№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТРАКТОРШЫ ҚЫЗДАР ҚАЙДА ЕКЕН..

ТРАКТОРШЫ ҚЫЗДАР ҚАЙДА ЕКЕН..


ХХ ғасырдың 50-80 жылдары ауыр техниканы тізгіндеген нәзік жандылар көптеп шықты. Жаңақорғандық қыздар да тракторды меңгеруден шет қалған жоқ. Аудан көлеміндегі шаруашылықтарда олардың табысты еңбек жолдары қалды. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ерік-жігері мықты, қайсар мінезді тракторшы әйелдерді қайда жүргені жөнінде іздеген едік. Сонымен...

ХХ ғасырдың 30 жылдарында әйел меха­низаторлар жайлы мәліметтерді кезіктіруге болады. Мәселен, 1929 жылы трактор рө­ліне отырған Ангелина Прасковья (Паша) екі рет Социалистік Еңбек Ері атанды. Әйелдердің трактор бригадасын басқарған Ангелина Никитична кеңінен насихатталып, кеңестік қыз-келіншектерді ауыр техни­каны тізгіндеуіне ынталандырды. Мұндай жаңашылдық қазақ қыздарын да трак­тор рөліне отырғызды. Яғни 1942 жыл­дың қарашасында Жаңақорған МТС-і жанында қысқа мерзімде 32 қыз-келіншек тракторист курсы ұйымдастырылды. Онда білімін шыңдап, дала жұмысына белсенді араласқан екпінділік Халипа Түлкібаева «Құрмет» белгісі мен «Ленин» орденін алды. «Ленин» ұжымшарынан Бибіраба Камалова, «Кеңес» колхозынан Мәрия Нарым­бетова, «Октябрь» ұжымшарынан Нұрбала Шерімбетова, «Жайылмадан» Күлдархан Саптаева, «Қосүйеңкіден» Патима Назарбаева, «Бірліктен» Тынымкүл Ибадуллаева (Ибадулла күйеуінің аты) алғашқы тракторшылардың қатарында еңбек етті. Сондай-ақ, сол кездері еңбек еткен көптеген қазақ әйелдерінің (тегі күйеуінің атына жазылып кеткен) есімдері көмескілене бастады.
Бибіраба Әбілқасымқызы 1950 жыл­дардың басына дейін трактор айдап, ауылшаруашылық жұмыстарына ара­лас­ты. Кейін Төменарық ауылының аза­матына тұрмысқа шығады. Ал, Тынымкүл Сапарбайқызының күйеуі Ибадулла соғыс­тан оралмай, 1948 жылға дейін трактор айдап, кейінірек «Бірлік» кеңшарының орталығына көшіп келіп, сонда тұрады.
Халипа Түлкібаева соғыс жылдарында ғана емес бейбіт кезеңде де тракторды тізгіндейді (1973 жылға дейін). Ол алғашқыда ХТ-3, СХТЗ-НАТИ (СТЗ-3), ЧТЗ, МТЗ, МТЗ-80 және ДТ-75 жүргізді. Дала жұмысына еңбегі сіңген нәзік жандыны ақын-жазушылар шығармашылығына ар­қау етті. Соның бірі Жақсылық Рахматулла. Жазушының «Халипа» өлеңіне композитор Бексұлтан Байкенжеев ән жазды.
Сол кезеңде жеңісті жақындатуға үлес қосқан қыз-келіншектердің еңбегін Нартай Бекежанов өзінің «Жаңақорғанның еңбек майданындағы ерлеріне» деген арнауында көруге болады.
...Кәмеш бар «Жаңажолдың» колхо­зын­да,
Жайнатқан озып алып туын төрге.
...Сәрсенкүл бұған серік талмай-тұғын,
Жарыста алдына жан салмай-тұғын.
Нұрбала Әшімменен айдағанда,
Трактор дуадақтай самғайтұғын, – деген жолдардан жаңақорғандық трак­торшы әйелдерді тануға болады. Дегенмен олар жайлы қолда мәлімет жоқ. Олар туралы зерттеп-зерделеу келешектің ісі.
