Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АЛАШ АРДАҚТЫСЫНА АРНАЛДЫ

АЛАШ АРДАҚТЫСЫНА АРНАЛДЫ


Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында тұлғатану тағылымын тану мақсатында алғаш рет алаш қайраткері Серіқұл Алдабергенұлының 135 жылдығына арналған танымдық конференция Серқұлтану ілімін қалыптастыруға түрткі болғандай. «Алаш ардақтысы – Серіқұл Алдабергенов» тақырыбында ұйымдастырылған ғылыми шарада қайраткердің өмір жолы мен атқарған қызметі туралы құнды мағлұматтар айтылды. Ел білмейтін естеліктер тарих беттерінен ақтарылды.
Жаңақорған ауданы мен халық ақыны Манап Көкеновтың 90 жылдығымен қатар келген танымдық шараның берер тәлімі мол. Себебі, ел үшін еңбек етіп, ұлтқа қызмет жасаудың өнегесін қалдырған тұлғаның өмір жолының ұлықталуы кейінгі ұрпаққа өшпес тәрбие. Осыны мақсат тұтқан конференцияны аудан әкімі Ғалым Әміреев ашып берді.
– Тұлғатану мазмұнын тапқан ұлт озады. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тұлғатану дәреметі осыны меңзейді. Мұндайды дәстүрді жаңғыртып отырған жаңақорғандықтар дәстүрден жаңылған емес. Сондай сабақтастықтың айғағы бүгінгі конференция. Серіқұл Алдабергенұлы өнегесі ұмытылмай, есімі әрдайым аталып, әруағы санада жаңғырып тұратын тұлғаның бірі. Оның ұлттық мүдде жолындағы еңбегі бүгінгі ұрпаққа өнеге, – деді аудан басшысы.
Бағдарлама аясында Сыр өңіріндегі атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелеп, тарихи тағылымдарды мәні мен мазмұнына қарай зерттеуді бастаған «Рухани жаңғыру орталығының» басшысы Нұрлыбек Мыңжас сөз алды. Алаш қайраткері туралы тұщымды ой айтып, тұлғатану ілімінің өзекті мәселелерін қаузады.
Одан кейін Серіқұл Алдабергенұлының тұлғалық болмысы, қайраткерлік қабілеті жайлы еңбек жазып, зерттеген алаштанушы Хазірет Тұрсын тереңнен ой қозғады. Тарихты ақтарып, Мұстафа Шоқаймен алаш жұртына қалтықсыз қызмет еткенін келтірді. Әрі, биыл 90 жылдығын тойлап жатқан Жаңақорған ауданының тарихына да тоқтала кетті.
– Жаңақорған топырағында туып-өсіп, Алаш қозғалысының көрігін қыздырған Серіқұлдың өмірі мен қызметінің өнегесін тірілту бүгінгі тарихшылардың ортақ мүддесі. Кешегі тарих беттерін парақтасақ 500-ден аса алашшыл азаматтар партия үшін қалтықсыз қызмет қылды. Ертеңгі ұрпақ үшін еңбек етті. Бүгінгі рухани шараның маңыздылығы сонда біз өшкенді тірілтіп, қайта жаңғыруымызда. Сондықтан, осындай танымдық шара жалғасын табатынына сенімдіміз, – деді тарихшы.
Заманында ұлттық мүдде жолында Алаш партиясының құрылуын қолдап, Мұстафа Шоқаймен бірге партия идеясын, алаш мұратын насихаттаған Серіқұл Алдабергенұлының соңына қалдырған ізі ұрпаққа ұмытылмас мұра. Осындай тарихи тұлғаларды насихаттауда өзіндік жолы қалыптасқан ақпарат құралдарының жас ұрпаққа берер өнегесі мол. Мәселен, «Жаңақорған тынысы» газетінде алашшыл қайраткер туралы құнды естеліктер жарық көріп келеді. Жалпы газеттің бүгінгі бағдары мен ұрпақ тәрбиесінде алар орны туралы бас редактор Нұрлат Байгенже баяндап берді. Ал, ұрпағы атынан Қазақстанның құрметті энергетигі Болат Медетпеков ыстық ықыласын білдіріп, алғысын жеткізді.
Қоғамның қайшылықты даму жолында ұлт тағдырының ертеңі үшін тағдыр тауқыметін тарта білген осындай тарихи тұлғалардың өнегелі ісі бүгінгі жастарға мұра. Сондықтан, конференция ауқымы кеңейтіліп, дәстүрлі жалғастыруды қолға алу керектігін аудан әкімі ауылдық клуб үйінде өткен жиын соңында тілге тиек етті.
Түс ауа мерекелік думан тағзым алаңында жалғасты. Ауданның өнер ұжымы байгенжеліктер мен ауыл қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Көпшілікке «Жайнай бер, жарқырай бер Жаңақорған» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Әдемі бимен бастау алған шараны аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлы ашып, жергілікті жұртты мерекемен құттықтады. Ізгі тілектен кейін ауылшаруашылық саласына үлес қосып келе жатқан еңбеккерлер марапатталды.
– Дара кәсіпкер ретінде ауылдағы шағын кәсіптің өрлеуіне мүмкіндігімізше үлес қосып келеміз. Бір жағынан күнкөрістің қамы, десек те ауыл экономикасын ілгерілету жолында қызмет жасап келе жатқаным ескеріліп, құрметке бөленіп жатырмын. Мереке мерекеге ұласа берсін, – деді Үрләй Кенжебекқызы.
Шара соңында әннен шашу шашылып, ас берілді. Көкпаршылар мереке көркін қыздырып, аламанда ауыл атынан сынға түсті. Байкенжеліктер мен қонақтар керемет кешке ұйытқы болған Нұрғали Оспанов бастаған қызметкерлерге ризашылықтарын білдіріп, тарқасты.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
16 қазан 2018 ж. 1 094 0