№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АЯДАЙ АУЫЛДАҒЫ АЯЖАН

АЯДАЙ АУЫЛДАҒЫ АЯЖАН


2018 жыл Аққұм елді-мекенінің тұрғындары үшін жақсы жаңалығымен есте қалды. Ел игілігіне 100 орындық мектеп пайдалануға берілді, одан бұрын жаңадан медициналық бекет бой көтерді. Қос қуанышы қабат келген ауылдағы дәрігерлік бекеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Дәрі-дәрмек жеткілікті ме? Осы сауалдарға жауапты білмекке фельдшер Айнұр Жұлдызбекқызымен байланыстық.

Жалпы, 500-ге жуық тұрғыны бар аққұмдықтардың негізгі еңбек көзі мал шаруашылығы. Төрт түлігін түлетіп отырған шаруалар егінге де бейімделіп келеді. Ауыл тұрғындарына сегіз жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан Айнұр Бекенованың еңбегіне ел дән разы. Түркістандағы жоғары медициналық колледжді 2007 жылы тәмамдап, еңбек жолын Сунақ ата ауылында медбикелік қызметтен бастаған ол кейіннен аудандық ауруханада тері аурулары зертханалық бөлімінде жұмыс жасайды. Тәжірибесі толысқан жас маман 2011 жылы Аққұмға ауысады.
– Бала кезімде көп ауырдым, сол кезде келешекте дәрігер болсам деген арман болды. Міне, арманым адастырмай, ел игілігі жолында «ақ халатты абзал жан» деген атқа дақ түсірмей келемін, – деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.
Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін, әсіресе жүкті келіншектердің денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын дәрігердің қызметі қауырт. Күніне кем дегенде 7-8 тұрғынға медициналық көмек көрсетіп, сырқат жандардың дәрі-дәрмегін уақытылы қабылдауына бақылау жасап отырады.
– Кейде аудан орталығына жиналысқа баратын болсам ем қабылдайтын тұрғындарға дәрі-дәрмегін ертерек беріп, уақытылы қадағалау жасауға тырысамын. Әйтпесе, қарапайым тұмаудың өзі асқынып кетсе оны емдеуге біршама уақыт кетіреміз. Сондықтан, қандай сырқат болмасын алдын алып отырған абзал, – деді дәрігер.
Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында айтты. Құнды құжатта, әсіресе, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет екені айтылды. Сондықтан, әңгіме арасында қандай мүмкіндіктерге қол жеткізу қиындық туғызатынын білдік.
– Қазір жағдайымыз жаман емес, түзеліп келеді. Ақпан айынан бастап бізді Кейден ауылдық округі қосатын болды. Дегенмен, кейде дәрі-дәрмек жетіспей жататыны жасырын емес. Ауылдағы жалғыз дәрігер болу да қиындыққа соқтырады. Себебі, аудан орталығына жиналысқа кеткенде немесе жүкті әйелдерді қарауға бір акушер-дәрігер көмекші болғаны дұрыс, – дейді ол.
Расында, ауылдағы ағайын тіпті аудан орталығына қатынайтын жедел-жәрдем көлігі болса деген тілегін де жеткізді. Мұның бәрі уақыт еншісінде. Ең бастысы, сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындар қажетін өтей алса болғаны. «Мамандығым алғашқы көмек көрсету болғанымен, еңбек жолымда медицинаның сан түрлі саласын игердім. Әйелдерді босандыру, тіс емдеудің қыр-сырын үйрендім» – деген дәрігер өз ісін жан-тәнімен сүйетінін жасырмады.
Иә, бар қажыр-қайратын, білімін, ақ пейілін ауыр дертті адамдардың айығуына арнаған абзал жанның еңбегі елесусіз қалмады. Бірнеше марапат биігінен көрініп жүр.

Түйін. Мемлекет басшысы Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейту тапсырылды. Міне, бұл мүмкіндік Айнұр секілді ауылдық жерде қызмет ететін сала мамандарына дем беретіні анық...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.



05 ақпан 2019 ж. 1 165 0