Қазақстанда көмір бағасы қаншалықты арзандады
2018 жылы еліміздің көмір өндіруші компаниялары 113,7 млн тонна көмір (көмір концентратын есептемегенде) өндірді. Бұл 2017 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 5,4 пайызға артық, деп хабарлайды "Жаңақорған тынысы" газеті ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Энергия өндіруші кәсіпорындарға 57,7 млн тонна көмір жөнелтілді. Бұл 2017 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 102,5 пайызды құрады. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 12,8 млн тонна көмір жөнелтілді. Бұл көрсеткіш 2017 жылға қарағанда 102,4 пайызды қамтыды», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінде.
Белгілі болғандай, есепті кезеңде 29,2 млн тонна көмір экспортталды. Оның деңгейі 2017 жылмен салыстырғанда 99,6пайызды құрады. 2019 жылғы 18 қаңтардағы жағдай бойынша жылдық жоспарға (2018 жылғы 1 мамырдан бастап 2019 жылғы сәуірге дейін) сәйкес, көмір қорымен қамтамасыз ету 96,4 пайызды қамтыды.
«Барлық өңірлер коммуналдық-тұрмыстық сектор және халық үшін көмір жеткізу кестесінің жылдық жоспарын уақытынан бұрын орындауда. Мысалы: Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды облыстары, Алматы және Шымкент қалалары - 100 пайыз, ШҚО - 99,8 пайыз; СҚО - 93,9 пайыз; Түркістан облысы - 98,2 пайыз; Ақтөбе обысы - 94,5 пайыз», - деп атап өтілген хабарламада.
Ақмола облысы мен Астана қаласына да көмір жеткізудің айлық жоспары уақытында орындалып келеді.
«Әкімдіктер мен көмір сатушылар арасында жасалған меморандумдар есебінен еліміздің барлық өңірінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен халыққа сатылатын көмірдің бағасы орташа есеппен 15-20 пайызға төмендеді», - делінген министрлік есебінде.
Пікір 1