№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАБЫСТЫ ЖЫЛ – БЕРЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ

ТАБЫСТЫ ЖЫЛ – БЕРЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ


Соңғы бес жылда Қызылорда облысы дамудың жолын тапты. Яғни, мемлекеттік бағдармаларды сапалы жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау, құрылыстың қарқынын үдету, заманауи өндіріс орындарын ашу өз нәтижесін берді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың халық алдында есеп беруінде осыны бағдарладық.
Нақты жоспар ғана биікті бағындыруға бағдар болады. Осы ретте, аймақ басшысы атқарылатын жұмыстары жұртшылыққа айқын, ашық болуы үшін жұмыс жоспарын бекітіп, оны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялайтыны белгілі.
– 2017 жылға арналған Жұмыс жоспарының негізгі басымдықтары – жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, адами әлеуетті дамыту, алып-сатарлық жолмен бағаның көтерілуіне жол бермеу, экономиканы әртараптандыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті және халықаралық қаржы ұйымдарын тарту арқылы инфрақұрылымды дамыту секілді мәселелер болды, – деп негізгі басымдықтарды атады аймақ басшысы.
Дамыған елдердің экономикасы шағын және орта бизнеске негізделеді. Мәселен, Жапониядағы кəсіпорындардың жалпы санының 90 пайызынан астамын шағын және орта бизнес саласы құрайды. Ал, АҚШ жұмыс орындарының үштен екісі шағын және орта бизнес санатына жататын субъектілер құрайды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта кәсіпорындардың үлесін 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізуді тапсырды. Себебі, шағын және орта бизнес – тіпті, дағдарыс кезінде де кез келген жағдайға бейімделе алатын құрылым. Шағын және орта бизнеске негізделген экономика мықты болатыны сондықтан. Бұл бағытта Үкімет арнайы бағдарламалар қабылдады. Бірақ, бағдарламамен жұмыс бітпейтіні белгілі. Сондықтан әкімдер стратегиялық басымдықтарды тиімді жүзеге асырып, кәсіпкерлікті дамытудың оңтайлы тетігін тауып, халықты кәсіпкерлік саласына ынталандыра білуі тиіс. Осы тұрғыда, Қырымбек Көшербаев кәсіпкерлікті дамытудың тетігін тапқан басшы.
– Соңғы кездері кәсіпкерлікпен айналысатындардың үлесін 22-ден 26 пайызға дейін, ал, шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің санын (қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігінің арқасында) өткен жылы 5,2 пайызға жеткізе алдық. Сондай-ақ, тек соңғы жарты жылда 16 мыңнан астам өзін өнімсіз жұмыспен қамтығандарды кәсіпкерлікке тартуға қол жеткіздік. Алайда, бұл – мүлдем біз көздеген нәтиже емес. Біздің мақсатымыз – Жалпы өңірлік өнім көлеміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 45-50 пайызға дейін жеткізу. Осы бағытта жұмыстарды жүйелей түсу үшін «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияладық, – деді өңір басшысы.
Әрі «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялап қана қоймай, бизнесті дамытудың «Жол картасын» әзірлеп, оны жүзеге асыру үшін 32 млрд. теңге қаржы жұмсалады. Яғни, «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» бағдарламасы бойынша – 7,5 млрд. теңге, «Аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамыту» бағдарламасы бойынша – 8,8 млрд. теңге, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша – 1,3 млрд.теңге, екінші деңгейдегі банкт қаражаттары – 13,1 млрд. теңге, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қаржылық қолдауы – 1,4 млрд.теңгені құрайды.
Стартаптағы алғашқы жобаларға осы қаражаттардан шамамен 2,5 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Оның ішінде, шағын және орта бизнесті дамытуға жергілікті бюджеттен қосымша 500 млн. теңге микрокредитті өңірлік инвестициялық орталық (ӨИО) арқылы, ал, «Бизнестің Жол картасы» аясында берілетін микрокредиттер бойынша пайыздық мөлшерді субсидиялауға 539 млн. теңге бөлінеді. Бұл – өңірде кәсіпкерлік саласына қарқын беретін нақты қадам деуге болады.
Сондай-ақ, агроөндірістік секторда да дамудың тұрақты тенденциясы байқалады. Соңғы бес жылда ауылшаруашылығы айналымына 274 мың га жер телімі тартылды. Осы жылдарда агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) негізгі капиталына, тек ресми мәліметтер бойынша, 11 млрд теңге инвестиция құрады.
– 2013 жылы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілеріне бар болғаны 215 млн. теңге бөлінсе, 2017 жылы 5 млрд. теңгеден асты. Бұл біздің ауылшаруашылығы өнімін өндірушілердің қаржылық мүмкіндіктерін, олардың дамығандығын көрсетеді. Нәтижесінде, бірнеше жыл қатарынан ауыл шаруашылығы өндірісінің өсіміне қол жеткізіп отырмыз. 2017 жылы 4,1 пайызға артып отыр.
