№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 40 ТРАКТОР ҚАЙДАН КЕЛДІ?

40 ТРАКТОР ҚАЙДАН КЕЛДІ?


Нұрғали Түршекұлы. Бұл есім есіме түскенде «Әр адам өз дәуірінің перзенті» деген қанатты сөзі ойға оралады. Бүгінде Нұрекеңнің өмірі мен еңбек жолын кейінгі буын өкілі хабарсыз. Сондықтан әңгіменің әлқиссасын оның аз-кем өмір жолына тоқталып кеткенді жөн санадық.
Нұрғали Түршекұлы 1916 жылы «Ақүйік» ауылдық округінде дүниеге келген. 1933 жылдан «Бірлік» колхозында бригадирлік қызметпен еңбекке араласады. Ұлы Отан соғысына дейін Жамбыл облысы Меркі ауданы халық сотының хатшысы, Шымкент қаласында Жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы, Қазақстан Орталық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық комсомол комитетінің хатшысы, кейіннен осы облыстың Сайрам, Шәуілдір аудандарында МТС директорының саяси істер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Ол үнемі жасы үлкен тәжірибелі азаматтармен ақылдасып, істің дұрыс та тез бітетін жағын қарастыратын. Мұнысы жаман болған жоқ, қызметтестері арасында зор беделге ие болды. 1943-1946 жылы Ұлы отан соғысына қатысты. Елге оралған жас коммунисті аудандық партия комитеті Жаңақорған МТС-не басшылыққа ұсынды. Ол кезде МТС басшылығын тек Мәскеуде Орталық комитеті бекітетін. Нұрғали Түршекұлы да МТС директорлығы мандатын Мәскеуден бір-ақ алды.
Нұрғали МТС-ты қабылдап алғанда ауласында жүруге жарамай, өтелге өткізуден басқаға жарамайтын 1-2 техникадан басқа ешнәрсе жоқ, материалдық жағдай төмен еді. Егіс науқанына байланысты аудандағы 33 колхозға көмекке жіберілетін техника да жетіспейді. Бұл бір соғыстан кейінгі қиын кезең болатын. Осыны ескерген Нұрғали Түршекұлы МТС паркін техникамен, минералдық тыңайтқышпен қамтамасыз ету мақсатында күн-түн демей жүріп, облыс басшыларына шығып жүріп бірнеше техника алуға қол жеткізді.
Нұрекеңнің қолына сеніп тапсырылған МТС жұмысы үлкен күш-жігерді талап ететін. Бұл қызметке ол бел шеше кірісті. Ол жұмысты жаңаша жүргізуден бастады. Кезінде техниканы тек орыстар ғана игерген болса, енді ол жұмысқа қазақтарды көптеп тарта бастады. МТС-та жаңадан цехтар, қысқа мерзімді механизаторлар дайындайтын курс та ашылды. Соғыс салдарынан техника рөліне отырған қыз-келіншектер отбасына оралып, олардың орнын ерлер баса бастады. Жаңа цехтарға халық арасында жүрген қолөнер шеберлерін, темір ұсталары мен зергерлерді жаңа цехтарға қабылдады. Нәтижесінде тоқтап қалған техникаларға қосалқы бөлшек дайындайтын арнайы цех пайда болды. Мұның үстіне көп өтпей-ақ МТС ауласы жанданып, қора іші трактор мен комбайндардың гүріліне толды.
Бұл кездері Нұрғали Түршекұлының ұйымдастырушылық қасиеті айқындала түсті. МТС механизаторлары тұңғыш рет жыл қорытындысы бойынша тонна-тонна астық алды, марапаттарға ие болды.
Нұрекеңнің жұмыс мүддесі үшін көзсіз батырлығы да, батылдығы да болатын. Қиыннан қиыстырып жіберетін тапқырлығы да бар еді. Ол кісінің жұмыс мүддесі үшін тәуекелге дейін баруға ерік-жігері жетіп жататын. Мұндай қасиет сол кезеңге лайық ерлік жасаумен бірдей болатын.
1948 жылдың басында осындай бір жағдай орын алды. Алдағы көктемгі егіске қызу дайындық жүріп науқан қызып жатқан кез. Қолдағы техника барлық колхозға егістік жер айдауға жетіспейді. Яғни, «Қысқа жіп күрмеуге келмей» жатқан шақ.
Осындай қысылтаяң күндердің бірінде түн ішінде Түршековтің үйінің телефоны безілдеп қоя береді. Кейіннен белгілі болғандай Жаңақорған станциясының бастығы екен: «Сіздің МТС-қа 40 трактор келіп тұр. Тездетіп түсіріп алыңдар», – деп хабарлайды.
Нұрекең болса «Бұл не деген батпан құйрық, тегіннен тегін жатқан құйрық», деп аз-кем ойланады да «жарайды» деп жауап береді. Іле-шала өзі де киініп станцияға келсе, 40 трактор тиелген платформа қосалқы жолда тұр екен. Құжаттарын оқып көріп, бұл тракторлардың жаңылыс келгенін іштей біледі. Бірақ онысын темір жол қызметкерлеріне айтпастан тура кабинетіне келеді. Түн ортасына қарамастан үй телефоны бар мамандары мен қызметкерлерін шақыртып алып, «Станцияда 40 трактор келіп тұр, тездетіп түсіріп алыңдар» деп тапсырма береді. Мамандар кете салысымен Нұрекең телефонға отырып алып түн деместен колхоз басшыларына хабар жіберіп, бірер күннен қалдырмай өздеріне бөлінген тракторларды алып кетуді тапсырады. Ертесіне-ақ 40 трактор колхоздарға таратылып, егістік жерді айдауға жіберіледі.
Көп кешікпей жоғалған 40 тракторды іздеп екі адам келеді. Олар өзбекстандық өкілдер екен. Дереу тракторларды алдырып платформаларға қайта тиеп беруді талап етеді. Нұрекең техникалардың түгелімен колхоздарға таратылып кеткенін, олардың егістік жерді айдап тек бір айдан кейін ғана келетінін, ал, оны қазір жинап жатуға уақыт тапшылығын айтып, өзінің шарасыздығын білдіреді.
«Тиісті құжаттарын жасап, ақшаларын аударып, тиісті қаржыларыңды аудартып берейік. Сіздерге тиесілі техника екенін әуелде біз де білмей қалдық» деп сөзге ұйытып екі адамды риза етіп шығарып салады.
Сөйтсе бұл 40 трактор Өзбекстанның «Янги-курган» деген ауданына жіберілген техника болып шықты. Түршеков оны станция бастығының қолындағы құжаттан оқып, білсе де ешкімге тіс жармай 40 тракторды түсіртіп алған ғой. Бұл Нұрекеңнің батылдығы мен тапқырлығы ғана емес, үлкен жүректіліктің де белгісі еді.
Өйткені ол заманда мұндай тәуекелге бару қымбатқа түсуі мүмкін, өзіне де өте қауіпті іс еді. Ал, Түршеков мұны да білді, біле тұра жұмыс мүддесін ойлап, оны бірінші кезекке қоя отырып «тәуекел ет те тас жұт» дегендей көзсіз ерлікке-тәуекелге барған еді. Егіс аяқталғаннан кейін 40 трактор МТС қорасына кіргізілді. 40 техника аз емес. Міне осылайша Түршековтың батылдығының арқасында аудан техникаға жарып қалған еді.
Қысқаша айтқанда, небары 59 жыл ғана өмір сүрсе де артында ұмытылмастай із қалдырған Нұрғали Түршеков осындай іскер азамат еді...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
10 шілде 2018 ж. 1 456 0