№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ӨРЕНДЕРДІҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

ӨРЕНДЕРДІҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ


Облыстық, республикалық байқауларға, пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға жиі қатысып, жүлделі орыннан көрінетін №110 мектеп-лицейінің биыл да жетістігі аз емес. Жуырда мектеп оқушылары Алматы қаласында химия және әдебиет пәнінен өткен байқаудан олжалы оралды. Уақыт оздырмай дарындылар шыққан білім ошағының ұстаздары мен шәкірттерін құттықтап, байқаудан алған әсерін білдік.

Алдымен, әдебиет пәнінен бастасақ. Қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Ғұмырдария» халықаралық байқауына мектеп-лицей екі оқушысын қатыстырды. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндерін және ақынның өлеңдерін оқудан жасөспірімдер мен балалар арасындағы жыр-күй, ән-би байқауы жоғары деңгейде өтетіндіктен дайындықты біраз пысықтапты. Байқау қорытындысы бойынша «Көркем сөз» номинациясы бойынша Роллан Біржан лауреат атанды.
– Шыны керек, алғаш қатысқандықтан болар, біраз қобалжу болды. Елдің түкпір-түкпірінен және өзге де мемлекеттерден келген оқушылар алдында бақ сынау өте ауыр екен. Дегенмен, бойымдағы қорқынышты жеңіп, бар талантымды көрсете білдім, нәтижесінде жеңімпаз атандым, – деді ол.
Байқау шарты бойынша әрбір қатысушы ақын шығармасынан бірнеше өлеңді мәнерлеп оқуы тиіс. Нәтижесінде, Роллан бірінші орынды жеңіп алса, Балжан Әлайдар екінші орынға тұрақтады. 9 және 10-сынып оқушылары үшін бұл үлкен биіктік дейді ұстаз Гүлзада Үсейінова.
– Ақиық ақынның жыр-әндерін болашақ ұрпақтың жүрегіне жеткізе отырып дарынды жастар тәрбиелеу, шығармашылық деңгейлерін көтеру, жас ақындардың шығармашылығын дамыту, өлең оқудағы шеберлігін шыңдау мақсатында өткен байқауға жыл сайын қатысамыз. Бірақ, биылғы жыл біз үшін табысты басталды. Қос шәкіртіміз де жүлде алды, өте қауаныштымыз, – деді пән мұғалімі.
Мұқағали өлеңдері мен әндері өміршеңдігімен, жасампаздығымен құнды ел игілігіне айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тыңдарманына рухани азық береді. Отты жырлары, өрнекті өлеңдерімен халқының қадыр-қасиетін айта алған оның есімі мәңгілік ғұмырға айналды. Сондықтан, ақын өлеңдері арқылы жас буынды халқына, ана тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту байқаудың маңыздылығы зор.
Осы орайда, мектеп директоры Әділмырза Тәждинов пен қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, Ғалиябану Байтілееваның еңбегін ерекше атуға болады. Себебі, байқау жеңімпазы Ғалиябану апайдың шәкірті.
Ал, химия пәнінен «Қазастанның болашағы – жастардың қолында» атты ХХХХVI Республикалық ғылыми-практикалық конференциясына қатысқан Асыл Мұсабек екінші орыннан көрініп, «Жас ғалым» номинациясын жеңіп алды. 200 оқушы қатысқан сында екінші орын алудың өзі үлкен еңбек. Сондықтан, 9-сынып оқушысының әлі де шығар шыңы алда деп білеміз.
– Біздің конференцияға ұсынған тақырып – «Жаңақорған ауданының емдік балшығының химиялық қасиеті және адам ағзасына әсері». Шыны керек, қазылар жоғары бағасын беріп, Ресейде өтетін Халықаралық байқауға қатысуға жолдама берді. Сондықтан, әлі де жобамызды толықтырып, дайындығымызды пысықтай түсеміз, – деді Асылдың ғылыми жетекшісі Динара Байсынова.
Иә, енді туған жердегі киелі балшық қасиетінің құпиясын, оның адам денсаулығына пайдалысын әлем жұртының алдында баяндайтын сәт келді. Біз тек Асылдың осы сыннан сүрінбеуіне тілекші болайық.
Сөз соңы. ХХІ ғасыр – білімнің алтын ғасыры. Ойы озық, саналы да, білімді жастары бар елдің ертеңі еңселі, келешегі кемел болары сөзсіз. Сондықтан, бәсекеге қабылетті ұлт болу үшін осындай өскелең ұрпақтың шабытын шыңдап, тура жол көрсете білейік...

Әлібек ТЕМІРБЕК.

16 ақпан 2019 ж. 1 178 0