ТІРЕКТІ АУЫЛ ТЫНЫСЫ
«Менің ауылым» айдарының кезекті жолсапары Аққорған ауылында жалғасты. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған Түгіскен – қайнаған еңбектің шынайы көрінісі. Ауданда тұңғыш болып, тіректі елді мекен қатарына енген Аққорғанда тындырымды іс көп. Әсіресе, соңғы бес жылда әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ел еңсесін тіктеп келеді.
2013 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін ауылға 4 млрд теңгенің инвестициясы құйылған. Бұл қаржыға: №209 орта мектеп пен №256 орта мектептің жаңа ғимараты, дәрігерлік-амбулатория, ауылішілік ауызсу жүйелері мен жол жөндеу жұмысы, 140 орындық жаңа балабақша мен спорт кешені бар. Міне, тіректі ауылға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау қомақты.
ҚОС МЕКТЕПТІҢ ҚАРЕКЕТІ
Ауыл әкімі Сардар Садықов жол бастап, жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандардың тынысымен таныстық. Әуелі, №256 орта мектепке табан тіредік. Өткен жылы пайдалануға берілген білім ордасының болашағы баянды. Келешегі кемел. Бағдаулет Сейтмұратов басшылық ететін мектепте директордың орынбасары Есқожа Әбуталипов технология кабинетінің мүмкіндігін таныстырды.
– Арнайы жасақталған кабинетте барлық қажетті құрал-жабдықтар қарастырылған. Алты бірдей тігін машинасын қыздар қауымы толық меңгеріп алған. Тігін тігумен қатар, кесте тігу, құрақ көрпе жасау сынды өзге де қыз баласына жақын дүниелерді жасай береді. Қолданбалы сәндік өнер бұйымдарын жасап, талай мәрте байқаулардан көш бастап жүр, – дейді технология пәні Айгүл Үсенова.
Одан бөлек, физика, химия, биология зертханалық кабинеті мен компьютерлік, лингафон кабинетін араладық. Шыны керек, бұған дейін 150 орындық асар әдісімен салынған ғимаратта оқыған шәкірттердің бүгінгі қуанышында шек жоқ. Ендігі кезекте, білім бәсекесінде биіктен көрініп, ұстаз абыройын асқақтату міндеті тұр.
Мұнан кейін өткен жылы жарты ғасырлық мерейтойын атап өткен №209 орта мектепке аялдадық. Бүгінде Кеңес Одағының батыры Әнуар Әбутәліповтың есімін иемденген білім ордасында 727 оқушыға 90 педагог дәріс беруде екен. 2013 жылы жаңадан пайдалануға берілген білім ордасының тамыры тереңде жатыр. Бұл мектептен түлеп ұшқан түлектердің әрқайсысы бір тұлға. Оның қатарында; академик А.Саданов, ғалымдар Е.Ибрагимов, Ш.Абуталипов, Ә.Мұхамеджанова, Г.Мұхамеджанова бар. Ал, мәдениет майталманынан Қ.Нәлтаев, Б,Тасқожаева, Б.Мұхамеджанов, Ә.Өміров және Қазақстанға танымал эстрада жұлдызы Серік Ибрагимов осы №209 орта мектеп түлегі. Оған қоса, әлем, халықаралық, республикалық спорт түрлерінен жеңімпаздар Қазақстанның көк туын биікте желбіретіп, аудан намысын асқақтатып жүр. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік сүбелі үлесін қосып жүрген С.Ыдырысов, С.Садықов, М.Ахметов, Н.Рүстемов, Б.Абдуллаев және Н.Қалжанов сынды халық қалаулылары осы мектептен тәлім алып, үлкен өмірге қадам басқан.
– Жалпы бүгінгі таңға дейін 2 «Алтын белгі», 14 «Үздік аттестат» пен жүздеген мемлекеттік грант иегерлерін шығарған білім мен парасат ордасы алдағы уақытта да бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеуде талмай қызмет ететін болады. Оған мүмкіндік те мол. Мектепте жаңартылған бағдарлама кезең-кезеңімен мектептерге енгізіліп, заманауи талаптарға сай жауап беретін мультимедиялық кабинеттер жасақталуда. Соның бірі – «Н1 – ТД75» маркалы интерактивті панелі. Заманауи интерактивті тақтаның артықшылығы көп. Оған қоса, робототехникаға бағытталған кабинет жасақталып, өскелең жас буынды жаңа технологияға бейімдеуде үздік тәжірибе қалыптастыруда, – дейді кітапханашы Бақытгүл Сүлейменова.
Жаңа ғимаратқа көшкен ескі мектепте бүгінде ауыл әкімшілігі, Түгіскен өнер мектебі мен спорттық сауықтыру орталығы орналасқан. Біздің сөз еткелі отырған тақырып – бұқаралық спортқа деген аққорғандық ағайынның ынтасы.
Ауыл тұрғыны, жасы жетпіс бірге толған Темірхан ақсақалды «қария» деуге қимайсың. Десе де, жетпістегі адамды «Әлі жас қой» деп тағы айта алмайсың. Спортты жанына серік етіп, жан дүниесіне денешынықтыру арқылы қуат алған бір адам болса, осы Темірхан атамыздай-ақ болар. Дене шынықтыру пәнінен 41 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз бүгінде спортты жанына серік етіп, ескі мектептің спорт залынан үстел теннисін жабдықтап, он жастан бастап, өзінің замандастарына дейін спортқа баулуда. Тек, теннис емес, бокс, күрес үйірмесі мен жастары мен қарттарына арналған фитнес орталық бар. Жаттығу залында заманауи құрал – жабдықтың бәрі бар. Темірхан аға кісі санының көп болуына байланысты келушілерді үш лекке; күндізгі, түстен кейін, кешкі уақытқа бөліп тастаған. Әсіресе, стл теннисін үйренейік деп жүрген ынталылар өте көп екен. Айтқандай, біз барғанда жетпістен асқан қариялар жаттығу жасап, денесін сергітіп жатыр екен.
Әбдісамат ӘБДІШ.