметінің ауқымын, бұл кісілерге жүктелген жауапкершіліктің салмағын пайымдауға болады.
Съезд соңында автономия жариялау уақыты туралы пікірлер екіге бөлінеді. Ұзақ та, қызу пікірталастан соң делегаттар бір шешімге келіп қаулы қабылданады. Съезд қаулысында тез арада автономия жариялау қажеттігін жақтаушылар қатарында дауыс берген 33 делегаттың тізімінде Серіқұл Алдабергеновтың аты –жөні көрсетілген.(70-бет.)
Съезде көтерілген біртұтас ұлттық  автономия түріндегі алаштық идеяны Түркістанда іске асыруда бірқатар ерекшеліктер болғанын, атап айтқанда оның ең бастысы - өлкедегі Сырдария және Жетісу облыстарын қазақ еліне қосуға бағытталғанын көреміз.
Бірақ тез арада орасан күш пен билікке ие болған большевиктердің Ташкентте қарулы күреспен  кеңестік билік орнатуы өлкедегі ұлтжанды қайраткерлерді қазақ жерлерін біріктіру мәселесі бойынша шұғыл әрекетке көшуге итермеледі. Осыған байланысты Қоқан автономиясы үкіметінің басшысы Мұстафа Шоқайдың және Алашорда үкіметінің басшысы Әлиханан Бөкейханның бастамасымен 1918 жылы 5-9 қаңтары аралығында Түркістан қаласында Сырдария облысы қазақтарының съезі өтті. Бұл съезд өзінің мәртебесі бойынша Алаш қозғалысының съезі болды. Түркістан өлкесі қазақтарының Алаш автономиясына қосылу мәселесін күн тәртібіне қойған съезге негізінен Сырдария облысының делегаттары құраған 82 өкіл қатысты. Алашорда үкіметі атынан Бақыткерей Құлманов, Міржақып Дулатов, Тұрағұл Құнанбаевтар қатысқан . Алаш зиялылары съезде ұлттық мемлекеттіліктің аса маңызды белгісі – территориялық тұтастыққа қол жеткізу идеясын  көтерді. Осы съезді шақыруға байланысты Әлиихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайдың «Қазақ» газетінде жарияланған «Сырдария облыстық съезін шақыру туралы» жеделхатында съездің ұйымдастыру жұмыстары үшін Түркістан төңірегінде туып өскен Садық Өтегенов, Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықов және Серіқұл Алдабергеновтер арнайы шақырылғаны  туралы айтылады. 
Серіқұл Алдабергенов Ташкенттегі ерлер гимназиясын өзінен кейін бітірген Жорабек Есенов (Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Шахмардан Есеновтың әкесі) және інісі Бабабек Есеновтермен тығыз араласқан. 1918 жылдары Серіқұл мен Жорабек Перовск уездік атқару комитетінде бірге қызмет істеген. Серіқұл жер бөлімінің бастығы болса, Ж.Есенов уездік милицияның бастығы болған. Жергілікті халыққа өте жайсыз тиген уезд бастығы шовинист И.Гержод (жергілікті халық оны «көржұт» деп атаған) билікке араласқан ұлт зиялыларын террорлық жолмен қуғын-сүргінге ұшыратқан. А.Бибасарұлының деректерінде Ж.Есеновтың көмегімен атылудан аман қалған С.Алдабергенов өзінің ағайын-туыстарымен Өзбекстанға көшіп кетеді. 
И.Сталиннің Қырғыз өлкелік партия комитеті бюросының мүшелеріне 1925 жылдың мамырында жазған хатында Францияда эмиграцияда жүрген М.Шоқайдың Қазақстандағы интеллигенциямен байланысы сөз болып, оларды партиялық және баспасөз қызметінен аластау мәселелері көтеріледі. Осы хаттың ықпалымен Қазақстанда М.Шоқаймен араласқан зиялылардың бәрі де тізімге алынып, құқық қорғау органдары тарапынан қуғынға түсті. Осы хаттың ызғарымен С.Алдабергенов Алаш қозғалысына қатысқандығы және М.Шоқаймен байланысы үшін қуғындалады. 
1934 жылы 28 маусымда С.Алдабергенов Самарқанд маңында Қаражантақ деген жерде ұсталып, қамауға алынады. Оған контрреволюциялық ұйымның басшысы болды, жергілікті халықты ауа көшіруге әрекет жасады деген айып тағылып, 1935 жылы 25 наурызда Шымкент қаласында НКВД айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Оның кейінгі тағдыры белгісіз. Тарихи деректерде бұл қылмыстық іс бойынша Алдабергенов Серіқұлмен бірге, Созақ ауданының тұрғыны, бұрынғы болыс Исаев Жанәділ де жауапқа тартылғаны айтылады.
Жаңақорған топырағында туып-өскен Серіқұл Алдабергеновтың Алаш қозғалысына белсене араласуы біріншіден, осы өңірдің де аталған оқиғалардан сырт қалмағандығын танытса, екіншіден, ел тәуелсіздігі жолындағы қозғалысқа осы өңірдің өкілдері де лайықты үлес қосқандығын танытады. (Х.Тұрсұн.  «Алаш қозға­лы­сының қайраткері»)
Алаш қозғалысы қазақ халқының сана-сезімін оятып, Алаш автономиясын құруға, тәуелсіз мемлекет болуға деген қазақ халқының ұлт қайраткерлерінің алғашқы қадамдарының бірі болды. Қазіргі таңда сол азаматтарымыздың армандары орындалды.
Аймағымыздан шыққан қайраткер азаматтарымыздың елінің амандығы,қазақ ұлтының тәуелсіз ел болуы үшін атқарған еңбектерін  елеусіз қалдырмау,өсіп келе жатқан жастарға үлгі ету мақсатында жергілікті жердегі мектепте факультативті сабақтарда өлке тарихы оқытылып келеді.Бұл сабақтарда оқушыларға ауыл-аймағымыздың тарихы ,шаруашылық  дамуы,сондай –ақ  осы аймақта туып-өсіп, елге танымал болған батырлар,билер,ел басқарған болыстар жәнесоғыс және еңбек ардагерлерінің еңбегі мен өмірі туралы айтылады.Қолда бар жазбаша және ауызша деректерге сүйене отырып Алаш Орда автономиясының белсенді жақтаушысы,саяси қайраткер жерлесіміз Серіқұл Алдабергеновтың өнегелі өмірі  сыныптық тәрбие сағаттары мен өлке тарихында насихатталып келеді.Ауылымыздағы №193 жалпы орта мектеп орналасқан көшеге Серіқұл Алдабергенов есімі берілген.Келешекте мектебімізге құрметті азаматтардың бірінің есімі берілетін болса, ат беруге бірден бір лайық тұлға Серіқұл Алдабергенов болар еді. С.Алдабергеновтың қоғамдық-саяси қызметі мен өмірі кейінгі ұрпақты ұлтжандылық пен отаншылдыққа тәрбилеу ісініде үлгі өнеге болып қала бермек.
Нарбек ҒАФУР,
№193 жалпы орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі
05 маусым 2019 ж. 892 0