ХХ ғасырдың 70 жылдары қыздардың ауыр техниканы меңгеруде белсенді мең­гере бастады. 60-70 жылдары Шұбар­таулық жастар мал шаруашылығына көмек жасау бастама көтеріп, комсомол жастар бригадалары құрылды. Осы кездері қостанайлық тракторист Кәмшат Дөненбаеваның трактор рөліне отырып, қырманға дән тасығаны жөнінде баспасөзде насихатталды. Осы бастама аясында 1972 жылы «Түгіскен» кеңшарында 23 қыз механизаторлықты оқып, еңбекке араласты. Олардың ішінде, Айша Наубаева, Роза Мұратова, Уазипа Ибрагимова, Әдеміқыз Қайназарова, Мира Әбиева, Гүлжамал Тойлыбаева мен Айымкүл Заманова Түгіскенде тұрады. Тұрсын Нарымбетова мен Қалдықыз Пайызова бақилық болды. Сондай-ақ, әр жерде тұрмыс кешіп жатқандар да бар. Атап айтқанда, Ұлданай Мұсаева Шымкентте, Құрманкүл Үсенова Темірланда, Наубаева Мейрамкүл Алматыда, Нарымбетова Бегайым мен Өтеева Нұргүл Ақжолда өмір кешуде.
Аталғандар арасында Айша Нау­баева Жаңақорған кентіндегі №187 Кәсіптік-техникалық училищеден кейін Бәйгеқұмдағы №97 кәсіптік техникалық оқу орнының жанында арнайы ашылған К-700 тракторын жүргізушілерді даярлайтын үш айлық курсты бітіріп, 23 жылдан аса К-700 тракторын тізгіндеді. Аталған мерзім аралығында Айша ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, Социалистік жарыстардың жеңімпазы атанды. Аудандық Кеңес депутаты болып сайланды. Аудандық, облыстық партия комитетінің мүшесі атанды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің, аудан, облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Бүгінде кәсіпкер-қолөнер шебері, ауылдағы әйелдер Кеңесінің төрайымы, ауылдық қоғамдық кеңес мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады.
Темір тұлпарды тізгіндегендер ара­сында Азия Қыстаубаеваны айтпай кет­пеуге болмас. Ол 1977 жылы №187 кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, Сунақата кеңшарында механизатор бо­лып еңбек жолын бастады. Жас қыздың жанкешті еңбегі дер кезінде басшылық тарапынан қолдау тапты. Оның есімі аудандық, облыстық, республикалық бас­пасөз беттерінде жарық көрді. Еңбек ете жүріп Алматы қаласындағы Қазақтың ауылшаруашылығы институтын бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша бітірді. 80-жылдардың екінші жартысында Қазақ ССР жоғарғы Кеңесіне қатарынан екі рет депутат етіп сайланды. Одан кейінгі өмірі де көз алдымызда.
Темір тұлпарды тізгіндеген бұрымдылар арасында №1209 АТП мекемесінде Газ-53 автокөлігін ұршықша үйірген Бибісара Хүсенованы да ерекше атау қажет-ақ. 80-жылдардан автокәсіпорын тарағанша (1999 жылға дейін) еңбек етті. 90-жылдардың басында отбасы жағдайына байланысты Шымкент (қазіргі Түркістан) облысы Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов ауылында еңбек жолын жалғастырып осыдан екі жыл бұрын еңбек зейнетіне шықты.
Біз бұл қысқа мақалада ауданда кезінде темір тұлпарды тізгіндеп ерлерден кем еңбек етпеген нәзі жандарды түгендеп шықтық деп айта алмаймыз. Олар жайлы қолда бар мәліметтерді ғана сараладық. Арасында дүниеден ертеректе озғаны болса, кейбірі өзге өңірлерге тұрмысқа шығуына байланысты есімі ұмыт бола бастапты. Дегенмен, олар жайлы жазылған соңғы мақала емес екенін ескертеміз. Оқырмандар тарапынан тракторшы әйелдер жайлы мәліметтер болса алдағы уақытта кеңірек талдауға болатынын айтқымыз келеді...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
08 наурыз 2019 ж. 1 683 0