№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ЖАСТАР ЖЫЛЫ: 200 КҮНДЕ НЕ ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

ЖАСТАР ЖЫЛЫ: 200 КҮНДЕ НЕ ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

     Ел ертеңіне көз салсақ, бүгінгі аға буынның келесі ізбасары – жастар. Сайып келгенде, жас буынның бойындағы белсенділік, жаңа бастамашылдық – өсудің, өркендеудің нақты көрінісі. Елбасы үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды назардан тыс қалдырған емес. Президент Жарлығымен 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Ендігі кезекте, «Жастар жылы» не атқарылуы тиіс? Қандай түйіткілді мәселелерге басымдық берген абзал? Әрине, Үкімет деңгейінде атаулы жыл аясында кешенді жоспар-жобалар жасалынып, Жол картасы әзірленіп жатқанынан хабардармыз. Алайда кейбір атаулы күндер секілді ұрандатып, жалаулатып – конференция, флешмоб, форум өткізудің маңыздылығы қанша? Қыстың күні қырауда күртешесінің сыртынан футболканы кигізіп, жастардың жалынды жігерін флешмобқа пайдаланғаннан гөрі, пайдалы іске баулаған дұрыс. Хош. Бүгін қаңтардың төрт күні өтті. 2019 жылы мереке мен демалыс күндерін қоса есептегенде 119 күн демалады екенбіз. Оған 39 күндік еңбек демалысын қоссаңыз 158 күн шығады. Енді 365 күннен 158-і азайтсақ, 207-і жұмыс күні қалады. Ал, «Жастар жылына» қатысты жоба-жоспар бекіп, шаралардың теңгесі тендерге түсіп, үйлестіруші қоғамдық бірлестіктің қолына қаржы тиемін дегенше, 1-2 ай уақыт тағы өтеді. Жәә...осы жерден тоқтап, нақты «Жастар жылы дегенді қалай түсінеміз, оның мақсаты не, жастардың бүгінгі бетпе-бет келіп отырған мәселесі қандай?» деген сұрақтарға жауап іздесек.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ЖАЙЫ

Жақында желіден, «мамамдық» деген терминді көзім шалып қалды. Бұл қандай тіркес екен деп дереу анықтамасын оқыдым. Сөйтсем, «мамамдық» дегеніміз – мектеп бітіруші түлектің мамандығын мамасы таңдап беретін үрдіс екен. Расында, астарлы әзілдің астарында зіл жатыр. Жүрек қалауымен емес, ата-ананың айтқанымен икемі жоқ мамандықты таңдап, соңыра сұранысқа сай болмай, жұмыссыздар санатының санын арттырады. Бір ғана мысал келтірсек, ресми дерек көзіне жүгінсек, 2003-2014 жылдар аралығында Қазақстанда 250 мыңға жуық заңгер дайындалыпты. Яғни, бұл жоғарғы оқу орны мен орта арнаулы колледж бітірушілері. Одан кейінгі қатарда экономистер қауымы көш бастап тұр. Себебі, қоғамда заңгер мен экономист мамандығын тәмамдасаң жұмыссыз қалмайсың деген түсінік қалыптасқан. Десе де, жоғарғы оқу орнын тәмамдап, табақтай диплом алғаннан кейін мамандығы бойынша жұмыс тауып кететініне жастар жүз пайыз сенімді емес. Соңыра, көке-жәкесін іздеп, тамыр-танысты жағалайды. Не болмаса, «Күзет» формасын киіп, мекеме қарауылдайды. Ол жұмыста табылмаса, көк жигулиді мініп, такси қызметіне көшеді. Бұл бүгінгі қоғамның болмысы. Мемлекет кәсіптік техникалық білім алуды тегін қылып, жастардың келешегіне қолдау көрсетсе де, жас буын заманауи білім алуға асығар емес.
Осы тұста айта кетерлігі, «Zhas Project» жастар жобасы өткен жылдың жарқын жемісі болды. 68 жоба жеңімпазы миллионер атанып, замандастарын жұмыспен қамтыды. Жобаның да мақсаты – жұмыссыз жүрген жастардың кәсіп ашып, ісін өркендетуге бағытталған. Яғни, жастардың өзін-өзі жұмыспен қамтып, қоғамдағы орнын табуға дем берді. Енді міне, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап, «Zhas Project» жастар жобасының мерзімі аяқталады. Ары қарай 68 жоба жеңімпазы бастаған кәсібін қаншалықты жалғастырады? Маңыздысы осы. Ауыл әкімі мен «Жастар ресурстық орталығы», аудандық кәсіпкерлік, туризм және өнеркәсіп бөлімі, аудандық кәсіпкерлік палатасы қандай қолдау шараларын көрсетеді? Бастаған кәсібінің орта жолда тұралап қалмасы үшін қаржылай демеу қашанда қажет жас кәсіпкерлерге.

