Ауласында алуан түрлі құстар сайрайды
Бірлік ауылының тұрғыны Ержан Исаханов өз ауласында құстардың бірнеше түрін өсіріп отыр. Оның ішінде африкалық цицарко, қырғауыл, кекілік, Пушкинский Брамо тұқымдас тауықтар, үндік, етті бағыттағы үйректің бірнеше түрі бар. Жетпіс бес құсты өсіру де оңайға түспейді. Бұған мемлекеттен ешқандай несие алмаған көрінеді. Жеке өзінің қаражатына жинаған құстарды өсіру кезінде ит-құс маза бермейді. Әсіресе, мәліннің бір түнде отыз тауықтың басын қиып, қанын сорып кеткені жанға батады.
– «Алдағы уақытта тағы да бөдене, тауыс, қаз ұстағым келеді. Түпкі мақсатым - осы ауылдағы балаларға шағын зоопарк ретінде құс түрлерін көрсетіп, табиғатты аялауға баулымақпын. Қазір өз инкубаторымда 100 жұмыртқа бастырып жатырмын. Елбасының Астана маңындағы «Жасыл аймақ» белдеуін өсіріп, оған тікелей өзі басшылық жасап, жылда қырғауыл, елік жіберіп жүргенін үлгі тұтамын. Осы қарт Қаратаудың баурайында Ақүйік өзенінің бойындағы талдардың ішіне қырғауыл, цицарко тауығын жібермек ойдамын. Үкімет тарапынан қаржылық қолдау болса, шағын құстардың зоопаркін жасамақпын», – дейді Ержан Исаханов.
Ескендір Ертай.