ҚАРҚЫНЫ ҚУАТТЫ ҚЫЗЫЛОРДА
Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдында 2018 жылы атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді.
Есептік кездесуден Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады», деген сөзінің мән-мазмұнын ұғынғандай болдық. Расында, Сыр өңірі соңғы жылдары дамудың даңғыл жолына түсті. Оған сала-сала бойынша атқарылған жүйелі жұмыстар дәлел. Сонымен...
– 2018 жылға арналған Іс-қимыл жоспарының негізгі басымдықтары ретінде жаппай кәсіпкерлік пен адами әлеуетті дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері, бағалардың негізсіз өсімін болдырмау, экономиканы әртараптандыру және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен халықаралық қаржылық ұйымдар арқылы инфрақұрылымды дамыту, экономиканы цифрландыру деп белгіледік, – деді аймақ басшысы.
Нәтижелі жұмыстарды цифр арқылы сөйлетсек, 2013-2018 жылдары облыс экономикасына 1,7 трлн. теңге тікелей инвестиция тартылды. Былтырғы жылдың өзінде инвестиция көлемі 25,5 процентке артты, инвестицияның өсімі көп жағдайда кәсіпорындардың өз қаржысын салу (22,4 процент) есебінен болғанын атап өткім келеді.
Өнеркәсіп саласы бойынша 2013 жылдан бастап 70-тен астам жаңа өндіріс орны пайдалануға берілді.
– Өнеркәсіп саласындағы еңбек өнімділігі тек соңғы жылдың өзінде 25 процентке артты. Қазір бұл көрсеткіш бойынша біз республиканың орташа нәтижесінен асып кеттік (КЗО – 16,5 млн теңге, ҚР – 10,9 млн. теңге). Бұл – саланың сапалы даму деңгейіне дәлел.
2018 жылы өңдеу саласында өнім өндіру 2013 жылмен салыстырғанда 31,6 процентке, республика бойынша 11,9 процентке артты. Соңғы үш жыл ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі инвестиция көлемі 2,3 есе, жалпы қосымша құн көлемі 12 проценттен астам, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 22,7 процентке ұлғайды. Жалпы өңірлік өнім құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі екі есе өсті (2012 жылғы 2,3 проценттен 2017 жылғы 4,9 процентке). Бұл – аймақтар арасында экономика құрылымын өзгерту қарқыны бойынша ең үздік көрсеткіш, – облыс әкімі.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығында қызылордалық күрішшілер астық өндіру бойынша орнатқан өз рекордтарын жаңартуда. Тәуелсіздік жылдарында 2017 жылы тұңғыш рет күріштің рекордтық көлемі – 500 мың тоннадан астам өнім жиналды. Соңғы жылдары сорттардың өнімділігін арттырудың есебінен 1,5-2 есе артық жиналуы қамтамасыз етілді. Егер бізде бұрын егістіктің 40 проценті қатардағы күріш тұқымы себілсе, қазір біз жоғары өнім беретін тұқымдарды ғана пайдаланудамыз.
Барлық мал басы бойынша біз аймақтағы ең табысты деген 1993 жылғы деңгейден асып түсті. Соңғы алты жыл ішінде балық аулау екі есеге өсті. Жалпы алғанда, апатты тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тапты. Ең бастысы, әлеуметтік саланы қолдау шаралары тоқтаған емес.
– Өңіріміз жан басына шаққанда әлеуметтік салаға (әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт) бөлінетін қаржы бойынша бірнеше жылдан бері елімізде көшбасшылық орында келеді.
Нәтижесінде, 2013 жылдан бері әлеуметтік салаға қатысты 200-ден астам жаңа нысан пайдалануға берілді. Апатты жағдайдағы денсаулық сақтау орындарының 86 пайызы шешімін тапты. Үш ауысымдағы мектептер мәселесі шешілді. Апатты мектептердің орнына 37 жаңа мектеп салынды. 2015 жылы «Балапан» бағдарламасы мерзімінен бұрын орындалып, 3-тен 6-жасқа дейінгі балалар 100 процент мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамтылды. Балабақшаның 71 проценті – жеке. 2013 жылдан бастап бізде мұндай балабақша саны екі есеге өсті, – деді өңір басшысы.
