Қазақстанда мұғалімдер 48 жасында зейнеткер атануы мүмкін
Қазақстанда мұғалімдер 48 жасында зейнеткер атануы мүмкін, деп хабарлайды "Жаңақорған тынысы" газеті «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Президент тапсырмасына сай әзірленген «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы ақпан айында депутаттардың қарауына түспек.
Талғат Серікқалиұлы, тілші: – Қазақстанда мұғалімдер 48 жасында зейнеткер атануы мүмкін. Бұл туралы «Қазақ үні» басылымы жазады. Яғни Білім және ғылым министрлігі «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасында 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздарды зейнетке ерте шығаруды ұсынып отыр. Яғни жоғары оқу орындарында оқыған жылдар еңбек өтілі болып саналатындықтан, мұғалімдер бұл әлеуметтік кепілдікке ие болу үшін 26 жыл үздіксіз мұғалім болып жұмыс істесе жеткілікті.
https://qazaquni.kz/2019/01/11/94573.html
Айгүл Мұқашева, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрағасының орынбасары: – Әйелдердің көбісі бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан кезде еңбек өтіліне кірмей қалады деп уайымдайды. Бала күтімімен отырған жылдар мұғалімнің педагогикалық еңбек өтіліне қосылады. Ұстаздардың психо-эмоционалды жүктемесі өте көп, олар көп шаршайды. Сондықтан тек қана мектеп ұстаздарына ғана емес, бүкіл білім беру ұйымдарында істейтін ұстаздарға бәріне бірдей 56 күн еңбек демалысы беріледі.
Талғат Серікқалиұлы, тілші: – Ел газеті «Егеменде» әркез өңір тынысы кеңінен қамтылатыны мәлім. Бұл жолы басылым Жамбыл облысын да адамдардың тұрмыс сапасын арттыруда айрықша маңызға ие балық шаруашылығында шешімін таппаған мəселе көп екендігі туралы тақырыпты көтерген. Қазіргі таңда облыста 115 су айдыны болғанымен, көпшілігі экономикалық əл-ауқатты арттыру бағытында жұмыс істемейді. Əулиеата өңірі балық шаруашылығымен аты шыққан жоқ, – деп жазады автор. Көлемді мақалада саланы дамытудың мүмкіндіктері жан-жақты сараланып, өзекті мәселенің шешімін табу мүмкіндіктері ортаға салынған.
https://egemen.kz/article/180255-balyq-sharuashylyghynda-masele-barshylyq
Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: – Өткен жылы өңірде 206 тонна балық ауланса, биыл 214 тонна балық ауланған. Су айдындарының əр бір гектарына 200 шабақтан жіберілуі керек. Жаңа жылдан бастап балық шаруашылығына мониторинг жүргізіледі. Нақты жоспар бойынша өндірілетін өнім көлемін алдағы уақытта ұлғайту міндеті тұр. Бұл мəселеге қаражат көздері де қарастырылған. Жамбыл өңірінде бұл мақсатқа жалпы көлемі 151 миллион теңге жұмсалады. Жоспарға сəйкес, ағымдағы жылы су қоймаларына 5 миллион, 2020 жылы 5,2 миллион, 2021 жылы 5,5 миллион шабақ жіберілмек.
Талғат Серікқалиұлы, тілші: – Еліміздегі ең жас облыс – Түркістан облысын түлетудің жай-жапсары аттас басылымда жарық көрген мақалада жан-жақты баяндалады. «Күн санап түлеген Түркістан» атты мақалада бұл өңірді дамытуға шет мемлекеттер де қолдау көрсетіп, инвестиция салуға қызығушылық танытып отырғаны айтылады.
https://turkystan.kz/article/75021-k-n-sanap-t-legen-t-rkistan
«Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республикада көш басында келеді. Мәселен, өткен жылы 482 млрд теңге қаржы құйылды. Енді тағы 4,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 26 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Қазір 12-сі іске асырылып жатыр. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын өнеркәсіп саласында соңғы 10 айда 3,7 млрд теңгені құрап, өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 100 пайызға орындалды».