Бүгінде егін шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Соңғы 3 жылда мал азығы және майлы дақылдар егістігі 6 мың гектарға ұлғайды. Нәтижесінде, биыл біз алғаш рет Қытайға 11 тонна мақсары майын экспорттадық. 2017 жылы күріштен рекордтық өнім жинадық. Бұрын-соңды 500 мың тоннадан астам күріш қамбаға бастырылды. Мұндай нәтиже негізінен сорттардың өнімділігін арттыру есебінен қамтамасыз етілді, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Қызылорда облысы құрылыстың қарқынымен мақтана алады. Әсіресе, соңғы бес жылда жаңа шағын ауданның бой көтеріп, баспаналы болған қызылордалықтар көбейді.
– Тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша біз Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары сияқты «миллиондық» аймақтардың алдына шықтық. Егер бізде 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 600 мың шаршы метрден асып түсті. Яғни, екі есе көп берілуде! Нәтижесінде, облыс орталығының өзінде ғана соңғы жылдары 14 жаңа шағын аудан пайда болды. Облыста 5 жыл ішінде 2 млн.шаршы метр тұрғын үй берілді, – деді аймақ басшысы.
Расында, соңғы 3 жылдың өзінде 309 отбасы апатты үйдің орнына жаңа жайлы пәтерге ие болды. Одан бөлек, жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҮҚ) үшін 20600-дей жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілді. Бұл – жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер беру қарқыны соңғы жылдары 3 есеге өскенін көрсетеді. Нәтижесінде, былтыр тұрғындардың өздерін жеке үймен қамтамасыз етуі 17 пайызға өсті. Бұл да елдегі ең жақсы көрсеткіштердің бірі.
Сонымен бірге, 2017 жылы біз Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің сол жағалаудағы жаңа қаланың құрылыс алаңдарында жұмыс қарқынды жүруде.
Құрылыстың қарқыны әлеуметтік саланы да қамтып, үш ауысымдық және апаттық мектептер жойылды. 2015 жылы елімізде бірінші болып «Балапан» бағдарламасын 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылды. Соның салдырынан білім беру саласының сапалық деңгейі артты. 2017 жылы облыс бойынша ҰБТ орташа балы 82,4 құрады. Бұл республикалық орташа деңгейден (80,5) де жоғары көрсеткіш. 397 мектеп бітіруші «Алтын белгі» алды. Жыл сайын серпіндіктер қатары артуда. Бүгінде 4000 талапкер осы бағдарлама бойынша білім алуда.
– Бүгінгі күні бүкіл әлем тың бағыт – цифрлық технологияны белсенді игере бастаған кезде бәсекеге қабілетті кадрларды дайындау – бірінші міндет болып табылады. ХХІ ғасырдың жаңа логикасына кіріге алмасақ, біздің қалып қоярымыз анық. Елбасының биылғы Жолдауында қойған міндеттерін тиімді жүзеге асыру мақсатында цифрлық технологияны дамытуда алдыңғы қатарлы тәжірибелерді алу үшін татардың Иннополис және қытайдың Шэньчжен қалаларында болып қайттық. Көршілердің бізден көш алыс кеткенін көріп, Мемлекет басшысының цифрлық технологияның даму деңгейіне және оның әлемде дамып жатқан жылдамдығына бей-жай қарамау керектігі туралы талабының дұрыс екендігін анық сезіндік, – деді облыс әкімі.
Демек, цифрлық экономикасыз дамудың жолын табу қиын. Сондықтан цифрлық революцияға дайын болуымыз тиіс.
– Цифрлық әлем: «Сіздер өзгерістерге дайынсыздар ма?», – деп сұрамайтындығын барлығымыздың түсінгеніміз маңызды. Өйткені, әлем ғаламдық өзгеруде. Джек Уэлчтің (Дженерал электрик»-тің негізін салушы): «Егер сырттағы өзгерістер іштегіге қарағанда тезірек болса, онда ол құрдымның жақындағаны» деген сөзі бар екен.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында ақпараттық-технологиялық шешімдердің барлық салада енгізілуі бойынша нақты міндет қойды. Бұл өнеркәсіпті, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, агроөнеркәсіп пен әлеуметтік саланы да қамтитын болады.
Жаңа технологияларға ауысу – біздің ықтиярымызға қарамай, болмай қоймайтын дүние екенін барлығымыз түсінуіміз қажет. Осы өзгерістің жылдамдығы мен табыстылығы күнделікті жұмысымызда және бизнес-процестерде заманауи технологияларды біріктірудің қажеттілігін неғұрлым тез түсінуімізге де байланыстық болмақ. Бұны ақиқат және аксиома ретінде тануымыз керек, оларды енгізудің дамуға қажеттілігін түсініп, форматты өзгерту, жаңа цифрлық қызметтер сияқты жұмысты бастау, қызметкерлерді жаңа технолгиялармен жұмыс жасауға үйрету қажет, – деп цифрландырудың маңызына тоқталды Қырымбек Көшербаев.

P.S.: Сонымен, облыс әкімінің есептік кездесуінен не түйдік?
Біріншіден, 2018 жыл – кәсіпкерлік саласын қолдайтын ерекше жыл. Сондықтан, сала басшылары мен ауылдық округ әкімдері шағын және орта бизнестің дамуын ұтымды пайдалану тиіс.
Екіншіден, цифрландырусыз өсудің, өрлеудің, өркендеудің өрісін табуы қиын. Бір сөзбен айтқанда, заманның айқындаушы факторы – ақпараттық, цифрлық (санды) технология екенін түсінуіміз қажет-ақ.
Үшіншіден, ХХ ғасырда мұнай мен газ саласы экономиканың қозғаушы күші болса, ХХІ ғасырда экономиканы әртараптандыру басымдыққа ие.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
17 ақпан 2018 ж. 1 269 0