Қызылорда мектептерінің 2017 және 2018 жылдардағы түлектерінің 97 проценті орта және жоғары оқу орындарына түсті.
Қызылорда облысы – өзінің 520 түлегін Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Үкіметінің грантымен оқуын ұйымдастырған еліміздегі бірден-бір аймақ (520 қыз-жігіт).
(Былтыр Мәскеу қаласында өткен халықаралық конреренцияға қатысуға барғанымызда, онда оқитын жастармен кездесіп, олардың ерік-жігері мен өмірге деген көзқарасына таңғалып қайтқан едік).
Бұдан басқа, 2013 жылдан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, әсіресе, ауылдық жерден шыққан талапты балаларды оқытуға облыс әкімінің арнайы гранты тағайындалды.
Қазір 900 жас аймақта еңбек ресурстары балансына сәйкес облысқа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің белді жоғары оқу орындарында білім алуда.
«Серпін» бағдарламасы аясында Қызылорда мектептерінің 4 мыңнан астам түлегі солтүстік және орталық аймақтардың оқу орындарында оқып жатыр.
Елбасы Үкімет пен әкімдерге халықты жұмыспен қамту бағдарламасын ауқымды түрде қолға алуды тапсырды. Яғни, жұмыссыздар санын азайтуды негізгі міндет етіп белгілеп берді.
– Алты жыл ішінде 69100 жаңа жұмыс орны ашылды, оның 60098-і – тұрақты. Осы жылдар ішінде жұмыссыздық деңгейі 5,2 проценттен 4,8 процентке азайды. Соңғы бес жыл бойына бұл көрсеткіш еліміздегі орташа көрсеткіштен асқан емес. Бұл жұмыс күші мол оңтүстік өңір үшін маңызды жетістік болып табылады. Бұған қоса, жастар жұмыссыздығының деңгейі 2013 жылғы 7 проценттен 2018 жылы 4,2 процентке төмендеді.
Біз 2018 жылдың басында үй-үйді аралап, өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз 97,5 мың адамның 70 процентін ресми түрде тіркеп, сол арқылы оларды еңбекпен қамту мүмкіндігі туды. Яғни, 68 мың адам заңдастырылып, жаңа мамандық игерді, жұмыспен қамтылды, өз кәсіптерін ашып, салық пен зейнетақы жарнасын төлей бастады. Бұл – ауқымды жұмыс! Ағымдағы жылы қалған 30 мың адамды өнімді еңбекке тарту бағытында жұмысты қарқынды жалғастырамыз. Осы мақсатқа жету үшін облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығын жарияладық, – деді Қырымбек Елеуұлы.
2018 жылы «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың кешенді Жол картасын» әзірлеп, оны жүзеге асыруға барлық қаржыландыру көздерінен 32 млрд. теңге жұмсалды.
Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған мыңнан астам адам жалпы 4,3 млрд. теңге көлемінде шағын несие алып, 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген шағын бизнестің 1000-нан аса жобасын жүзеге асырды.
«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиенің проценттік ставкасын субсидиялау бағыты бойынша жалпы құны 9,8 млрд. теңгеден астам 153 несие мақұлданды.
Несие бойынша кепіл ретінде шағын және орта бизнестің 65 субъектісі жалпы құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын мемлекет кепілдігіне ие болды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық.
Одан бөлек, біз бизнес аясын кеңейту әрі кәсіп бастауға қолайлы климат қалыптастыру, тиімді жағдай жасау арқылы әкімшілік кедергілерді жеңілдету және қысқартуға мән берілді. Әрі нәтижелі болғаны белгілі. Оған 2018 жылғы рейтинг нәтижесімен Сыр өңірі шағын бизнесті жүргізуге қолайлы үздік аймақ аталып, Мемлекет басшысынан облыс әкімі арнайы «Алтын сапа» сыйлығын алғаны дәлел.