БОС УАҚЫТТЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ

Қыс ауасы қаладан ауылға қайтқан кейбір жастардың жұмыссыздықтан тауы шағылып, түрлі қылмыстық әрекеттерге бой алдырып жататыны жасырын емес. Олардың бос сенделіп жүрмесі үшін тиімді жобалар қабылдап, соның аясында жұмыс жасалса игі. Әйтпесе, букмекерлік кеңселерді жағалайтын жастар саны жыл санап артып барады. Бұл бағытта аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Әкімбек Әлібектен 2019 жылы «Жастар жылында» Жаңақорғанда атқарылатын кешенді іс-шаралар жобасымен таныстық. Әлі бекітілмеген жобада жастарға бағытталған 72 іс-шара енгізіліпті. Оның қатарында; Жастарды табысты әлеуметтендіру үшін қажетті инфрақұрылым құру қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету. Екінші, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту денсаулықты сақтау және нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Үшінші, Бұқаралық спортты дамыту жастарды еңбекке ынталандыру, жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту үшін жағдай жасау қаржы сауаттылығын арттыру және жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дамыту. Төртінші, жастар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту және жас отбасыларды қолдау құқықтық мәдениет деңгейін арттыру. Бесінші, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке тәрбиелеу дарынды жастарды дамытуға қолдау көрсету жастар медиаресурстарын дамыту және қоғамдық пікір көшбасшыларын, блогерлерді, вайнерлерді мемлекеттік жастар саясатын жария етуге кеңінен тарту. Жаңақорған жастарына бағытталған жобаның бісмілләсі «Жастар үйін» және «Жастар аллеясын» ашу мүмкіндіктерін қарастырудан басталыпты. Бізді қызықтырғаны жастардың қаржылық сауатын арттыру мен кәсіпкерлік мақсатта қолдау көрсету.
– 2019 жыл Елбасы Жарлығымен «Жастар жылы» деп қабылданды. Бұл біздер үшін үлкен қолдау. Әрине, бұған дейін мемлекет тарапынан жастар қауымын жұмыспен және тұрғын үймен қамту мақсатында бірқатар бағдарлама қабылданып, нәтижелі жұмыс жасап келеді. Оның ішінде; «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға», «Жастар кадрлық резерві» тағысын тағы. Сәтін салса, «Жастар жылы» аясында жастардың кәсіпкерлік бағыттағы жұмысын жандандыру үшін біздің орталық бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ ниетте. Мәселен, аудан көлемінде жастар кәсіпкерлігін қолдау бағытында гранттық жоба әзірлеу, аудандық бизнес-жобалар байқауды өткізу, NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеу және өмірге қажетті дағдыларды үйрету мақсатында «Үйрен» жобасын ұйымдастыру. Оған қоса, «Сиқырлы SMM» ауыл жастарына интернет бизнесті, әлеуметтік желідегі дұрыс жарнаманы жүргізуді үйрету «Жаңа толқын100+» стартап жобалар байқауы сынды жас буынға мотивация беретін маңызды шараларға басымдық беруді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған шаралар легі жетерлік, – дейді орталық директоры Әкімбек Әлібек.

ЖАС ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫН ДЕМЕУ

Президент Жарлығында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығына айналуы тиіс екенін айтқан болатын. Олай болса, отбасының әлеуметтік институт ретіндегі мәртебесін арттыру, оның мызғымас құндылықтарын дәріптеу, соның арқасында бұзылған некелердің санын қысқарту – мемлекеттік маңызы бар іс. Өйткені, соңғы жылдары Қазақстан жұптары жараспаған жас отаулардың айырылысу көрсеткіші көңілге қаяу түсіруде. Бұған не себеп? Көп жағдайда себепті тұрмыстық қиындықтардан іздейміз. Иә, үй-жай, тұрақты жұмыс болмағандықтан жұптар жараспай жатады. «Үйі жоқтың көңілінде алтын сарай жүреді» демекші, баспаналы болу – үлкен бақыт. Жасыратыны жоқ бүгінде Жаңақорғанда жер телімін алғысы келетін жастар көп. Олар шабандап қалған жер кезегін күтіп, әбден шаршаған. Мәселен, Жаңақорған кенті аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға 5000 адам кезекте тұр. Оның көпшілігі жастар. Жер алып, үй соғайын десе, ұлтарақтай жердің құны шарықтап тұр. Мәселен, «Жаңақорған тынысы» аудандық газетіне жарияланған «Жер сатылады» деген хабарландыруларды сараптай келе, «Саяжай», «Май бекеті» мөлтек ауданында 10 соттық жер телімінің бағасы 400 мың теңгеден бастап, 500-700 мың теңге көлемінде болса, «Ипподром» аумағында 1-1,5 миллион теңге төңірегінде сатылатын жерлер бар екенін білдік. Яғни, 700 мыңға жер алып, екі-үш бөлмелі баспана соғу үшін 3-4 миллион қаржы керек. Осы бағытта «Жастар жылы» аясында жас отбасы институтын қолдау мақсатында қандайда бір тиімді тетігін табу жолын қарастырса. Әрине, 2010 жылдан бастап, бүгінгі таңға дейін аудан бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде 500-ге жуық жас маман тұрғын үйге қол жеткізген. Мұны жоққа шығармаймыз. Алайда, бұл бағдарламаға шартына сай келмейтін қаншама жас мамандар жер кезегін күтіп, уақыт өткізуде.
Түйінсөзді «Жас келсе – іске» деген тәмсілімен тәмамдасақ. Мемлекет әсіресе, креативті жас буыннан көп үміт күтеді. Әрі оған қамқорлығында аяған емес. «Жастар жылында» аға ұрпақтың жасампаз істерін жалғастыруда жалынды жастарға жүктелер жүк жеңіл еместігі айқын. Десе де, ең бастысы – 2019 жыл жалаң сөз, жаттанды ұраннан құрылмай, жастардың нақты өзекті мәселелерінің шешімін табатын жыл болса игі.

Әбдісамат ӘБДІШ.
04 қаңтар 2019 ж. 1 279 0