Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АРДАҚТЫЛАР ҰЛЫҚТАЛСА, ЕЛ МЕРЕЙІ...

АРДАҚТЫЛАР ҰЛЫҚТАЛСА, ЕЛ МЕРЕЙІ...

     Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жерді түлеткен тұлғалардың есімін жаңғыртып, өскелең ұрпақа үлгі етуді айтқан болатын. Аққорғанда осындай міндетпен ұштасқан өрелі өнегесі бар шара өрбіді. Нақтысын айтқанда, ауылдық округтегі көшенің біріне Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Әсен Құлымбетовтың есімі берілді.
 
  Салтанатты шараға арнайы келген аудан әкімі Ғалым Әміреев алғы сөз алып:
– Әйгілі Аққорған төбенің шығысында Сауса деген көлдің жағасында дүниеге келді Әсен Құлымбетов қан қасап ашаршылықты өткеріп, сұрапыл соғысты да басынан кешірді. Одан кейінгі жылдары еңбек майданындағы атқарған өнегелі істері қаншама?! Тәуелсіздіктің тұғы­рын көтеруде де еңбегі елеулі. Ең бастысы, елдің татулық-бірлігін үндеп, аталы сөздерін айтып, қадірменді қария бола білді. Міне, Әсен Құлымбетовтың тұлғалық болмыс-бітімі, азаматтық қабілет-қарымы осындай еді, – деді.
Расында, мемлекеттік мүдде-мұрат жо­лында еңбек еткен Әсен ақсақалдың ғибратты ғұмыр-жолы жастарға үлгі-өнеге.
Ол белі бекімей, бұғанасы қатпай жатып аштықты көрді. Қуғын-сүргінге куә болды. Екін­ші Дүниежүзілік соғыста фашистік Гер­мания мен милитаристік Жапониямен жүр­гізілген майданға қатысты. Одан кейін еңбек майданына белсенді кірісіп, Талап совхозында қарапайым малшыдан бөлімше меңгерушілігіне дейін өсті.
   ХХ ғасырдың 70 жылдары Түгіскен тыңын игеруге басшылық жасаған Зұлпыхар Мұсаханов Құлымбетовты жаңадан ұйымдасып жатқан егіс фермасына меңгеруші етіп жібереді. Ол кезде күріштен шыққан суды жіберетін арық болмай, дихандар тығырыққа тіреле-тін. Жаңа басшы бірінші осы мәселені қолға алады. Өйткені, бала кезінен Саусаны түлету оның негізгі арманы болатын. Сондықтан Саусада күріш егу ісін шабыттана қолға алады.
  Әсен Құлымбетов Түгіскен таңын игеруде ептілігін, іскерлігін көрсетіп, совхоз жұмысы өрлеуіне атсалысты. Ұрпағына өнегелі тәрбие, саналы білім берді. Қазір одан негіз алған 12 ұл-қыздан тарайтын 47 нөмере мен 13 шөберенің ортасында өзіндік орны бар азаматтар.
Жалпы, әрдайым аталы сөзін айтып, елдік мәселелерге бей-жай қарамайтын қария жайлы "Саусаның саңлағы" атты кітап жарық көрген. Қаламгер Нұрлат Байгенженің қаламынан туған туындыда Әсен Құлымбетовтың аза­маттық қабілет-қарымы, тұлғалық болмыс-бітімі жан-жақты суреттелген...
  Салтанатты шара барысында «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» Аманкелді Абдул­лаев пен Зинабдин Шермағамбетов естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Ильясов, аудан­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдахмет Ибрагимов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ардақты тұлғаны дәріптейтін шараның мән-мазмұнына тоқталды. Ел ағалары Мадияр Ахметов, Серқожа Ыдырысов, Ізатілла Нәрзілдаев Ә.Құлымбетовтың қажырлы еңбек жолын баяндады.
  Одан кейін Аққорған ауылдық округінің әкімі Сардармұхаммедәлі Садықов Әсен Құлымбетовтың атына берілген көшенің шешімін оқып, оны көше комитетінің төрағасы Нағызхан Әбутәліповке табыстады.
Салтанатты шараның соңын ала аудан әкімі Ғалым Әміреев, Аманкелді Абдуллаев, Ерғали Ильясов, ауданның бас имамы Сейдулла қажы Омаров, еңбек ардагері Айша Наубаева көше аты жазылған ескерткіш тақтаның лентасын қиды.
Ардагер есімін беру салтанатының соңы «Дана» мейрамханасындағы асқа ұла­сып, Құран оқылып, жиналған көпшілік естеліктерімен бөлісті.
– Әкемнің ел арасында абырой-беделі өзінің еңбекқорлығы мен бейнетсүйгіштігінің арқасында келгені аян. Оның от ауызды орақ тілімен айтылған талай мәселесі шешімін тауып, ел игілігіне жарағанын жұрт біледі... – деді ардагер ұстаз Ермағамбет Құлымбетов.
Шынында, Әсен Құлымбетұлы жаңалық­құмар, зердесі ашық, көкірегі ояу тұлға еді.
Бұл жөнінде ұлы Ерекең былай еске алады:
 «Бұрын пошта қызметі онша жолға қойылмаған кез. Үйге барсам, көкемнің қабағы кірбін тартып отыр екен.
– Тыныштық па? Біреуге ренжіп отырсыз ба? – дедім.
– Балам-ай, «Жаңақорған тынысына» жазылдым. Алайда басылым уақытылы келе бермейді, – деді.
– Көке осыған бола ренжуге бола ма? – дедім.
– Енді менен ғалым шықпас. Ондай уақыттан өтіп кеттім. Бірақ, өмірдің ағымынан, қоғамның тынысынан хабардар болып отырғаным дұрыс емес пе? Сондықтан уақытылы газетпен танысып отырсам оның несі айып? – деді.
  Әкем сөздің шешені ғой! Сөз тапқанға қолқа жоқ дегендей, оның айтқан дәйекті сөзіне ұтылғанымды іштей мойындап:
– Онда мектепке келетін газетті жіберіп тұрамын, – деп көңіл-құсын ұшырғандай болып кеттім. Арасында ауылға газет кешігіп келгенде, үйге қоңырау шалып, «газет қашан келеді?» деп жаңалық құмар көңілімен сұрайтыны бар еді әкемнің» дегені көкейімде қалды.
Сонымен, Түгіскенде тәлімі мен тағылымы мол шара өткеніне куә болып қайттық деп айта аламыз...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
09 қаңтар 2019 ж. 894 0