– Өздеріңізге белгілі, республикада алғаш болып 2017 жылы Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының жанынан «бір терезе» қағидатымен жер, сәулет және құрылыс, инженерлік желілерді қосу, тағы басқа мәселелер бойынша 70-тен астам қызмет түрі тегін көрсетілетін толық форматты «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» құрылды. 2018 жылдан бастап орталық инженерлік желілердің техникалық шарттарын электронды форматта бере бастады. Бұл аталған қызметті алу уақытын 3 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Бүгінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы өзге өңірлер үшін үлгі болып отыр. «Қызылорда облысының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына» басқа аймақтардан тәжірибе алмасу үшін делегациялар келуде, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы айтқандай, сол жағалаудағы бірінші шағын ауданның алғашқы тұрғындары кезегіне сәйкес жаңа пәтерлерінің кілтін «Наурыз» мейрамына қарсы алады.
Несиелік баспана барлық көпбалалы және жас отбасыларға, мүгедектер мен тұрғындардың кейбір басқа топтарына қолжетімді емес екенін ескере отырып, пәтердің кепілдік жарнасына бар болғаны 500 мың теңге төлей отырып, 19 жылға дейінгі мерзімге баспана алу үшін кезекте тұрған азаматтарға беріледі.
Осылайша, енді, кезекте тұрған мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы, немесе некеде кем дегенде 2 жыл тұрған, жасы 35-ке келмеген, 2 баласы бар отбасы бар болғаны 35-тен 43 мың теңгеге дейін төлем жасап, үйлі бола алады. Нақтылап айтайын – кепілдік жарнасы 500 мың теңге ғана, банк міндеттемелерімен белгіленген пәтер құнының алғашқы жарнасы туралы сөз жоқ.
– Біздің өңірлік «Орда» бағдарламасы Елбасының «7-20-25» бастамасының әлеуметтік жалғасына айналды. 2019 жылы тек бюджет қаражаты есебінен 17 арендалық және 17 несиелік үй, барлығы 1478 пәтер, оның ішінде 6 үй – Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде және облыс орталығының сол жағалауында бой көтерген 1370 пәтерлік 28 үй пайдалануға беріледі.
Соңғы 6 жылда біз тұрғын үй құрылысының тұрақты өсуін қамтамасыз етіп келеміз. Облыс алып құрылыс алаңына айналды! Тек 2018 жылдың өзінде 700 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 14,3 процентке, 2013 жылға қарағанда 3 есеге артық. Тұрғын үйдің айтарлықтай үлесі халықтың өз қаражаты есебінен де жүргізілуде (614 мың шаршы метр), бұл бір жағынан біздің азаматтарымыздың әл-ауқатының өсуін көрсетеді. Мысалы, 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы халықты тұрғын үймен қамту 34,6 процентке артқан.
Жеке тұрғын үй құрылысы алаңдарын дайындау жұмысы ағымдағы жылы да жалғасады. Бұл өзі – аса ауқымды жұмыс, – деді аймақ басшысы.
Спорт саласында, облыстық бюджеттің қаражаты есебінен аймақтың жеті елді мекенінде (Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдары мен Сексеуіл, Төретам кенттері) 2018 жылы спорттық кешендер салынды.
Сонымен бірге, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке инвесторлардың қаражаты есебінен тағы да 5 денешынықтыру-сауықтыру кешені (Таң, Жалағаш ауданы, Бестам, Төңкеріс, Шиелі ауданы, Жаңақорған кенті және Сүттіқұдық, Жаңақорған ауданы) салынып, толықтай жабдықталды, 2019 жылдың 1 қаңтарынан оқу-жаттығу жұмыстарын бастап кетті.
Үстіміздегі жылы Қызылорда облысының тарихында тұңғыш рет ерлер арасында бокстан республикалық чемпионат өткізіледі. Бұдан басқа, осы жылы облыс аумағында әлемнің 10 елінің, сондай-ақ, АҚШ спортшыларының қатысуымен Халықаралық парадзюдо турнирі өткізілмек.
Денсаулық сақтау, білім беру, инвестиция тарту, жергілікті өнімдерді экспорттау және т.б. салада да жүйелі жұмыстар жасалуда.
Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда Республика бойынша экономикалық қуатты қарқынды көшбасшы облыстың біріне айналды.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.